Accessibility links

«Басшылар мен халықтың ақпаратында айырмашылық көп»


"Шындық" экспедициясының солтүстіктегі киік өлген өңірлерге сапары кезінде түсірген суреті. 2015 жылдың маусымы. (Сурет Мақсат Ілиясұлынан алынды)

"Шындық" экспедициясының солтүстіктегі киік өлген өңірлерге сапары кезінде түсірген суреті. 2015 жылдың маусымы. (Сурет Мақсат Ілиясұлынан алынды)

«Шындық экспедициясы» деген атпен киік пен малдың, балық пен құстың, қоян мен суырдың жаппай қырылу себебі туралы шындықты іздеп, жергілікті халықтың шынайы пікірін біліп қайту үшін осы жылдың 17 маусымында «Антигептил» қозғалысының бес мүшесі (Мақсат Ілиясұлы, Еділ Мәкен, Жеңіс Тілеубай, Нұрлан Жабаев, Амандық Дәулетбекұлы) жолға шықтық.

Бағытымыз – киік пен мал қырылған Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды облыстары. Бүгінге дейін Ақмола мен Қостанай облыстарын артқа тастап, Ақтөбенің Ырғыз ауданының орталығына ат басын тіредік. Жол бойы болған оқиғаны, көрген-білгенімізді күн сайын сайттар мен әлеуметтік желілерде жариялап келеміз.

"Шындық" экспедициясының солтүстіктегі киік өлген өңірлерге сапары кезінде түсірген суреті. 2015 жылдың маусымы. (Сурет Мақсат Ілиясұлынан алынды)

"Шындық" экспедициясының солтүстіктегі киік өлген өңірлерге сапары кезінде түсірген суреті. 2015 жылдың маусымы. (Сурет Мақсат Ілиясұлынан алынды)

Ең негізгілерін, маңыздысын айтар болсақ, Қостанай облысының Амангелді және Жангелдин аудандарында әлі де көмілмеген киіктердің өлігі бар екенін анықтадық.

Жангелдин ауданына барғанымызда ел ішінде «тағы да 5000 киік өліпті» деген әңгіме гуілдеп тұр екен. «Ол 5000 киік соңғы бір-екі күнде ғана қырылыпты» дейді жұртшылық. Ал аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин қандай да бір ақпарат бермек түгілі бізбен кездескен де жоқ.

Жергілікті биліктен ресми ақпарат ала алмағандықтан жағдайды өз көзімізбен көрейік деп, киік қырылған аймаққа жол тартып кеттік. Екінші жағынан «әкім де, оның орынбасарлары да сол 5000 киікті көму жұмыстарымен жүр» деді білетіндер. Сондықтан да артынан қуа барып, әкімді оқиға ортасында кезіктіріп, сұхбат алу ойымызда болды.

Ол жолда адастық та, далада да қондық, нөсер жауынның да астында қалдық, өз көлгіміз жолға жарамайды, жолсызбен жүруге тура келеді деп жалдап алған машинамыз бұзылып, көлік те ауыстырдық, бірақ киіктер қырылған, көмілген аймаққа да жеттік. Әкімді кездестіре алмадық, ол жақтан қайтып келе жатқан азаматтар барлық киікті түгел көміп келе жатқандарын айтты.

Ал таңертең бір-екі қырды асқан соң бұрынғы киіктер көмілген аумақтан бір-бір жарым шақырым жерде шашылып жатқан киіктердің өлігіне тап болдық. Шамамен 100 метр радиустегі алаңқайдан 40-тан аса киіктің өлігін санадық. Одан әрі алға жылжи берсең, алдыңнан кездесе беретін тәрізді. Алайда барлық киік өлексесін санап шығуға мүмкіндігіміз болмағандықтан фото-видео түсірілімдер жасап, кері қайттық.

​Ашық далада жатқан мал өліктерін де кездестірдік. Біз әдейілеп барған Кәкімжан Кәрібозов ақсақалдың шаруа қожалығында 51 бас ірі қара, 16 бас жылқы сол киік қырыла бастаған соң айналасы екі аптада қырылып қалғанын өз аузынан естідік. Көршілес шаруашылықтарда да едәуір шығындар бар екен.

Жалпы бұл экспедиция барысында жергілікті қарапайым халықтың тұрмысымен бірге олардың жан дүниесіндегі бұлқыныстардың, тіпті шарасыздықтардың да куәсі болдық. Көп жағдайда жергілікті облыстық, аудандық әкімдік басшылары мен халықтың берген ақпараттарының арасында үлкен айырмашылық болды.​

Блог авторының пікірі Азаттықтың ұстанымын білдірмейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG