Accessibility links

Ресейдегі халық санағының ұлттық санаға әсері


Бүкілресейлік халық санағының өткізілуіне қарсы шара. Татарстан, 10 тамыз 2010 жыл.

Бүкілресейлік халық санағының өткізілуіне қарсы шара. Татарстан, 10 тамыз 2010 жыл.

Ресей Федерациясында 12 күнге созылатын халық санағы көптеген ұлттар мен ұлыстар үшін ұлттық сана-сезімге әсер ететін шараға айналғандай. Бірақ санақ дұрыс өтпей қала ма деген қауіп те жоқ емес.


Биліктегілер 2010 жылғы Бүкілресейлік халық санағында осыдан сегіз жыл бұрынғы санақта жіберілген қателіктерді қайталамауға тырысып отыр. Өткен санақта кеткен жаңсақтықтарды түзеп, оның нақтыланған деректерін санақ органдары тек араға бірнеше жыл салып жариялаған еді.

Халық санағы сияқты ауқымды жұмыстардың әдетте күрделі шара екендігін байқататын жайттар осы жолғы санақтың алғашқы күндерінде де кездесті.

БЕСІНШІ ТАРМАҚ

Татарстан астанасының орталық алаңындағы татар ұлтшылдарының шеруі Бүкілресейлік халық санағы кезінде татарларды бірігуге үндеген ұранмен өтті.

Чуваш конгресі президиумының халық санағына қатысудың маңыздылығы жөніндегі жолдауында да ұлттық сезімді қыздыратын сөздер бар.

Президиум халық санағын чуваштардың ұлттық патриотизмімен байланыстырған. Жолдауда: «Чуваш кетсе, әлем тіршілігін тоқтатады» немесе «Чувашпын деп жазылсаң, қалтаңдағы ақшаңның есебі болмайды», болмаса: «Ей, чуваш халқы! Құрып кетуге жол берме!» – деген сөздер бар.

Адыгейлер президенті Аслан Тхакушинов өзінің арнайы жолдауында «бұл санақ біздің ұлттық санамыз жайында мәлімдеуімізге мүмкіндік
Санақшы жергілікті тұрғынның мәліметтерін санақ құжатына түсіріп жатыр. Владивосток, 14 қазан 2010 жыл.
береді» деп айтты.

Елдегі халық санағы кезінде көптеген дау-дамай өздері жайында шынайы дерек берілгенін қалайтын Ресейдегі аз ұлттарға байланысты туындайды.

Мысалы үшін 2,6 миллион адам тұратын Дағыстанды алайық. Солтүстік Кавказдағы бұл автономия түрлі ұлттардың ең көп шоғырланған жері. Тұрғындардың арасында негізгі саналатын 14 этникалық топ бар. Бұдан бөлек өз тілдерінде сөйлейтін ондаған туыстас ұлыстар бар. Көпшілігінің жазба тілдері де жоқ.

Олардың санағын жүргізу де, этникалық айырмашылықтарын анықтау да санақшылар үшін саяси және өзгедей қиындықтар тудырары сөзсіз.

Елдегі бүкіл тұрғын халықтың 80 пайызын құрайтын этникалық орыстар Ресейдегі ең басым ұлт болып отыр. Ал қалған 20 пайыздың арасында толып жатқан ұлттар мен ұлыстар бар. Бұған жаңағы Дағыстанның мысалы куә.

Ресейдің статистика жөніндегі федералдық қызметі – «Росстат» этникалық топтардың атауларына байланысты 1840 нұсқа ұсынып отыр. Бұл этникалық топтардың құрамында саны ең көп орыстардан бастап, шамамен бес мыңдай адамнан тұратын Дағыстандағы чамалал деген халық пен Ресейдегі ең саны аз халық саналатын Арктиканың түпкілікті ұлыстарының бірі энеттер де бар.

Биліктің ресми түрде мәлімдеуінше, Ресейдің барлық азаматтары анкетада өзі қалаған ұлтты таңдайды немесе ұлтын мүлдем жазбауға да ерікті.

Мұндай әдісті Солтүстік Кавказдағылар қолдайды. Өйткені олар халқының құрамы жөніндегі деректердің дәл, нақты болғанын қалайды.

ТАТАРЛАРДЫҢ ҚАУПІ

Бұның алдындағы санақ кезінде көптеген адамдар санаққа ілінбей қалған еді. Ал федералдық субсидиялар көлемі мен ұлттық қауымдастықтардың саяси өкілдіктерінің болуы – халық санына да тікелей байланысты.

Ал енді татарлар болса санақ кезіндегі егжей-тегжейлі тәптіштеу арқылы өздерінің нақты санын азайтып тастамақ деп қауіптенеді.

Ұлттар тізіміне татарлардың отыз тобы енеді. Олардың көпшілігі географиялық тұрған орындарына байланысты жазылған. Мысалы:
Бүкілресейлік халық санағының анкетасына жауап бергенде тұрғындар өз ұлтын қалауынша жазады. 16 тамыз 2010 жыл.
астрахань татарлары, нукрат татарлары, сібір татарлары деп кете береді.

Көптеген мұсылман татарлар Мәскеу мен Православ шіркеуі татарлар арасында ассимиляция саясатын жүргізіп отыр деп шағымданады. Осыған байланысты олар қай жерде тұрғандығына қарамастан татарлар халық санағында тек татар болып жазылуы керек деп есептейді.

Айтпақшы, санақ анкетасында адамның қай дінде екендігі жазылмайды.

Татарстандағылардың тағы бір алаңдайтыны, көрші Башқұртстанда татарларды башқұрттар деп жазып жіберуі де мүмкін. Өткен 2002 жылдың санағында дәл сондай жағдай болған екен.

Соңғы апталарда Башқұртстанның теледидары ежелгі башқұрт ауылдары туралы тұрақты түрде хабарлар бере бастады. Бұл ауылдарда башқұрттар жүздеген жылдардан бері тұрып келе жатыр делінеді әлгі хабарларда.

Ал Қазандағы татар тарихшылары басқаша айтады. Мысалы, Дамир Исхаков башқұрт теледидарында айтылған Татарстанмен шекарадағы Илеш, Дуртойле ауылдарында шындығында татарлар тұрады дейді.

Башқұртстан билігі осыдан сегіз жыл бұрынғы халық санағында жасағандарын қайталамақшы деген пікір де айтады Қазандағылар.

Осыған байланысты Дамир Исхаков Башқұртстанның шығыс аудандарында адамдардың татар тілінде сөйлегенін сонау 1930 жылдары-ақ башқұрт ғалымдары мойындағанын және бұған дәлел болатын мұрағаттық құжаттар да бар екендігін алға тартады.

ХАЛЫҚ САНАҒЫ ЖӘНЕ МИГРАНТТАР

Ресейдегі аз ұлттар проблемасымен қоса Ресейде жұмыс істеп жатқан жүздеген мың шетелдік мигранттар мәселесі де бар. Олардың бұл елде заңды немесе заңсыз жүргеніне қарамастан орталық үкімет оларды да санаққа алмақ ойда.

Биліктегілер бұл санақ әлдебіреулерді ұстау үшін жүргізіліп жатпағанына шетелдік студенттерді, еңбек мигранттарын және шетелдік өзге де азаматтарды сендіруге тырысады. Санақ жүргізушілерге адамдардың төлқұжатындағы деректерін жазуға тыйым салынған. Елшілік қызметкерлерінен өз отандастарын санаққа қатысуға үгіттеуді сұрап отыр.

Бірақ бұл уәделер еңбек мигранттарының алаң көңілін баса қоймасы анық. ТМД елдерінен келген бұл мигранттардың саны бес миллионнан асады. Негізінен заңсыз түрде келетін олар Ресейдегі жергілікті кез-келген ресми тіркеу дегеннен аулақтау жүргенді қалайды.

Тәжікстаннан келген мигранттардың жағдайы негізінен осындай. Ресейдегі тәжік қауымдастығы жетекшілерінің пікірінше, Ресейде шамамен жеті жүз мыңдай тәжік заңсыз тұрып жатыр екен. Тіпті Ресей азаматтығын алған көптеген тәжіктердің де санаққа қатысуға құлқы жоқ сияқты.

Әйткенмен халық санағын тиянақтап өткізгісі келіп отырған «Росстат» мекемесі санақ туралы ақпараттың 14 тілде таратылатындығы жөнінде хабарлады. Олардың ішінде әзірбайжан, тәжік, қырғыз, ағылшын, қытай, түрік және вьетнам тілдері де бар.

ЕҢ БАСТЫ СҰРАҚҚА ЖАУАП

Осы айтылғандардың барлығы тек 2011 жылдың сәуір айында, санақтың бүкіл қорытындысы жасалып болған соң ғана жарияланады. Ресми жоспар бойынша сол кезде тек ел халқының құрамы мен саны ғана белгілі болып қоймайды. Бұдан бөлек, сұрау салынғандардың табыс мөлшері, олардың білімі, тұрғын жайы туралы деректер беріледі. Анкетада тұрақ жайдың бірнеше нұсқасы берілген. Онда жеке үйден бастап жатақханаларға, киіз үй мен баржаларға дейін бар.

«Росстат» басшысы Александр Суринов бұл халық санағы Ресейдегі «Біз кімбіз?» деген негізгі сауалға жауап беруі керек деп есептейді.

Бүкіл ел бойынша халық санағын жүргізуге 600 мыңнан аса санақшы қатысады. Олардың барлығында арнайы көк түсті сөмке мен көк
Халық санағына мәлімет жинауға милиция қызметкерімен бірге келген санақшы жергілікті тұрғынға өз құжатын көрсетіп тұр. Кемеров, 14 қазан 2010 жыл.
түсті мойын орағыштары бар.

Санақшылардың арасында студенттер көп. Олар санаққа қатысуға «өз еркімен мәжбүр» болған. Мысалы, Мәскеудегі 47 мың санақшының 30 мыңдайы студенттер.

Санақ анкетасына 25 сұрақ енгізілген. Олардың ішінде адамның жасы, жынысы, отбасылық жағдайы туралы негізгі сұрақтармен қоса адамдар отбасында қаржыны қалай жұмсайтындығы жөнінд де сауалдар бар.

Анкетаны санақшылардың өздері толтырады. Әрбір сұрау салу 15-20 минуттан аспайды. Санақшылар барлық сұрақтарға жауап бер деп талап етпейді. Шындығында санақшылармен сөйлесу керек деген талап та жоқ.

Ресей азаматтары елде 150 миллионнан астам адам тұрады деп есептейді. Ресейде өлім саны көптеу болғанымен бұрынғы Совет одағы құрамындағы елдерден қайтып келіп жатқан орыстар да көп.

Алайда, сарапшылардың пікірлері бойынша, санақ кезінде Ресей халқының 142 миллионға дейін азайғаны белгілі болмақ. Бұл – 2002 жылғы халық санағынан үш миллион адамға аз көрсеткіш.

Үкімет халық санағына 17 миллиард рубль жұмсағалы отыр. Бұл шамамен 570 миллион доллардай. Он екі күндік жұмысы үшін санақшылар бес жарым мың рубль (шамамен 180 доллар) ақша алады.

АЛАЯҚТАР ҮШІН ҰРЫМТАЛ СӘТ

Санақшылардың қалай жүретіндігі толық сипатталып, олардан құжаттарын талап ету керектігі ескертіліп, бұл жайында ауқымды дайындық шаралары жүргізілгенімен, санақ басталмай жатып-ақ осыған байланысты қылмыстық оқиғалар да тіркеліп отыр. Бір оқиғада өздерін «санақшымыз» деп таныстырған алаяқтар әлдебір әйелдің 8 мың рублін ұрлап кеткен.

Статистика қызметінің ресми өкілдері барлық деректер анонимді, құпия болып қала береді дейді. Бұл орайда билік өкілдері 2002 жылғы санақ деректерінің дискіге салынып заңсыз түрде саудаға шықпағанын айтады. Ал құқық органдары мен салық басқармасындағы деректер жазылған дискілерді қазіргі кезде қара базарда сатып алуға болады.

Ресейде халық санағын жүргізу кезінде бірінші рет интернет пен веб-сайт қолданылады. Құқық органдары тек санақ құжаттарының аман сақталуын ғана емес, санақшылардың өздерінің де қауіпсіздігін қамтамасыз етулері керек, әсіресе қылмыс жайлаған аудандарда.

Әйел-санақшылар арнайы әңгімелесуден өтіп, оларға тіпті ашық-шашық киім кимеуге нұсқау беріледі. Әйелдер, сонымен бірге, қымбат киім киіп, асыл заттарын тақпаулары керек.

Ресейде осының алдында жүргізілген санақ кезінде дене жарақатын алған санақшылардың 70 пайызын ит қауып алған екен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG