Accessibility links

Қазақстан қоғамы «екіге жарылған» тұстағы кездесулер


Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктері Ресей президенті Владимир Путинді Атырау әуежайынан қарсы алып тұр. 30 қыркүйек 2014 жыл.

Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктері Ресей президенті Владимир Путинді Атырау әуежайынан қарсы алып тұр. 30 қыркүйек 2014 жыл.

Тәуекелдерді бағалау тобы директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттыққа берген сұхбатында «Украина дағдарысынан кейін Қазақстан мен Ресей басшыларының кездесуі жиілеп қана қоймай, Кремльдің сыртқы саясаты қоғамды екіге жарды» дейді.

Азаттық: - Атырауда Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының кезекті форумы өтті. Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапары астарында тағы қандай мақсат бар деп ойлайсыз?

Досым Сәтпаев: - Қазақстан мен Ресейде бұл форумдар 2003 жылдан бері үзбей өтіп келе жатқанын айтқан жөн. Яғни Путиннің бұл сапары алдын ала жоспарланған сапар және бұл форумның басты мақсаты – Қазақстан мен Ресей өңірлерінің, әсіресе шекаралас аймақтарының экономикалық байланысын күшейту.

Биыл екі ел басшысы тығыз байланыста болған, бұл жағынан тіпті рекордты жыл болғанын айтқан жөн. Телефон арқылы жиі сөйлесіп тұратын Назарбаев пен Путиннің жеке кездесулері де көп өтті. Әрине, бұл кездесулерде Украинадағы дағдарыс та талқыланғаны анық.

Меніңше, Украинадағы соғыс пен санкциялар қақтығысы Кеден Одағы мен Еуразия экономикалық одағы қарсыластарына пайдасын көбірек тигізген сияқты. Өйткені олар «Ресейдің сыртқы саясаты авантюралық, ал оның экономикалық саясаты Қазақстанның экономикалық жүйесіне тікелей немесе жанама соққы болып тиюі мүмкін» деген пікірлер айтуға мүмкіндік алды. Қазір қазақстандық экономистер мен қаржыгерлердің көбі Батыс пен Ресей арасындағы санкциялар қақтығысынан Қазақстан қандай зардап шегуі мүмкін деген сұраққа жауап іздеп жатыр.

Азаттық: - Қазақстан Еуразия экономикалық одағына мүшеліктен не ұтады? Қазақстан үшін бұл одақтың саяси ұтымдылығы басым ба әлде экономикалық дивиденді көп пе?

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Досым Сәтпаев: - Меніңше, кез келген интеграциялық жоба экономиканың бүкіл саласын жаппай біріктіруден емес, Еуропа Одағы сияқты кейбір салалардың өзара байланысынан бастаған жөн. Олар бірыңғай экономикалық одақты бірден құрған жоқ қой. Әуелі көмір мен болат өндіру бірлестігін құрды. Ал біз қазір кейбір қателіктеріміздің зардабын тартып жатырмыз. Геосаяси ойындарының кесірінен Ресей киліккен санкциялар қақтығысы Кеден Одағына мүше елдер арасындағы тауар айналымына әсерін тигізіп үлгерді. Қазір үш ел арасындағы тауар айналымы азайып кетті.

Оның үстіне, қазір «Ресей әлгі санкциялардан ұтылған сайын, оның экономикасы да, рублі де құлдырай түседі, экономикалық рецессия басталады. Ал бұл біздің ұлттық валютамызға қысымды күшейтіп, Қазақстанға проблема тудырады» деген мәлімдемелер айтыла бастады. Яғни біз Кеден Одағында саясатты экономикадан, саяси мүддені бизнес мүддесінен жоғары қоятын мемлекетпен әріптес болып отырмыз, бұл өте қауіпті. Шын мәнінде, өте қауіпті.

Азаттық: - Ресей Қырымды тартып алып, Украинадағы сепаратистерді қолдағаннан кейін Қазақстан билігінің елдің солтүстік аймақтарына қатысты алаңдаушылығы көбейді ме?

Петропавл көшелерінің бірі. 22 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Петропавл көшелерінің бірі. 22 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Досым Сәтпаев: - Бұл мәселеде әуелі оптимизм танытқан Қазақстан билігі кейін азды-көпті реалист бола бастады. Кезінде Оңтүстік Осетия мен Абхазияның сепаратистік пиғылын қолдаған Ресей бұл әдісті Украинада да қолданды. Ал ертеңгі күні мұны Қазақстанға қолданбасына кім кепілдік бере алады? Сондықтан Қазақстан билігі елдің солтүстік аймақтары проблемасын ескеріп, ақыры бұл проблемаға шындап көңіл бөле бастады. Биыл қылмыстық кодекске түзетулер енгізіліп, сепаратистік үндеулер, сепаратистік қозғалыстар үшін жаза күшейтілгені де сондықтан. Бұл - Астанадағы биліктің мұндай проблеманың бар екенін мойындай бастауының бір белгісі.

Оның үстіне, биыл Эдуард Лимонов, Владимир Жириновский сияқты ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты территориялық талап қойғанын да ұмытпау керек. Ал ресейлік «Вконтакте» әлеуметтік желісінде Қазақстаннан жер «даулаған» екі топ пайда болды. Кейін әлгі топтардың жабылғаны хабарланды, бірақ көп ұзамай тағы пайда болатынын сеземін. Бұл жайттар елдің ішінде «мемлекет сепаратистік пиғылдарды тыюы тиіс» деген пікірлерге ұласты . Мұны ескерген мемлекет біріншіден, қылмыстық кодексті күшейтті.

Екіншіден, қазір мемлекет оралмандарды барынша қолдауға тырысып отыр, яғни олардың Қазақстанға келіп, азаматтық алу процедурасын жеңілдетті.

Ресейшіл жауынгер соғыс кезінде қираған фабрика ғимаратының жанынан өтіп барады. Украина, Донецк облысы, Нижняя Кринка, 23 қыркүйек 2014 жыл.

Ресейшіл жауынгер соғыс кезінде қираған фабрика ғимаратының жанынан өтіп барады. Украина, Донецк облысы, Нижняя Кринка, 23 қыркүйек 2014 жыл.

Украинадағы соғыс Қазақстан қоғамын Ресейдің сыртқы саясатының жақтастары мен қарсыластары деп екіге жарды. Бізді бұл жайт та алаңдатуы тиіс. Өйткені бұл соғысқа қатысымыз жоқ болса да, Қазақстан қоғамы екіге жарылды. Ал егер мұндай проблема Қазақстанда туса не болмақ? Мысалы, билік ауысқаннан кейін аяқ астынан Еуразия экономикалық одағынан немесе ҰҚШҰ-дан (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) шығамыз деген шешім қабылданды делік. Ресей бұған қол соғып, қуанбасы анық әрі Қазақстанның мұндай шешімдеріне барынша қарсы шығады деген болжам жасауға болады.

Ал керісінше, Қазақстанның Еуразия экономикалық одағы мен ҰҚШҰ құрамында қалуын талап ететін әлдебір сепаратистік қозғалыстардың біздің елде пайда болуы мүмкін бе? Мен Путиннің жастар форумында қойылған «Қазақстанды ұлтшылдық жайлап барады және Назарбаев кеткеннен кейін Ресей қандай әрекет етуі мүмкін?» деген арандатушылық сұраққа қайтарған жауабынан тіксініп қалдым. Меніңше, Путинге Ресейдің шын ниетін білдіру үшін әлгі сұрақты әдейі әзірлеген сияқты.

Әлгі сұрақтың астарында Ресей элитасының көкейінде жүрген «Қазіргі президент биліктен кеткен соң Қазақстанды не істейміз?» деген ой жатыр. Кейбір ресейлік саясаткерлер Қазақстанның бір бөлігін болса да бақылауында ұстап қалу үшін Ресей мұнда да белгілі бір қатал шаралар қолдануы тиіс деп ойлайды. Қазір біздің елде бұл мәселелер көп талқыланып жатыр, бұдан шошынудың қажеті жоқ. Көктен шапағат күтіп отыра бермей, неге болсын алдын ала әзірленіп, мұндай жайттарды ашық айтқан жөн.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың сұхбаты (орыс тілінде):

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG