Accessibility links

Сайрамдағы «сайлау нәтижесі хаттамасын өзгерту» дауы


587-сайлау учаскесі орналасқан Айша бибі атындағы мектеп. Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 24 наурыз 2016 жыл.

587-сайлау учаскесі орналасқан Айша бибі атындағы мектеп. Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 24 наурыз 2016 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында мәслихат сайлауына түскен Қурвантай Давлетов «сайлау нәтижесінің хаттамасы өзгертілгендіктен» жеңілгенін айтады. «Хаттаманы өзгерткенін» учаске төрағасы да растады.

Сайлаушылардың дауыс беруі нәтижесі туралы хаттаманы «күштеп өзгерту» оқиғасы жапа шеккен кандидат Қурвантай Давлетов пен Ақсукент ауылындағы 587-сайлау учаскесі төрағасы Надырхан Усмановтың айтуынша, «Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық мәслихаты сайлауында, сайлау өткен күннің ертеңінде – наурыздың 21-і күні болған».​

ТҮНДЕ ӨЗГЕРГЕН САЙЛАУ НӘТИЖЕСІ

Өзін-өзі ұсынып, сайлауға түскен Қурвантай Давлетовтің сөзінше, наурыздың 20-сы күні «Сайрам ауданындағы 2-сайлау округі бойынша үш сайлау учаскесінде төрт үміткер сынға түскен».

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы мәслихат сайлауына түскен кандидат Қурвантай Давлетовтің сайлауда жеңгені туралы алғашқы хаттама.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы мәслихат сайлауына түскен кандидат Қурвантай Давлетовтің сайлауда жеңгені туралы алғашқы хаттама.

- Сайлау күні түнде қорытынды шықты. Әр учаскеден дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманың бір үлгісін беруді талап еттім. Сенімді өкілдерім мен бақылаушыларым маған хаттаманы алып келді. Есептедік - 101 артық дауыспен жеңіске жеткенімізді білдік, - дейді Қурвантай Давлетов.

Оның сөзіне қарағанда, 587-сайлау учаскесіндегі дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманың өзгертілгені туралы хабарды ол наурыздың 21-і күні естіген. Бірден аудандық сайлау комиссиясына хабарласқан, бірақ ешкіммен сөйлесе алмаған.

- Мұнан соң аудандық прокуратураға хабарласуға тырыстым, ешкім болмады, арыз тастай алмадым. Ал облыстық прокуратураның кезекші прокуроры арызымды қабылдамай тастады. Наурыздың 24-і күні сайлауда жеңгендер тізімі шығатын ресми газетті күтуден басқа амалым қалмады. Газетте қарсыласым Мұрат Есәлиевтің 10 артық дауыспен жеңіске жеткені жарияланды, - дейді ол.

Сайрамдағы сайлау хаттамасын өзгерту дауы туралы видео:

САЙЛАУ УЧАСКЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ШАҒЫМЫ

Азаттық тілшісі Қурвантай Давлетовтің «дауыс беру нәтижелері туралы хаттама өзгертілді» деген ақпаратынан кейін сайлау нәтижесі хаттамасын өзгертті деген 587-сайлау учаскесінің төрағасы Надырхан Усмановқа хабарласқан еді.

- Наурыздың 20-сы күні Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасына сәйкес, дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды толтырып үміткерлерге бердік. Қабырғаға іліп қойдық. Бірақ аудандық сайлау комиссиясы біздің хаттамамызды қабылдамай қойды, - дейді ол.

Надырхан Усмановтың сөзінше, Сайрам аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Талғат Керімбеков «хаттаманы өзгерткің келсе де, келмесе де өзгертесің» деп талап қойған. «Бала-шағаң бар. Түсінесің ғой өзің...» деп қорқытты. Балағаттады» дейді 587-сайлау учаскесі төрағасы Усманов.

Мектеп қабырғасына сайлау күні сайлау нәтижесін іліп қойған едік. Енді оқушылардың бетіне қалай қараймын? Қол астымдағы мұғалімдерге не деймін?

- 1997 жылдан бері сайлауға қатысып келемін. Мұндай сайлауды көрген емеспін. Шақырған соң ары кетсе жұмыстан шығарады деп ойладым. Бірақ Талғат Керімбеков бала-шағамды ортаға салды. Үш сағат қол қоймай отырдым. Болмаған соң хаттаманы өзгертіп бердім. Жарамсыз деп танылған бюллетеньдерді кандидат Мұрат Есәлиевтің есебіне қосып, «дауысын» көтеріп бердім, - деді Надырхан Усманов.

Надырхан Усманов Азаттыққа «Біз сонда кімбіз? Мен де «Нұр Отан» партиясы мүшесімін, комиссия төрағасымын. Сонша қорлық көрсететіндей не жазығым бар?» деді.

Сайрам ауданындағы 587- сайлау учаскесінің төрағасы Надырхан Усманов. Оңтүстік Қазақстан облысы. 24 наурыз 2016 жыл.

Сайрам ауданындағы 587- сайлау учаскесінің төрағасы Надырхан Усманов. Оңтүстік Қазақстан облысы. 24 наурыз 2016 жыл.

- Қиын жағдайға тап болдым. Қолымда не үшін өзгерткенімді дәлелдейтін бірде-бір құжат жоқ. Ұяттан жерге кіріп кетейін деп жүрмін. Мектеп қабырғасына сайлау күні сайлау нәтижесін іліп қойған едік. Енді оқушылардың бетіне қалай қараймын? Қол астымдағы мұғалімдерге не деймін? - дейді Надырхан Усманов.

Азаттық тілшісі Сайрам ауданындағы 2-сайлау округінде болған осы жағдай жөнінде сұрау мақсатында Сайрам аудандық сайлау комиссиясының төрағасы, аудан әкімі орынбасары Талғат Керімбековтің жұмыс орнына да іздеп барды. Ұялы телефонына да хабарласты. Жұмыс орнында жұмыс уақытында табылмаған шенеунік телефон тұтқасын көтермеген соң, Азаттық тілшісі Сайрам ауданы және Оңтүстік Қазақстан облысы сайлау комиссияларына, Қазақстан орталық сайлау комиссиясына сауалын жазбаша жолдады.

Сайрам аудандық мәслихат депутаттығына өзін өзі ұсынған Қурвантай Давлетов. 24 наурыз 2016 жыл.

Сайрам аудандық мәслихат депутаттығына өзін өзі ұсынған Қурвантай Давлетов. 24 наурыз 2016 жыл.

Ал алғашқы, өзгермеген хаттама бойынша жеңімпаз атанған кандидат Қурвантай Давлетов «шындық үшін, заңды құқығым үшін күресемін» дейді.

- Бұл жайды жылы жауып қоюға болмайды. Әділдікке жеткенше тыншымаймын. Халық мені таңдады. Барлық құжаттарды тексерулерін, өзгертілген хаттаманың қолдан жасалғанын анықтау үшін тиісті құзырлы орындардың барлығына шағымданамын, - дейді Қурвантай Давлетов.

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы наурыздың 20-сы күні өтті. Сайлаудан кейін Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) бақылаушылары «ЕҚЫҰ миссиясы аралаған орта және төмен деңгейдегі комиссиялардың көбінде комиссия мүшелерінің көпшілігі мен төрағаларының бәрі дерлік «Нұр Отан» партиясы мүшесі болды, бұл олардың бейтараптығына күмән тудырады. Дауыс беру, дауыстарды санау, нәтиже қорыту кезінде үлкен процедуралық кемшіліктер мен заң бұзушылықтар және бюллетеньдерді топтап тастау фактілері байқалды» деп мәлімдеген еді.

Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мен Тәуелсіз елдер достастығы (ТМД) бақылаушылары сайлаудың «ашық, еркін өткенін» хабарлады.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG