Accessibility links

Киіктердің өлімі ән мен жырға қосылды


Лағымен жатқан киіктің өлексесі. Қазақстан, Қостанай облысы, 20 мамыр 2015 жыл.

Лағымен жатқан киіктің өлексесі. Қазақстан, Қостанай облысы, 20 мамыр 2015 жыл.

​​Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылуы кезінде әдеби орта мен әлеуметтік желідегі шығармашыл қолданушылар ашуы мен қайғысын ән мен жыр түрінде жеткізіп жатты. Кейбір өлеңдерді жүздеген адам өз парақшаларында бөлісті.

Мамыр айында Қазақстанда түсініксіз себеппен қырылған киіктерді жоқтап, бұл жануардың қазақтың дәстүрлі дүниетанымында алатын орнын түрлі әдеби формада сипаттаушылар әлі азаяр емес. Сондай шығармашыл жандардың бірі – Нүсіпбек Ризабек Facebook-тағы парақшасына «Киіктер қайда кешегі» атты өлеңін жариялады. Астана қаласының тұрғыны жыр мәтінін өзі ұнататын «Аягөз ару» әнінің әуеніне салып орындатқан.

«Бұл жырым ән болып айтылса, шымырлатар әуенмен тербелсе, киіктің мұңы халыққа жетер ме деген ой болды. Facebook-қа өлеңді жариялаған едім, бір таныс жігіт орындауға ұсыныс жасады» дейді ол.

Нүсіпбектің өлеңін Тұрсынғазы Рахимовтің «Аягөз ару» әнінің мақамымен орындап шыққан жеке кәсіпкер Мұратбек Озатқанұлы есімді азамат екен.

«Шынын айтқанда жүз мыңдап қырылып жатқан киіктің қасіреті қоғамда үлкен дүмпу тудырып, талқыға түспеді. Тек жүрегі жұмсақ ақындар өлең арнады. Бұл шынымен үлкен қасірет қой? Сол үшін жүректерге жетсін, ойлансын, осының бір емін тапса екен деген ниетпен азаматтық үнімді қостым» деді Нүсіпбек.

Әннің Youtube желісіндегі нұсқасы:

«Киіктер қайда кешегі» - қырылған жануарларға қатысты әуенмен айтылған алғашқы өлең. Ал жазба ақындар бұл трагедия туралы алғаш хабар шыға бастағанда-ақ эмоцияларын жыр арқылы шығара бастаған. Солардың бірі ақын, тележүргізуші Қалқаман Сариннің «Қазақ - Киік» өлеңін Facebook-те мыңға жуық адам өз парақшаларында бөліскен.

Жылайды аспан...

Жауынын нөсерлетіп,

Есеңгіреп отырмын есем кетіп.

Сахараның уланып сəні кетті,

Зымыраннан зулаған кесел жетіп, - деп жазған ақын қырылған киіктердің өлімін Байқоңырдан ұшыру кезінде апатқа ұшырайтын ресейлік «Протондардан» көреді.

Ақын Ырысбек Дәбей. Суреті Facebook парақшасынан алынды.

Ақын Ырысбек Дәбей. Суреті Facebook парақшасынан алынды.

Ал ақын Ырысбек Дәбей киіктерге арнаған өлеңінде ресми биліктің киік қырғын мен ресейлік зымырандарға қатысты мәлімдемелерін түйреп өтеді.

«Е-е-е... таңғы газеттер сөйлейді:

«Халыққа төнетін ешқандай, ешқандай қауіп жоқ...»,

Ұмытқан ұятын ауызда әмір жоқ...» деп түйіндейді ол өлеңін.

«Киіктер қырғынына» өлең арнағандардың арасында Әлия Дәулетбаева, Саят Әбенов пен Нүсіпбек Ризабек секілді жастармен қатар Дәулетбек Байтұрсынұлы, Ерлан Жүніс, Темірғали Көпбаев сияқты белгілі ақындар да бар.

Темірғали Көпбаев өзінің «Киік өлген» деп аталатын ұзақ өлеңін:

Жырымның атын қойдым «Киік өлген»,
Ырғаққа у қайғының күйігі ерген.
Кез болды-ау адам құсап жылайтұғын,
Ажалын ақбөкеннің жиі көрген, - деп бастайды.

Ерлан Жүніс «Құралайдың көз жасы» өлеңін:

Көктем күні созылды ғасырдай боп,
Ішімдегі лаулаған басылмайды от.
Құралайдың нөсері құйып жатыр,
Жетім лақтың өтеусіз жасындай боп, - деп түйіндепті.

Қазақстандағы киіктер.

Қазақстандағы киіктер.

Әдеби ортаның кейбір жас өкілдері киік тақырыбында прозалық шығарма да жазып жатты. «Әдебиет порталында» жарияланған «Ор киік» әңгімесінде Мұрат Алмасбекұлы шала құрсақ бала-шағасының жағдайына қарамастан еркек киікті атуға обалсынған отағасының бейнесін сомдаған.

Ult.kz порталы жариялаған шағын әңгімесінде Марат Мадалимов улы отынды зымырандарды киіктерді өлімші халге жеткізіп, төбелерінде айнала ұшқан қарақұстарға теңейді.

Әнші Ерлан Төлеутай да шығармашыл ортаның киікті жоқтауына өз үнін қосып, ел ішінде ертеден айтылып келе жатқан Кәкімбек Салықовтың «Жезкиік» әнін жаңадан орындап, бейнеролик ретінде Facebook-тегі парақшасына жүктепті.

Әнші постында: «Ағайын, киіктің қырылу себептерінің ақиқаты айтылсын деген талабымызды күшейтейік» деп жазған.

Киіктердің өлексесін жинап жүрген трактор. Қазақстан, Қостанай облысы, 20 мамыр 2015 жыл.

Киіктердің өлексесін жинап жүрген трактор. Қазақстан, Қостанай облысы, 20 мамыр 2015 жыл.

Соңғы ширек ғасырда болған ең ірі қырғын кезінде биылғы мамыр айының бірнеше аптасында Қазақстанды мекендейтін киіктер мыңдап қырылды. Соңғы дерек бойынша 137 мың дала жануары түсініксіз дерттен өлген. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі киікті баудай түсірген пастереллез дерті деген ұстанымда. Экологтар мен өзге де белсенділер бұл жорамалға күдік келтіріп, апат себебін Байқоңырдан улы гептил отынымен ұшырылатын және Қазақстанның үстінде жиі апатқа ұшырайтын ресейлік «Протон-М» зымырандарынан іздеуге шақырады. Билік орындары бұл болжамды жоққа шығарып келеді.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG