Accessibility links

Ресей қазақтары: Назарбаев университеті ашылғанымен, қазақ тілінің дамуына 40 жыл керек


Ярково селосында тұратын қазақ Қапа Айдарханұлы. Новосибирск облысы, қыркүйек, 2010 жыл.
Ярково селосында тұратын қазақ Қапа Айдарханұлы. Новосибирск облысы, қыркүйек, 2010 жыл.

Ресейдің Новосибирск аймағында тұратын қазақтар үшін ана тілінен ажырап қалмау өзекті проблема болып отыр. Сонымен бірге, олар Қазақстанның өзінде қазақ тілі заңды мәртебесіне сай толыққанды қолданысқа енуі үшін жарты ғасыр керек деп санайды.


Ресей Федерациясы Новосибирск облысында тұратын қазақтар ұрпақтарының ана тілінен ажырап бара жатқанына алаңдайды. Байырғы қонысын тастағысы келмейтін қарттар жағы балаларының Қазақстанға барғанын қалайды. Оның бір себебін, Ресейде өзге ұлт өкілдерінің жұмыс бабында өсуіне жасырын кедергілер барымен түсіндіреді.


ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДЕ ТАМЫР-ТАНЫССЫЗ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ МҮМКІН ЕМЕС

Ғабдумұталап Болатов Новосибирск облысындағы Ярково селосында тұрады. Бұрын мал дәрігері, экономист болып жұмыс істеген, жоғары білімді маман кезінде ет, сүт өнімдерін өндіру ісінде атқарған жұмысы үшін Ресей Федерациясына еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері атағын да иеленіпті. Ал совхоз-колхоздар жойылған соң ол өзінің жеке кәсібін ашып, қазір сонымен айналысып жүр.

– Қазақстанда жұмыс болса барар едім. Бірақ ол жақта жұмыс табу оңай емес. Дегенмен немерелеріміздің болашағы үшін сол жаққа баруымыз керек деп ойлаймын. Өйткені, мұнда, әрине, ашық болмаса да, қызмет бабында өзге ұлт өкілдеріне қырын қарайтыны
Ярково селосында тұратын қазақ Ғабдумұталап Болатов. Новосибирск облысы, қыркүйек, 2010 жыл.
соңғы кезде аңғарылып келеді, – дейді ол.

Ғабдумұталап Болатовтың екі қызы да жоғары білімді мамандар, бірі - қаржыгер, екіншісі - заңгер.

– Үлкен қызым баламен үйде отыр. Ал екіншісі заңгер, институтты қызыл дипломға тәмамдады. Бірақ ол судьяның көмекшісінен ары аса алмайды, себебі, «блатымыз» жоқ, – дейді отағасы.

«Блатсыз» жақсы табысы бар жұмысқа орналасудың қиын болатындығын Ярковода тұратын басқа қазақтар да айтып отыр. «Блатың» болуы үшін «пара беру керектігін» түсіндірді олардың бірі.

Тұрғындардың сөзінше, Ресейде айына тұрақты 20 мың рубль жалақысы бар жұмысқа орналасу үшін 200 мың рубль беруің керек. «Бұл Қазақстан үшін үлкен ақша болып көрінер, бірақ мұнда ол түкке тұрмайды» дейді жергілікті қазақтар.

Сонымен бірге ондағы қазақтар жақсы жұмысқа орналасу үшін Қазақстанда да біреуге ақша беру керектігінен хабардар екендігін айтады.


«СІБІР - ҚАЗАҚТЫҢ ДА ЖЕРІ»

2002 жылғы санақ қортындысы бойынша Новосибирск облысында 20 000 қазақ болған. Оның сегіз мыңы қаланың өз басында, ал қалған 12000 қазақ аудан-селоларда тұрып жатыр. Новосибирскіні ата-баба мекені санайтын жергілікті қазақтар «өз жерімізден Қазақстанға үдере көшу ойымызда жоқ» дегенді айтады.

Ярково селосының тұрғыны 76 жастағы Қапа Айдарханұлының айтуынша, мұнда 80-ге жуық қазақ отбасы бар. Олардың дені зейнеткер қариялар. Ал балалары Новосибирскіде жұмыста, үй-жайлары да сонда.

Қапа Айдарханұлы теледидарды қалт жібермей, Қазақстанның өмірін жіті бақылап
Новосибирсктегі қазақ бизнесмені Төлеуғали Мимекеновтың үйінде Ораза айт дастарханына жиналған жергілікті қазақтар. Қыркүйек, 2010 жыл.
отыратыны оның әңгімесінен байқалды. Қария биыл күзде Астанада Назарбаев университетінің ашылғанынан да хабардар екен. Алайда ақсақал Қазақстанда жақын бес-он жылда қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тілге айналып кетеріне күмәнмен қарайды.

– Ол үшін әлі кем дегенде 40-50 жыл керек. Қазақстандағы қазақтар орысша сөйлегенде орыстардың өзін жолда қалдырады. Мен қанша айтқанмен тумысымнан орыстардың ортасында өмір сүріп келемін ғой, құлағым кімнің қалай сөйлегеніне жақсы баға бере алады, – дейді Қапа Айдарханұлы.

Сонымен бірге қария ауызбірліктің жоқтығы, рушылдық пен адамдарды атақ-дәрежесіне бола бөле қарау сияқты келеңсіз құбылыстардың ұлт болашағына қауіп төндіретінін де ескертіп өтті.

Әйтсе де ақсақал Ресейдегі қазақтардың балалары ана тілі мен түп-тамырынан біржолата ажырап қалмас үшін Қазақстанға баруы керек деген пікірде.

– Мұндағы көне көз қариялар ғана қазақ тілінде сөйлейді. Ал бала-шаға негізінен орысша тілдеседі. Қазақтар шоғырланған Қарасұқ ауданында жеті жылдық қазақ мектебі бар еді, ол да жабылды. Сондықтан балалардың елдің ортасына қарай көшкендері жөн. Бұл жақта жүріп қазақ тілін сақтап қалу екіталай, – дейді Қапа Айдарханұлы.

Ал бірақ өзі тәрізді жасы ұлғайғандардың енді кәрі сүйектерін Қазақстанға сүйреп, көше алмайтындығын да жасырмайды. «Өйткені, Сібір – қазақтың да жері және мұнда ата-бабамыздың сүйегі жатыр», –- дейді қазақ қариясы.


«КЕЙПІ ҚАЗАҚ БОЛҒАНЫМЕН, БОЛМЫСЫ БАСҚА»

Новосибирскіде «Арман» қазақ ұлттық-мәден автономиялық орталығы жұмыс істейді. Орталық тіпті биыл муниципалитеттен бөлінген 120 мың рубль арнайы грантқа да ие болыпты.

Орталық жетекшісінің орынбасары Дүйсен Жүнісовтың айтуынша, ана тілін сақтап қалу –
«Арман» қазақ ұлттық мәдени орталығы жетекшісінің орынбасары Дүйсен Жүнісов. Новосибирск, қыркүйек, 2010 жыл.
жергілікті қазақтар арасындағы өзекті проблемалардың бірегейіне айналып отыр.

– Мұнда жексенбілік қазақ тілін үйрету мектебін ашып, осында оқып жатқан қазақстандық аспиранттарды көмекке шақыру бастамасымен шыққан едік. Бұл екі жаққа да тиімді болар еді, яғни аспиранттар қаржы тапса, ресейлік қазақтар тілдерін ұштайды. Өкінішке қарай, жергілікті қазақтардың ана тілін үйренуге белсенділігі бәсең. Себебі, қазірде олардың сырт кейпі қазақ болғанымен, болмыстары басқа, – дейді ол.

Дүйсен Жүнісов шеттегі қазақтардың рухани мұқтаждықтарын өтеуге Қазақстан үкіметі мемлекетаралық деңгейде қолғабыс етсе деген өтінішін де жеткізді.

– Қазақстанға барсаң орыс тілінде телеарналар сайрап тұр, басылымдар да жеткілікті. Сондықтан Қазақстан үкіметі, интеграция идеясын дамытқысы келсе, Ресейдегі қазақтар диаспорасына қазақ мектептерін ашу, теледидардан уақыт бөлу арқылы қолдау жасағаны жөн, – дейді Дүйсен Жүнісов.
XS
SM
MD
LG