Accessibility links

Ресей «Тополь» зымыранын тағы да сынады


Facebook қолданушылары түнгі аспанда көрінген жарықты ресейлік «Тополь» зымыранының ізі болар деп топшылайды. Батыс Қазақстан облысы, 20 мамыр 2014 жыл. (Facebook желісіндегі Лұқпан Ахмедияровтың парағындағы сурет).

Facebook қолданушылары түнгі аспанда көрінген жарықты ресейлік «Тополь» зымыранының ізі болар деп топшылайды. Батыс Қазақстан облысы, 20 мамыр 2014 жыл. (Facebook желісіндегі Лұқпан Ахмедияровтың парағындағы сурет).

Ресейдің баллистикалық зымыранын сынап, Қазақстанның Сарышаған полигонындағы нысананы кезекті рет көздеп атқаны әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.

Ресейлік "РИА Новости" агенттігі Ресей қорғаныс министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап, 20 мамыр күні Астана уақытымен сағат 23.08 кезінде Ресейдің Астрахан облысындағы Капустин Яр полигонынан "Тополь" РС-12М құрлықаралық баллистикалық зымыраны сынақтан өткізгенін хабарлады. Бұл жолы да Қазақстанның Сарышаған полигонындағы шартты нысананы көздеп атылған зымыран оған дәл тиген.

Ресей қорғаныс министрлігінің дерегінше, "Тополь" РС-12М "құрлықаралық баллистикалық зымыранның әскери жабдықталуын сынау мақсатында" ұшырылған.

Қазақстан қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әбіш Смайылов Азаттыққа ресейлік "Тополь" зымыраны 20 мамыр күні Сарышағандағы нысанаға атылғаны туралы хабарды растады.

– Зымыран Ресей мен Қазақстан қорғаныс мнинстрліктерінің өзара келісімімен сыналды, - деді ол.

Қазақстанның батысындағы Атырау, Ақтау және Орал қаласының кейбір тұрғындары сейсенбінің кешінде өздері түсіріп алған суреттерді әлеуметтік желілерде жариялады. Олар түнгі аспаннан көрінген белгісіз жарық затты ресейлік баллистикалық зымыранның ізі деп топшылайды. Қолданушылардың кейбірі Ресей әскери зымыранының кезекті мәрте Қазақстан аумағындағы нысананы көздеп атқандарына наразы екендерін білдірді.

«Қазақстанның ең батысында Астраханмен шекаралас жердемін. Солтүстік-батыстан көрінді не болса да. Өткен жылы тап осындай оқиға болып еді, кімнің есінде бар. Сол құбылыстың қасынан бір ақ тұман пайда болды. Не екен?» деп жазды Дияс Бейсенғали. Ал Елена Мәжитқызы «НЛО (ұшатын беймәлім нысан) болып жүрмесін» дейді.

Өткен жылы ресейлік зымыранның ұшуына куә болған Қасымхан Шораев «Былтыр да осындай көрініс болған. Биылғысы өте үлкен әрі екі бөлек, аспан күндізгідей жарқырады. Бұл біздің ауыл Қызандағы көрініс» деп жазған.

Ақтау тұрғыны Гүлбағда Мутигуллина ракеталардан қауіптенетінін айтқан. «Әйтеуір бұл ракеталардың жүкті әйелдерге зияны жоқ шығар, а? Әйтпесе қорқатын болдық қой, денсаулықтарында кінәрәт бар сәбилер көбейіп кетті ғой» дейді ол.

Facebook қолданушы Азамат Майтанов: «Бала кезімде масаханадағы тапшанда жатып, мұндай іздерді ертегідегі айдаһарға балайтынмын. Мұндай «айдаһарлар» қазақ даласына көп құлаған» деп жазды.

Ардақ Қатарбаев есімді қолданушы Facebook желісіндегі парақшасына: «Ұлдар үйге аптыға кіріп «летающая тарелка» деп айқайлағаннан бастап, үлкеніміз бар, кішіміз бар түгел далаға шықтық. Шықсақ, «летающая» ракета екен. Протон деген зиян осы ма?» деп жазды.

Дәурен Сейітжанұлы да «Маңғыстау жақта мынадай құбылыс байқалды, аспанда бірдеңе ұшып жүр» деп жазған.

Фариза Кенжесариева есімді қолданушы мұндай құбылыстардың жиілеп кеткенін айта келе «Қорқынышты! Әдеттегіден өзгеше ирелең! Үрей туғызады» дейді.

Facebook қолданушысы Kyrmyzy Turebay зымыран атылғаны туралы хабарды естігенде ойына былтыр «Уральская неделя» газетінде жарияланған, Капустин Яр полигонымен жапсарлас жердегі ауылдарда дүниеге келген мүгедек балалардың суреттері түскенін жазады.

Twitter әлеуметтік желісін қолданушы Ainur Nurtay: «Жеріміздегі нысаналарды көздеп атып жатқанын құр суретке түсіріп, жазып қана отырмыз» деген пікір айтыпты.

Ресей 1996 жылы Қазақстан үкіметімен жасасқан келісім бойынша Сарышаған полигонының жартысын жалға алып отыр. Қалған жартысы Қазақстанның иелігінде. Бұл полигонда жыл сайын Ресей мен Қазақстан бірлесіп әскери сынақ өткізеді.

Қазақстанның кейбір азаматтық белсенділері ел аумағындағы ресейлік әскери полигондарды жабу және гептил отынын пайдаланатын зымырандарды Байқоңырдан ғарышқа ұшыруды тоқтату туралы талап айтып жүр. Қазақстандық белсенділер ресейлік зымыранды қазақ жерінде сынауды «қорлық» деп бағалайды.

Бұған дейін Ресей биыл наурыз айында, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге Еуразиялық экономикалық комиссия отырысына барар қарсаңда Сарышаған полигонындағы шартты нысананы көздеп «Тополь» зымыранын атқан еді. Оның алдында, Ресей армиясы Сарышағанға 2013 жылы қазан және желтоқсан айында, 2012 жылы – қарашада баллистикалық зымыран атып, әскери сынақтар өткізген.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG