Accessibility links

Санавиация ахуалын билік пен сарапшы түрліше бағалайды


«ASPAN» әуе компаниясының тікұшағы құлаған жерде тұрған құтқарушылар. Алматы облысы, 28 қаңтар 2016 жыл.
«ASPAN» әуе компаниясының тікұшағы құлаған жерде тұрған құтқарушылар. Алматы облысы, 28 қаңтар 2016 жыл.

Өткен апта Алматы облысында тікұшақ құлап, медициналық жәрдем көрсетілуі тиіс сәбиді қосқанда, бес адам қаза тапты. Елдегі санавиация жағдайын тиісті орган мен сарапшылар түрліше бағалайды.

Қаңтардың 27-сі екі айлық сәбиді Талдықорған ауруханасына жеткізуі тиіс болған «ASPAN» әуе компаниясының MD-600N маркалы тікұшағы құлады. Техника сынықтары мен бес адам (ұшқыш, екі дәрігер, ана мен бала) мәйіті ертеңінде табылды. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал әуе компаниясы тікұшақтың техникалық ақауы болмағанын, апат себебі нашар ауа-райы екенін хабарлады.

Қазақстандағы санавиация ахуалы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:45 0:00
Жүктеп алу

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Алайда Қазақстан әуетасымалдаушылары ассоциациясы төрағасы Владимир Куропатенконың айтуынша, «Қазақстан санитариялық авиациясының (сарапшылар «санавиация» деп қысқартып атайды – ред.) жағдайы мүшкіл». Оның «бұл проблемамен бетпе-бет келген кезі болған».

- Бірде Алматы облысында бір тұрғын аттан құлап, аяғын сындырды. Көлікпен Бақанасқа апардық - ешкім жоқ. Бақпақтыға апардық – медбике ауыруды басатын дәріден басқа ештеңе таппады. Ақыр соңы сынықшыға апардық. Ал соқырішек болса ше? Совет кезінде Қазақстан санавиациясында 100-ге жуық ұшақ кезекшілікте тұратын. Алыс аудандарда ақпарат жинау орталықтары болды. Қазір ондай жағдай жоқ, – дейді маман.

Қазақстан әуетасымалдаушылары ассоциациясы төрағасы Владимир Куропатенко.
Қазақстан әуетасымалдаушылары ассоциациясы төрағасы Владимир Куропатенко.

Куропатенконың пікірінше, медициналық көмек көрсету үшін қазіргідей жеке авиакомпаниялармен келісім жасасқаннан гөрі, дербес мемлекеттік мекеме құру қажет.

- Санавиацияның мемлекеттік кәсіпорны ашылуы керек. Дабыл беретін түймелер болуы керек. Хабар бере алмай қанша адам опат болады. Бізде қазір мемлекеттік үйлестіру органдары ғана бар, - дейді Куропатенко.

Қазақстанның жеңіл авиация ассоциациясы президенті Өмірбек Кеңесбаев та «мемлекеттік мекеме құру» идеясын қолдайтынын айтты.

- Қазір авиация бәсекелестік ортада (жекеменшік – ред.) қалыптасып отыр. Мұнда сұрақтар көп. Барлық ресурс жұмылдырылған мемлекеттік оператор қажет. Мәселе көтеріліп жатыр. Қалай шешілетінін көреміз, - дейді ол.

Апатқа ұшыраған тікұшақты іздеп жүрген құтқарушылар. Алматы облысы, 28 қаңтар 2016 жыл.
Апатқа ұшыраған тікұшақты іздеп жүрген құтқарушылар. Алматы облысы, 28 қаңтар 2016 жыл.

Ал авиация саласындағы кәсіпкер Қайсар Шыныбаев жекеменшік әуе компанияларының «жағдайы мүшкіл» деген пікірмен келіспейді.

- Тікұшақ паркі бар мемлекеттік орган болғаны жақсы. Бірақ ол үнемі шығын әкеліп отыратын мекеме болады. Жеке компанияларды жалдаған анағұрлым тиімді. Бәсеке сервисті жақсартады, - дейді кәсіпкер.

РСАО ЖАУАБЫ

Қазақстанда медициналық мақсаттағы авиация қызметін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық санитариялық авиация орталығы» (РСАО) мемлекеттік мекемесі атқарады.

Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында РСАО жедел медициналық қызметі 12 авиакомпаниямен жасасқан келісім-шарттар негізінде көрсетілетіні жазылған. Олардың қатарында тікұшағы апатқа ұшыраған «ASPAN» компаниясы да аталған.

"Қазақстан санитариялық авиациясы орталығы" қолданатын техника түрлері. Скриншот rcsa.kz сайтынан алынды.
"Қазақстан санитариялық авиациясы орталығы" қолданатын техника түрлері. Скриншот rcsa.kz сайтынан алынды.

РСАО «әуе кемелері техникалық ахуалына талап қатаң екенін, экипаждың топырақты алаңға қонуға және ұшуға дайындығы жіті тексерілетінін» жазады. Бірақ «әуе кемелерінің техникалық күтімін авиакомпаниялар өздері атқаратынын» ескертеді. РСАО пайдаланатын тікұшақтарының ескісі 1982 жылы шықса, жаңасы 2014 жылы құрастырылған. Баспасөз хатшысы Әсет Құдайбергенов орталыққа бөлінетін қаражат мөлшерін айтудан бас тартты.

Орталықтың rcsa.kz сайтында Қазақстанның барлық аймақтарында үйлестіруші дәрігерлер бар екені, оларға 17 ұшақ, 18 тікұшақ қызмет көрсететіні жазылған. Ал санавиация нысанындағы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру ережелерінде зардап шеккендердің немесе оқиға куәларының 103 немесе 112 нөмірлеріне хабарласуы керек екені, сенімді байланыс желілері қамтамасыз етілгені жазылған.

Қаңтар айында Қазақстанда қатарынан екі тікұшақ апатқа ұшырады. Қаңтардың 23-і күні Жамбыл облысы аумағында "Жаңа Әлем" әуе компаниясының да тікұшағы құлады. Апаттан ұшқыш денесін күйік шалып, ауруханаға түсті. Апат себебін қазір комиссия анықтап жатыр.

Қаңтардың 28-і күні Қазақстан көлік прокуратурасы санитариялық авиация техникаларының барлығын толық тексеруден өткізетінін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG