Accessibility links

Маман: «Орыс тілі позициясын қайта күшейтті»


Хуршеда Хамракулова, Мәскеу қаласындағы жоғары экономика мектебі, филология ғылымдарының кандидаты. Астана, 16 қыркүйек 2013 жыл.

Хуршеда Хамракулова, Мәскеу қаласындағы жоғары экономика мектебі, филология ғылымдарының кандидаты. Астана, 16 қыркүйек 2013 жыл.

Астанада өтіп жатқан орыс тілі мұғалімдерінің семинарына қатысушылар Қазақстанда орыс тілінің мәртебесі жоғары екенін айтады. Жергілікті тіл белсендісі Ресейдің тіл саясатынан қауіптенеді.

Астанадағы Ресей елшілігіне қарасты ғылым және мәдениет орталығында орыс тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға арналған дәстүрлі күзгі мектептің семинары биыл 10-мәрте өтіп жатыр. Семинарға Мәскеуден арнайы келген филология ғылымдарының кандидаты Хуршеда Хамракулова пост-советтік кеңістікте орыс тілін алмастыратын тіл жоқ деп санайды.

Ресейлік мамандардың шет елдердегі орыс тіліне қолдау көрсетуі Ресей үкіметінің 2011-2015 жылдарға арналған «Орыс тілі» федералдық бағдарламасының аясында жүзеге асып жатыр. Бағдарламаның негізгі мақсаттары - «ТМД аймағындағы интеграциялық процестерді дамытуға негіз болу» және «шеттегі отандастардың тілдік және мәдени қажеттілігін өтеу» деп көрсетілген.

Хуршеда Хамракулова Азаттық тілшісіне «Орыс тілі» бағдарламасының «жемісті жұмыс істеп жатқанын», орыс тілінің еуразиялық аймаққа ортақ халықаралық және экономикалық қатынастарды реттеуші тіл екенін айтады.
Орыс тілі - еуразиялық аймаққа ортақ халықаралық және экономикалық қатынастарды реттеуші тіл.

- Осы жоба бойынша бірқатар елдерге барып жүрміз. Өзбекстанда, Қырғызстанда болдық. Міне, енді Қазақстандамыз. Осыдан 7 жыл бұрын Қырғызстанда болғанымда ТМД аумағынан келген мұғалімдер орыс тілінің аясы тарылып бара жатқанын айтқан еді. Ал қазір орыс тілі өз позициясын қайта орнықтыра бастады. Әрине таралымы бұрынғы совет өкіметі кезіндегі деңгейге жете қойған жоқ. Дегенмен Қазақстан мен Тәжікстанда орыс тілі бірінші сыныптан бастап мектеп бағдарламасына енгізілген. Тіпті түпкірдегі ауылдарда да орыс тілі оқытылады, – деді ол.
Орыс тілі семинарына қатысушылар. Астана, 16 қыркүйек 2013 жыл

Орыс тілі семинарына қатысушылар. Астана, 16 қыркүйек 2013 жыл


Семинарды ұйымдастырушылардың бірі, Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы директорының орынбасары, Астана қаласының тұрғыны Тамара Катлерова ТМД-да, оның ішінде Қазақстанда орыс тілін оқып-үйренуде және қолдануда даму бар деген пікір айтты.

- Қазақстанда орыс тілін оқытуға көп көңіл бөлінеді. Осындай қысқа мерізімді курстар ұйымдастыру арқылы орыс және қазақ мектептерінде орысша оқытатын мұғалімдердің біліктілігін көтереміз. Мақсат – орыс тілі мен әдебиетін оқытуда қандай әдістер қолданудың дұрыс екенін байқау, - дейді Тамара Катлерова.

Қазақстанда 2006 жылдан бері кең насихаттала бастаған «үш тұғырлы тіл» саясаты бойынша қазақстандықтардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруі құп көріледі. Кейбір қазақстандық тіл саясатын көтерушілер Ресейдің ықпалды тіл саясаты мен өзге де әлеуметтік-мәдени факторлардың әсерінен Қазақстандағы «үш тілдің» тұғырлары әркелкі болып тұрады деп қауіптенеді.
Жанкелді Шымшықов, "Ұлт тағыдыры Астана" қоғамдық ұйымның төрағасы. Астана, 17 қыркүйек 2013 жыл.

Жанкелді Шымшықов, "Ұлт тағыдыры Астана" қоғамдық ұйымның төрағасы. Астана, 17 қыркүйек 2013 жыл.


- Үш тұғырлы тіл саясатын тоқтату керек. Әйтпесе, үш тіл бәсекеге түскенде, ішіндегі әлсізі – қазақ тілі шеттеп қалады, - дейді «Ұлт тағдыры Астана» қоғамдық ұйымының төрағасы, тіл мәселесін көтеруші белсенді Жанкелді Шымшықов.

Астанадағы орыс тілі мұғалімдерінің семинары қыркүйектің 16-20 күндері арасында өтеді деп жоспарланған.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстандағы 7 мыңнан астам орта мектептің 1508-і орыс тілінде, 2163-і қазақ және орыс тілдерінде аралас, ал 3843-і тек қазақ тілінде дәріс оқытады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG