Accessibility links

Өзін-өзі өртеген жігітті Сайрамға жерледі


Ерлан Бектібаевтың жанасы. Сайрам, 26 қазан 2015 жыл.

Ерлан Бектібаевтың жанасы. Сайрам, 26 қазан 2015 жыл.

Тараздағы «Нұр Отан» партиясы ғимараты алдында өзін-өзі өртеген Ерлан Бектібаевты Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылына апарып, жаназасын шығарды.

Қазанның 24-і күні Тараз қаласында «Нұр Отан» партиясының ғимараты алдында өзін-өзі өртеп, қалалық ауруханада қайтыс болған 20 жастағы Ерлан Бектібаевтың сүйегін Ақсукент ауылында тұратын әкесі Абдулла Бектібаевтың үйіне апарды. Марқұмды қазанның 26-сы күні Ақсукент ауылындағы зиратқа жерледі.

Ерлан Бектібаевтың жаназасына әкесі, бауырлары, ағайын-туыстары, Өзбекстаннан көшіп келген жерлестері мен жора-жолдастары қатысты.

«ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ҮСТІНЕН ШАҒЫМДАНАТЫН ҚҰДІРЕТІМІЗ ЖОҚ»

Ерлан Бектібаевтың әкесі Абдулла Бектібаев баласының қазасы жөнінде қандай да бір пікір беруден бас тартты.

Туыстарының айтуынша, Ерлан Бектібаев – 2003 жылы Өзбекстанның Науаи облысынан Ақсукент ауылына көшіп келген Абдулла Бектібаевтың екінші баласы. Ауылдағы 93-мектепте 9-сыныпқа дейін оқыған Ерлан соңғы үш-төрт жыл Тараздағы туған ағасы Нұрланның қолында тұрған.

Ерлан Бектібаевтың атасы Жарқынбай Жаңабаевтың сөзінше, туыстары оның қаза тапқанын қазанның 24-і күні кешкі сағат 9-дар шамасында естіген.

– Баламыздың басына не күн туғанын білмедік. Бізге дым айтпаған. Тағдыры. Тым жақсы, салмақты бала еді. Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар. Құдайдан көреміз енді. Маңдайына жазуы, – деді Жарқынбай Жаңабаев Азаттық тілшісіне.

Жарқынбай Жаңабаев Ерлан Бектібаевтың ақырғы сәті түсірілген, оның полицияға наразылығы айтылған видеоны интернеттен көрген екен.

– Полицейлердің үстінен шағымданатын құдіретіміз жоқ қой. «Пақыр кісі панада» деп Құдайдан көреміз, – дейді ол.

Ерлан Бектібаевтың немере ағасы Ергешбай. Ақсукент, 26 қазан 2015 жыл.

Ерлан Бектібаевтың немере ағасы Ергешбай. Ақсукент, 26 қазан 2015 жыл.

Ерлан Бектібаевтың немере ағасы (әкесінің ағасы) Ергешбай есімді азамат та інісінің не себепті өз-өзіне қол жұмсағанынан бейхабар екенін айтады.

– Баламыздың басы-қасында жоқпыз. Соңғы кезде қасындағы балалар жала жауып, оқудан шығып қалды. Қара жұмыс істеп жүрген болатын, – деді ол Азаттыққа.

«ӨМІРДЕН ТҮҢІЛДІМ»

Ерлан Бектібаев есімді жас жігіттің өзін-өзі өртегені жайлы видео YouTube желісіне қазанның 24-і күні шыққан еді. Ерлан Бектібаев «Тараздағы Нұр Отан алдындағы өзін-өзі өртеу» деп аталатын ол видеода сөзін «Бүгін 24 қазан 2015 жыл. Тараз қаласы орталығындамыз. Сағат 10-дар шамасы» деп бастап: «Сіздерге айтайын дегенім – 2015 жылы 7 мамырда Райымбаев Даниярды белгісіз адамдар атып кетті. 22 қазан күні сағат 10-дар шамасында мен үйден шығып жұмыс бабымен Тараз қаласындағы собеске бардым... Сол жерде маған полиция қызметкерлері анаша салып жіберді... Департмент қызметкерлері, Самат опер (полицияның жедел уәкілі – ред.) 7 мамырда қайтыс болған Райымбаевтың ісі бойынша менен көп нәрсе сұрап, қыспаққа алды... Мен өзім 4 маусым күні қамаудан босадым. Мынау келіп тұрғаным – қазір «Нұр Отан» көмектесетін шығар деген ойдамын. Басатын тауым, бармаған жерім жоқ. Өзім жетім баламын. Шешем қайтыс болған. Әкем басқа семьямен тұрады. Өзіме қол жұмсау себебім сол. Өмірден түңілдім, өмір сүргім келмейді» деген.

20 жастағы Ерлан Бектібаев өзін-өзі өртеп жіберетінін айтып тұр. Тараз, 24 қазан 2015 жыл.

20 жастағы Ерлан Бектібаев өзін-өзі өртеп жіберетінін айтып тұр. Тараз, 24 қазан 2015 жыл.

Ерлан Бектібаев бұдан кейін қолтығынан жанғыш сұйық зат құйылған ыдыс алып шығып, үстіне құйып өртеп, отқа оранған күйі «Нұр Отан» ғимаратына жүгіріп барып кіріп кеткен. Келесі бір видеода оның ғимарат ішінде өртеніп жатқаны түсірілген.

Өзін-өзі өртеген жігіт Тараз қалалық ауруханасына жеткізіліп, қазанның 24-і күні сол жерде көз жұмған.

КӨРІҢІЗ: Шарасыздың жанайқайы ма, билікті бопсалау ма?

Қазақстан бас прокуратурасы бұл оқиға туралы сол күні ресми хабарлама таратты. Онда: «Қазанның 24-і күні шамамен сағат 10:30-да Тараздың орталық алаңында 1995 жылы туған Бектібаев Е. өзін-өзі өртеді. Ол күйіктен қалалық ауруханада қайтыс болды. Өзін-өзі өртеу алдында ол қалыптасқан жағдайға полиция қызметкері кінәлі деп мәлімдеді» деп жазылған. Бас прокуратура «қылмыстық істің сотқа дейінгі тексеруді объективті жүргізу Жамбыл облысы прокуратурасына тапсырылғанын» хабарлады.

Бүгін Жамбыл облысы ішкі істер департаменті Таразда өзін-өзі өртеп жіберген Ерлан Бектібаевты видеоға түсіргендер ұсталғанын, олардың аты-жөндері анықталып жатқанын ғана хабарлады.

Ерлан Бектібаевтың өзін-өзі өртеп жіберген сәті. Тараз, 24 қазан 2015 жыл.

Ерлан Бектібаевтың өзін-өзі өртеп жіберген сәті. Тараз, 24 қазан 2015 жыл.

Жамбыл облысының жергілікті билік органдары Ерлан Бектібаевтың қазасына байланысты қандай да бір ақпарат не түсінік беруден бас тартты. Әкімдіктің баспасөз қызметінің өкілі Жансая Елемесова «қазір комментарий бере алмайтындарын» айтты.

Ал «Нұр Отан» партиясы баспасөз қызметінің өкілі Жасұлан Әбдіхалық Facebook парақшасында жариялаған жазбасында «Өзбекстан Республикасында туған, Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Аксукент ауылында тұрғылықты тіркеуде болған Ерлан Бектібаевтың бұрын партияның облыстық және қалалық бөлімшелеріне көмек сұрап келмегені анықталғанын» хабарлады. «Нұр Отанның» өкілі қайтыс болған жігіттің «ауыр қылмыстары үшін бұрын сотталғанын», кейін Тараз ішкі істер департаментінің шұғыл-іздестіру шаралары кезінде есірткі заттарын сақтағаны үшін тағы ұсталғанын» да жазған.

Жоғарғы соттың сот істері анықтамалығында тіркеулі тұрған, 2015 жылы маусымның 4-і күні шыққан сот үкіміне ​қарағанда, «Қазақстан азаматы, орта білімді, жұмыс істемейтін, бойдақ, Тараз қаласында тұратын Ерлан Бектібаев 2015 жылы ақпанның 14-і күні тұтқындалған». Оған «Тараз химия-технологиялық колледжіндегі өзімен бірге оқитын студентті пышақтап, оқиға орнынан бой тасалады» және «Алматы қаласында автобуста әйелдің қалтасынан телефон ұрлады» деген айып тағылған. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының оны қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі және 188-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, 3 жыл 8 ай 19 күн бас бостандығын шектеу жазасына кескен.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG