Accessibility links

Бердімұхамедовтің Путинге айтқанынан «Астананың шеберлігін» іздеді


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Тегеран, 23 қараша 2015 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Тегеран, 23 қараша 2015 жыл.

Түркіменстан мен Ресей президенттері кездесуінде «Қазақстанның Каспийге қатысты алаңдаушылығы» да сөз болды. Сарапшылар бұл әңгіменің ұшығы Астанадан шыққан деп болжайды.

Иранның астанасы Тегеранда газ экспорттаушы елдер ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті кезінде Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Ресей президенті Владимир Путинге «Қазақстан Ресейдің Каспий теңізі үстінде әскери әрекеттер жүргізгеніне байланысты алаңдаушылық білдіргенін» айтты.

Бердімұхамедовтің сөзінше, «халықаралық азаматтық әуе тасымалдарына қатысты мәселелер шыққан».

Ал Путин бұл сөзге: «Ресей Синай түбегінде ресейлік ұшақты жаруға айыпты террористерді жазалау үшін Каспийдің үстіндегі әуе кеңістігін қанша уақыт пайдалану керек болса, сонша уақыт қолдана береді» деп жауап берді.

Ресей президентінің сөзінше, «Қазақстан Каспий теңізінің әуе кеңістігін пайдалануға қатысты әзірше ештеңе демеген».

«ШЫҒЫС ДИПЛОМАТИЯСЫНЫҢ ШЕБЕРЛІГІ»

Азаттық Түркіменстан мен Ресей басшыларының бұл сөзінен кейін Қазақстан тарапының пікірін білмекке Астанаға – сыртқы істер министрлігіне қоңырау шалған еді. Бірақ министрліктің ТМД департаменті өкілі Мейіржан Байғонысов өздеріне «бұл тақырыпта ашық сөйлеуге заңмен тыйым салғанын» хабарлап, комментарий беруден бас тартты.

Ал Орталық Азия демократияны дамыту орталығының директоры Толғанай Үмбетәлиева «Түркіменстан президенті шынымен де Қазақстанның алаңдаушылығын жеткізіп отыр» деп біледі.

Орталық Азия демократияны дамыту орталығының директоры Толғанай Үмбетәлиева.

Орталық Азия демократияны дамыту орталығының директоры Толғанай Үмбетәлиева.

– Қазақстан Ресейдің Каспий теңізінің әуе кеңістігін пайдалануы лаңкестердің қазақстандық ұшақтарды жаруына соқтыруы мүмкін екендігін талқылаған. [Мұндай қауіп] cебептерінің бірі ретінде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік аталады. Бірақ бұл мемлекеттік деңгейде емес, бейресми жағдайда талқыланды, – дейді саясаттанушы.

Бердімұхамедовтің Путинге айтқан сөзінің ұшығы Астанадан шықты деп болжайтын Толғанай Үмбетәлиева оны «шығыс дипломатиясының шеберлігі» деп бағалайды.

– Бір жағынан – Түркіменстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ресейдің алдында қажетті ұсыныс-тапсырманы дайындап беру. Ал екінші жағынан – авторлықты әлдебір қарсыласқа жаба салып, Мәскеуге қатысты сын айтпаудан қашу, – деп түсіндіреді ол.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық құқықтану кафедрасының меңгерушісі, заңгер Сағынғали Айдарбаев Қазақстан Ресейдің Каспийдегі әскери әрекетіне наразы болса да, халықаралық құқық тұрғысынан алғанда мұндай мәселені көтере алмасын айтады.

Қазақстан осы тұрғыдан ойлай келе, оны басқа мемлекет арқылы айтқызып отыруы мүмкін.

– Қазақстан да, Ресей де Ұжымдық қауіпсіздік шартының ұйымына (ҰҚШҰ) кіреді. ҰҚШҰ – әскери ұйым. Сондықтан Қазақстан ондай мәселені Ресейдің алдында қоятын болса, онда олар: «Лаңкестерге қарсы күрес жүргізу – ортақ міндетіміз. Әуеден соққы беруге осы жер тиімді деп таптық. Оған біздің әскери одақтасымыз ретінде қандай қарсылықтарыңыз бар?» деп жауап беруі мүмкін. Қазақстан осы тұрғыдан ойлай келе, оны басқа мемлекет арқылы айтқызып отыруы мүмкін, – дейді заңгер.

Ресей 7 қазанда Каспий флотилиясындағы кемелерінен Сирияға зымыран ата бастаған. Мәскеу өткен аптадан бастап Сирияны бомбалауын күшейтіп, операцияға стратегиялық авиациясы мен «Мәскеу» крейсерін қатыстырған. Территориясынан Ресей қанатты зымырандары өтетін елдер бұған алаңдаушылық білдіре бастаған.

31 қазанда Египетте Ресейдің «Когалымавиа» компаниясына тиесілі Airbus A321 ұшағы апатқа ұшырап, 224 адам қаза тапқан. «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы ұшақтың апатқа ұшырауына өздерінің қатысы барын мәлімдеген. Кейін Ресей ұшаққа теракт жасалғанын растаған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG