Accessibility links

Назарбаевтың Путинге «жауабы» көп жазылды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен амандасып тұр. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен амандасып тұр. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл.

Ресей президенті Путиннің «қазақ мемлекеті болмағанын» айтқан сөзінен кейін ресейлік БАҚ, іле-шала интернет Қазақстан президенті Назарбаевтың «Еуразиялық одақтан шығатынын айтып қорқытқанын» жаза бастады.

Ресейдегі көптеген танымал бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамыздың 30-ы күні Астанада «Хабар» телеарнасына берген сұқбатында Ресей және Беларусьпен бірігіп құрған, Мәскеу басқаратын Еуразия экономикалық одағынан (ЕЭО) өз елінің шығуы мүмкін екенін мәлімдегенін хабарлады.

Ресейлік БАҚ президент Назарбаевтың «Астана ешқашан Қазақстанның тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін ұйымның құрамында болмайды» дегенін жазысты.

Бірақ кейбір БАҚ Қазақстан президенті мәлімдемесін Ресей президентінің 29 тамызда өткен «Селигер-2014» бүкілресейлік жастар форумында айтқан сөзімен байланыстырмағанын жазады. Ол форумда Украинадағы дағдарыс жағдайында Қазақстан жайлы сауалға жауап берген Владимир Путин: «Ол (Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) ерекше нәрсе жасады. Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтардың ешқашан мемлекеттілігі болмаған еді» деген.

Ресей оппозициясының кейбір өкілдері Путиннің бұл мәлімдемесін сынаған.

Ресей президентінің сөзі Қазақстандағы әлеуметтік желілерде қарсылық туғызды. Twitter-дегі «Путинге тарих оқулығын жібер» акциясы басталғанын хабарлаған жазба жүз шақты рет көшіріліп жарияланды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамыздың 30-ында Қарағанды облысына барған. Жергілікті БАҚ та, президенттің баспасөз қызметі де ол сапарда Назарбаевтың «Қазақстан ЕЭО-дан шығатыны» жайлы айтқанын хабарлаған жоқ.

Назарбаев жуырда ЕЭО жайлы пікірін тамыздың 24-і күні Ұлытауда «Хабар» телеарнасына берген сұқбатында айтқан. Ол ЕЭО келісімінде жазылған шарттар орындалмаса, Қазақстанның ол ұйымнан шығатын хақы бар екенін айта келе: «Мен бір рет айттым, тағы қайталап айтам, тәуелсіздікке нұқсан келтіретін болса, ондай ұйымдарда Қазақстан ешуақытта болмайды. Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – тәуелсіздік» деген.

Бірақ «Назарбаев Путиннің мәлімдемесінен соң, тамыздың 30-ында елінің ЕЭО-дан шығатынын айтты» деген қауесетті басқа БАҚ та жариялап жатыр. Қазақстан президентінің баспасөз қызметі бұл жайлы ешқандай мәлімдеме жасамады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG