Accessibility links

Шенеуніктердің жеті таңбалы жалақысы


Ақордада өткен үкімет отырысынан шығып келе жатқан шенеуніктер. Астана, 11 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақордада өткен үкімет отырысынан шығып келе жатқан шенеуніктер. Астана, 11 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда кейбір шенеуніктер қанша жалақы алатынын жариялады. Мұнан соң бақылаушылар байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ұлғайғанын айтты.

«Нұр Отан» билік партиясының біраз жыл бұрын бастаған «Өзіңнен баста!» акциясы аясында шенеуніктер баспасөзде ара-тұра жылдық табысын жариялап тұрады. Мемлекеттік қызметкерлерді табысын ашық жариялауға шақырғанымен, бұл – шенеунікті міндеттемейтін ерікті акция. Сондықтан шенеуніктердің кейбірі табысын жұртқа жариялауға асықпайды.

КОРРУПЦИЯМЕН КҮРЕС АЯСЫНДА

Жамбыл облысындағы антикоррупциялық ведомство басшылығы табысын жария етті. Сәуірдің 7-сінде мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі «облыстық департамент басшысы Мақсат Қожабаевтың былтырғы табысы алты миллионға жуық теңге (32 мың доллардан сәл асады), яғни айына шамамен 500 мың теңге (шамамен екі мың 700 доллар) болған» деп хабарлады. Әлгі ақпаратқа сәйкес, Қожабаев ауылда жеке меншік үйі барын көрсеткен.

Астана шенеуніктерінің көліктері. 2012 жылдың сәуірі. (Көрнекі сурет)

Астана шенеуніктерінің көліктері. 2012 жылдың сәуірі. (Көрнекі сурет)

Облыстың мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Камал Қабылбековтың былтырғы табысы - үш миллион 857 мың 907 теңге. Ресми дерекке сәйкес,оның Талас ауданында жер телімі, екі тіркемелі цистернасы және 1992 жылы шыққан Mitsubishi Pajero көлігі бар.

Сыбайлас жемқорлықпен күресетін ведомстводағы табысы ең көп шенеунік Ғалым Тұрсынбаев болып шықты. Департамент басшысының екінші орынбасары әрі тәртіптік кеңес төрағасы қызметін қоса атқаратын ол 2014 жылғы ресми табысын 12 миллион 361 мың 202 теңге деп көрсеткен. Демек, оның айлық жалақысы бір миллион теңгеден сәл асқан. Тәртіптік кеңес басшысының Қызылордада төрт бөлмелі пәтері және 2013 жылы шыққан Skoda Yeti автомобилі бар.

АЙЫНА - БІР ЖАРЫМ МИЛЛИОН

Мемлекеттік «Қазпочта» компаниясы басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің қызметтік жалақысы – бір жарым миллион теңге (шамамен алты жарым мың АҚШ доллары). Ол мұны сәуірдің 7-сі күні баспасөз өкілдеріне растады.

Құрылтайшысы Қазақстан үкіметі саналатын компанияның 32 жастағы басшысы өткен аптада Nur.kz сайтына «Салықтарды ұстағаннан кейін қолыма бір миллион 200 мың теңге тиеді» деп мәлімдеген.

Әлеумет «Қазпочта» топ-шенеунігінің жалақысын қарапайым почта қызметкерінің жалақысымен салыстыра бастады. Былтыр сенат отырыстарының бірінде Ақмола облысындағы ауылдық почта қызметкерлерінің жалақысына қатысты мәселе қозғаған қазіргі экс-депутат Светлана Жалмағамбетова «758 адам тұратын Гастелло ауылында 0,3 жүктемемен жұмыс істейтін почта операторы 12 мың 300 теңге жалақы алады. Тасуат ауылында 0,2 жүктемемен істейтін почта қызметкерінің жалақысы - сегіз мың 900 теңге. Ауылдардың бәрінде осылай…» деген деректер келтірген.

«Қазпочта» басқармасы төрағасы Бағдат Мусин. Сурет «Қазпочтаның» ресми сайтынан алынды.

«Қазпочта» басқармасы төрағасы Бағдат Мусин. Сурет «Қазпочтаның» ресми сайтынан алынды.

Ауылдағы почта қызметкерлерінің мардымсыз жалақы алатынын «Қазпочта» басқармасы төрағасы Бағдат Мусин де мойындайды. Сәуірдің 7-сі күні Астанада өткен брифингте Бағдат Мусин «…Жұрттың зейнетақысын тарататын немесе почта жөнелтетін кезде, аптасына бір-екі күн ғана жұмыс істегені болмаса, олар онша жұмысбасты емес. Олардың жалақысын көбейтіп, ауылдағы почта бөлімшелерінің тиімділігін арттыру үшін жаңа қызмет түрлерін енгізуді қарастырып жатырмыз» деп мәлімдеді.

КОРРУПЦИЯҒА БЕЙІМДЕР КАТЕГОРИЯСЫ

Коррупция проблемаларын зерттеумен айналысатын «Сандж» зерттеу орталығы директоры Жанар Жандосова топ-шенеуніктердің жария еткен табысына қатысты Азаттық тілшісіне комментарий берді. Сарапшының айтуынша, Қазақстанда басшы адам мен қатардағы қызметкер алатын жалақы арасындағы айырма 20 есеге дейін жетеді. Ал Скандинавия елдері сияқты дамыған мемлекеттерде бұл айырма 2,5-3,5 еседен аспайды.

- «Коррупцияға бейім» категориясына жататын шенеуніктердің бірі қалмай табысы мен мүлкі туралы деректерді міндетті түрде жариялауы тиіс. Ондай адамдарға, мысалы, ведомство басшылары, қадағалаушы орган қызметкерлері және мемлекеттік сатып алу бойынша шешім қабылдайтындар жатады. Біздің есебіміз бойынша, мұндай категорияға жататын 300 мыңдай мемлекеттік қызметші бар, - дейді Жанар Жандосова Азаттық тілшісіне.

Сарапшы басшы қызметтегі шенеуніктерді табысын жариялауға міндеттеп қойған Эстония, Литва сияқты Балтық елдерін мысалға келтіреді. Жандосованың айтуынша, бұл елдерде егер шенеунік иелігіндегі мүліктің қайдан шыққанын түсіндіре алмаса, мемлекет ол мүлікті тәркілейді.

Коррупция проблемаларын зерттеумен айналысатын «Сандж» зерттеу орталығы директоры Жанар Жандосова.

Коррупция проблемаларын зерттеумен айналысатын «Сандж» зерттеу орталығы директоры Жанар Жандосова.

- Мысалы, мініп жүрген қымбат көлігің ауылда тұратын туысыңның атына жазылса да, ол көліктің қайдан келгенін бәрібір түсіндіруге тиіссің. Яғни мемлекет пен қоғам сенің атыңа ресми тіркелген дүние-мүлікті ғана емес, пайдаланып жүрген мүлкіңді де бақылайды, - дейді орталық директоры.

Статистика агенттігі дерегінше, 2014 жылы Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 154 мың 577 теңге немесе 835 АҚШ доллары болған. Елдегі ең аз жалақы мөлшері - 21 мың 364 теңге (115 доллар). Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі, былтырғы жылдың аяғындағы есеп бойынша 18 мың 774 теңге (шамамен 100 доллар) деп ресми бекітілген.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG