Accessibility links

Ресей қазағы: Балаларымыз ана тілін пән ретінде оқиды


Балсұлу Қисыметқызы, Ресейдің Астрахань облысында тұратын қазақ. Алматы, 25 маусым 2015 жыл.

Балсұлу Қисыметқызы, Ресейдің Астрахань облысында тұратын қазақ. Алматы, 25 маусым 2015 жыл.

Ресейдің Астрахань облысында тұратын этникалық қазақ Балсұлу Қисыметқызы ол аймақтағы қандастарының мәдени-әлеуметтік ахуалы туралы айтты.

Астраханьдағы қазақтардың «Жолдастық» мәдени қоғамының мүшесі Балсұлу Қисыметқызы Атырау облысында туған. Ол Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіріп, 1990 жылы Астрахань облысы Володар ауданына жұмысқа барып, сол жақта тұрақтап қалған.

Азаттық: – Астраханьға барған кезде әуелі аудандық орта мектепте қазақ тілінен сабақ берген екенсіз. Кейін қандай кәсіп атқардыңыз?

Балсұлу Қисыметқызы: – 1990 жылы Астрахань қазақтарының мәдениеті мен дәстүрін дамыту мақсатында «Жолдастық» қоғамы құрылған еді. Одан кейін бір жылдан соң «Шалқыма» атты қазақ ұлттық аспаптар ансамбль құрылғанда сонда биші болып жұмыс жасадым. Кейін сол қоғамның жанында «Атамекен» атты телебағдарлама ашылып, соны жүргіздім. 1995 жылы Володарда екі тілде хабар тарататын аудандық телеарна ашылғанда сонда қазақша бағдарлама жүргіздім. Аудандық «Ақ арна» газетінің жанынан ашылған телеарна кейін лицензиялық бағытына байланысты тоқтап қалды. Ал газет әлі күнге дейін шығып келеді. Қазір Астрахань қазақтары қазақша хабарларды Қазақстаннан таратылатын «Отау-ТВ» спутниктік теларнасынан көреді.

Азаттық: – Астрахань қазақтарының «Жолдастық» қоғамына 25 жыл толғанын айттыңыз. Бұл қоғам ширек ғасырда қандай жұмыстар атқарды?

Балсұлу Қисыметқызымен сұхбаттың видеосы:

Балсұлу Қисыметқызы: – 25 жылда өте көп жұмыстар атқардық. «Жолдастық» қоғамының ұйытқы болуымен Құрманғазы Сағырбайұлына кесене салынды. Кейін күйшінің атындағы музей, орталық, саз мектебі ашылды. Одан басқа облыстық педагогикалық колледжде қазақ тілі бөлімі ашылды. Ауылдық жерлердегі орта мектептерде де қазақ сыныптары тұрақты жұмыс істеп келеді. Мектептерде домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ, қазақ тілінен облыстық, аудандық олимпиядалар өткізіліп тұрады. Мұның бәрі – осы «Жолдастық» қоғамының тындырып жатқан жұмыстары.

Азаттық: – Астраханьда қазір қанша қазақ тұрады? Олардың әлеуметтік және мәдени ахуалдары қандай?

Балсұлу Қисыметқызы: – 2012 жылғы санақ бойынша, Астраханьда 170 мыңдай қазақ бар. Олардың арасында Қазақстанға оралып жұмыс істегісі келетіндер де, көшіп жатқандары да бар. Ондағы қазақтардың әлеуметтік жағдайы жақсы. Студенттер оқуын оқып, [жұмысы барлар] жұмыстарын жасап, жұмыссыздар биржа арқылы жұмыс тауып, әркім өзінің әлеуметтік жағдайын әртүрлі шешіп жатыр.

Астраханьда оқушылар бастауыш сыныптан бастап 9-сыныпқа дейін қазақ тілін пән ретінде оқиды. Әрине, балалар қазақ тілінің керемет маманы болып шықпаса да, ана тілдерін жақсы көріп, мерекелерде ән салып, би билейтін деңгейлері бар.

Азаттық: – Тарихи отаныңыздан шетте жүргеннің кесірінен орындалмай қалған армандарыңыз бар ма?

Балсұлу Қисыметқызы: – Мамандығым актерлік еді. Астраханьда қазақ театры болмағандықтан актриса болсам деген арманым орындалмай қалды. Индира мен Эльмира есімді егіз қыздарымнан кейін туған Махамбет есімді өнерге жақын ұлым бар. Өзі Алматыдағы өнер академиясында оқығысы келеді. Болашақта менің орындалмаған арманымды сол балам орындауы мүмкін. Қазір «Астраханьда қазақ театрын ашсам» деген мақсатым бар. Ол жоспарым уақытында іске аса жатар.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG