Accessibility links

Балабақшадағы 23 ақпан әлеуметтік желіні тіксінтті


Петербургтегі балабақшадағы отан қорғаушылар күні рәсімі видеосынан алынған скрин-шот.

Петербургтегі балабақшадағы отан қорғаушылар күні рәсімі видеосынан алынған скрин-шот.

Ресейде балалардың қолдарына қару макетін ұстап суретке түскен отан қорғаушылар күні шарасы әлеуметтік желіде қатты сыналды.

Ресейде балбақшалардың бірінде 23 ақпан отан қорғаушылар күні аталып өтті. Ата-налардың бірі қару макеттерін әкеліп, 5 жастағы балалар соны қолдарына ұстап суретке түскен. Бұл шара әлеуметтік желіде сынға ұшырады.

Бірақ оқу орны әкімшілігі мен әскери белсенділер «балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеп, тарихын білсін дедік» деп ақталды.

Ана-аналардың мектепке барып, өз мамандығы жайлы әңгімелейтіні жаңалық емес. Заңгер, инженер немесе суретші мамандығы туралы жете білу үшін мамандық иесінің өз аузынан естіген жөн ғой. Санкт-Петербургтің Приморск өлкесінің №69 балабақшасының ата-аналары да солай ойлады.

«ИНТЕРНЕТТІҢ ҚУАТЫ»

Ересек топтағы бір баланың әкесі, майор Виталий Стаценко 23 ақпан – отан қорғаушылар күнінде арнайы шара өткізбек болғанда басқа да ата-аналар оны қуана қолдады. Стаценконың өзі Петербург жастары үшін әскери шаралар ұйымдастыратын «Красная звезда» әскери-патриоттық ұйымының мүшесі екен.

Балабақшадағы шараға Стаценко Калашников автоматын, реактивті граната атқыштың макетін, тіпті противогазға дейін алып барған.

Таныстырылым жасап болған соң балалар суретке түседі, көбі қару ұстап, спорттық сарғыш-жасыл түсті касканы киіп алады. Шара ың-шыңсыз тыныш өтеді. Бірақ кейін ата-аналар әлеуметтік желіге балаларының қару ұстап түскен суреттерін салады.

Бұның бәрі балаларға мамандық туралы түсініктеме беру үшін жасалған.

Көпшілік ауыр қару асынған 5-6 жасар балаларды "Ислам мемлекеті" мен "Боко Харам" сияқты экстремистік топтарға қосылған адамдардың балаларымен салыстырып, пікірлерін жазып жатады. Ал жергілікті «Фонтанка. ру» сайты балабақша «жасақшылар күнін» өткізді деп жазды.

Орыс тілінде «ополченец» деп аталатын бұл термин Шығыс Украинадағы ресейшік әскерилердің синонимі тәрізді болып кеткен. Наразылық өрши берген соң Приморск ауданының билігі балабақша директоры Маргарита Иванованы түсініктеме беруге шақыртты. Иванова Азаттық радиосының Орыс қызметіне сұхбат беруден бас тартты.

Бірақ аудандық білім бөлімінің басшысы Валентина Левская «Бұның бәрі балаларға мамандық туралы түсініктеме беру үшін жасалған» деп ақталды.

- Ата-аналардың біразы шараға қатысты. Кейін олар шарада түсірген суреттерін әлеуметтік желіге салды. Аты-жөнін атамай-ақ қояйын, бір әйел қызының тапанша ұстап тұрған суретін желіге шығарыпты. Әскери ұшқыш атасы қуансын деп салған екен. Бірақ ол интернеттің сонша қуатты екенін түсінбеген ғой, - дейді Валентина Левская.

БАЛАЛАРҒА ӘСКЕРИ ТӘРБИЕ ҚАЖЕТ ПЕ?

«Красная звезда» ұйымы төрағасының орынбасары Юрий Дореженский қоғамдық реакцияға келіспейді.

- Олардың пікірі қате. Менің атам Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысты. Ата тәрбиесін алуға үлгермесем де, өзімнің әскери адам болатыным әу бастан-ақ белгілі еді. Кішкентай кезімізде бәріміз солдат болып ойнадық қой. Сол енді жаман ба? Балаларды қазірден отансүйгіштікке тәрбиелеу керек. Әйтпесе, көрші елдегі жағдай тәрізді болады, - дейді ол.

Жас балаларға қару ұстанып, сабақ үйрету – бұрынғы советтік елдер үшін жаңалық емес. «Әскери дайындық» деп аталатын пәнде Калашников автоматы тәрізді қаруды қолдану үйретіледі. Ал жақында Қазақстанда сабақ үстінде граната жарылып, бір студент опат болғаны белгілі. Кіп-кішкентай балаларды әскери базаларға апарып, әскери өмір негіздерін үйретеді.

Министрлік ондай шараны қуаттамаған. Ал Стаценкомен тәрбие жұмыстары жүргізілетіні белгілі болған.

Дореженский «көңілсіз, мағынасыз» тарих кітабын оқығанша, елдің әскери тарихын тәжірибелік тұрғыда үйреткен дұрыс дейді. «Біз балаларға қару қолдануды үйретпейміз, оны әскерде үйренеді» дейді ол.

- Бірақ мен балаларға Мосин винтовкасын көрсетіп, 1915 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде саны аз ресейлік әскердің Осовец қаласындағы немістермен шайқасқан "өлілер шабуылы" туралы айтып беремін. Токаревтің мерген мылтығын алып, советтік мерген Людмила Павлюченко жайлы баяндаймын, - дейді Дороженский.

Оның пікірінше, тұтас ел мақтанышпен еске алатын даталар бар, соны балалар білуге тиіс. «Оқушылардан Ауғанстаннан совет әскерін шығарған 15 ақпан туралы сұрасаңыз – 50 пайызы "Әулие Валентин күні" дейтін болар» дейді ол.

Дегенмен де, осы оқиғадан соң №69 балабақшада әскери сабақтар өтпейтін тәрізді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Левская «әрине, оларға әскери өмірдің әліппесін басқаша үйреткен дұрыс еді» дейді.

- Мекеме басшысы бізге келсе, оның әдістемесін талқылар едік. Тәрбиешілер де ата-аналарға бұндай сабақтың балабақшаға лайық еместігін айтуға тиіс еді. Мектеп үшін жақсы әдіс, ал балабақшаға жарамайды, - дейді ол.

"Фонтанка" интернет газеті қорғаныс министрлігінің балабақшадағы оқиға туралы пікірін білгенде, министрлік ондай шараны қуаттамаған. Ал майор Стаценкомен тәрбие жұмыстары жүргізілетіні белгілі болған.

(Татьяна Вольтская мен Дейзи Синделардың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG