Accessibility links

Назарбаев Мәскеуге барарда Ресей "Сарышағанға" зымыран атты


Ресейдің "Тополь" құрлықаралық зымыраны. (Көрнекі сурет)

Ресейдің "Тополь" құрлықаралық зымыраны. (Көрнекі сурет)

Ресей Қазақстандағы "Сарышаған" полигонына баллистикалық зымыран атты. Ресми мәлімет бойынша, "зымыран полигондағы шартты нысанаға тиген".

Ресей қорғаныс министрлігіне сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігінің ақпаратына қарағанда, құрлықаралық "Тополь" баллистикалық зымыраны наурыздың 5-і күні түнгі сағат 00:10-да (Астана уақыты) "Капустин Яр" (Астрахань облысы) полигонынан Қазақстандағы "Сарышаған" полигонына атылып, шартты нысанаға дәл тиген.

"ЗЫМЫРАННЫҢ ЖАРАМДЫЛЫҒЫН ТЕКСЕРУ"

"Интерфакс" агенттігіне Ресейдің қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі "Зымыран сынаудың мақсаты - құрлықаралық зымырандардың әскери жарамдылығын тексеру болды" деген. "Тополь" зымыраны 1977 жылдан бері жетілдіріліп келеді. Ұшу қашықтығы – 11 мың шақырым.

Жеңіс күнінде әскери парадқа шығарылған "Тополь" зымырандары. Мәскеу, 9 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жеңіс күнінде әскери парадқа шығарылған "Тополь" зымырандары. Мәскеу, 9 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ресей зымыран сынағы туралы АҚШ-қа уақтылы ескерткен. АҚШ пен Ресей келісімдері бойынша, зымыран сынақтары алдында екі ел бірін-бірі құлақтандырып отырады.

Ресейдің наурыз айында бұдан өзге тағы екі зымыран ататыны хабарланды. Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеген қазақстандық жергілікті ақпарат агенттіктері "зымыран сынауға өтініштер Ресейден 2014 жылы 19 ақпан күні түскенін, Қазақстан оған 28 ақпан күні "рұқсат бергенін" жазып жатыр.

1996 жылы Қазақстан және Ресей үкіметі жасаған келісімге сәйкес, Қарағанды облысындағы Сарышаған полигонының жарты бөлігі Ресейге жалға берілген. Ал жарты бөлігі – Қазақстанның иелігінде. Жыл сайын бұл полигонда Ресей мен Қазақстанның қорғаныс министрліктері әскери сынақтар өткізіп тұрады.

Қазақстанда Ресейдің әскери полигондарын жабуды талап ететін белсенділер бар. Олар бұл сынақтарды «қорлық» деп бағалайды.

РЕСЕЙ "ӘСКЕР ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРУДІ" ЖИІЛЕТТІ

Ресей бұған дейін 2012 жылы қазанда, ал былтыр екі рет - қазан және желтоқсан айларында Сарышағандағы нысананы құрлықаралық баллистикалық зымыранмен көздеп атып, сынақ өткізген еді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Астана, 7 маусым, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Астана, 7 маусым, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұл сынақтар кейде Ресей және Қазақстан басшыларының іссапарларына сәйкес келіп жатады. Мәселен, 2012 жылы Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келген маусымның 7-сінде Қазақстандағы нысанаға Ресейдің стратегиялық зымыраны атылды. Осы жолғы зымыран Украинадағы Қырымға Ресей әскер кіргізген уақытта және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге барарда сыналды. Қазақстан президентінің наурыздың 5-і күні Мәскеуде өтетін Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысатыны хабарланған еді.

Қырымдағы дағдарыс басталғалы Ресейдің әскер дайындығын тексеруі жиіледі. Ақпанның 26-сы күні Қырым парламенті алдында Украинаның жаңа билігін қолдаушылар мен оған қарсылардың қақтығысы болған еді. Осы күні Ресей президенті Владимир Путин елдің батысында кең ауқымды әскери-теңіз күштерінің маневрін (Ресей мұны "әскери жаттығу" деп мәлімдеді - ред.) өткізуге бұйрық берген. Оған 150 мың жауынгер, 880 танк, 90 ұшақ және 80 әскери кеме қатысатыны хабарланды.

Наурыздың 4-і күні Ресей президенті Владимир Путин Ленинград облысындағы әскери жаттығуға барды. Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, жаттығу Батыс және Орталық әскери округтердің жауынгерлік әзірлігін тексеру мақсатында жасалған.

Ленинград облысындағы "әскер тексеруді" мына жерден көре аласыз:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG