Accessibility links

Серік Сапарғали: Айыпты ішінара мойындағаныммен, ешкімді сатқан жоқпын


Оппозициялық белсенді Серік Сапарғали. Алматы, 15 қазан 2012 жыл.
Оппозициялық белсенді Серік Сапарғали. Алматы, 15 қазан 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты сотқа тартылған Сапарғали абақтыдан шыққан соң Алматыда жиын өткізді. Баспасөз мәслихаты оппозиция белсенділерінің бірін-бірі айыптаған қызылкеңірдек дауына ұласты.

Дүйсенбі, қазанның 15-і күні Алматыда қамаудан босап шыққан саясаткер Серік Сапарғали баспасөз жиынын өткізді.

«ДОСТАРЫНЫҢ СҰРАУЫ БОЙЫНША» ӨТКЕН ЖИЫН

- Негізінде мен кішкене асықпай, осы аптаның аяғына таман алдарыңызға шығамын ба деп ойлап едім. Бірақ достарым «көптеген сұрақтар, пікірлер туып жатыр, соған жауап берсең» деген соң, дайын болмасам да шығуға тура келді, - деп бастады сөзін Серік Сапарғали.

Бұдан кейін белсенді «қиын кезде қолдау білдірген азаматтарға» алғыс айтты. Ол өзіне тағылған айыптарға қатысты:

- Маған көптеген айыптар тағылды, бірақ ішінен іліп алатын ешнәрсе табылмай, 164-бапты (әлеуметтік араздық қоздыру - ред.) кейіннен өздері алып тастады. Соңында қалған айып ( 170-баптың 2-тармағы - Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру) бойынша екі эпизод болды. Бірі – 2010 жылы маусымның 25-інде Амангелді Имановтың ескерткіші қасында сөйлеген сөздерім. Ол Аблязовқа да, Козловқа да қатысты емес еді. Ол кезде мен Кеден Одағына «экономикалық тәуелсіздіктен айырылсақ, ар жағында саяси тәуелсіздіктен айырылу тұр» деп қатты сын айтқанмын. Соны «Аблязовтың нұсқауымен айттың» дейді. Екінші эпизод – 2011 жылы желтоқсанның 17-сі күні алаңға шығып, «халықты қырып жатыр» деп айқайлағанмын. Ал ол желтоқсанның 16-сындағы оқиғаға (Жаңаөзен оқиғасына - ред.) қалай әсер етеді? Тіпті күлкілі жағдай, - деді.

ЕСЕПТЕУ

«Біраз жыл кәсіподақ жұмысына араласып, тәжірибе жинадым» деген Серік Сапарғали ереуілдеген мұнайшылардың талабы заңды болғанын, алайда екі жақты ымыраға келтіретін мәмілегер топтың әлсіз болғанын айтты.
Ақтау абақтысынан босап шыққан Серік Сапарғалиді журналистер әуежайда қарсы алып тұр. Алматы, 11 қазан 2012 жыл.
Ақтау абақтысынан босап шыққан Серік Сапарғалиді журналистер әуежайда қарсы алып тұр. Алматы, 11 қазан 2012 жыл.

- Мұнайшылар арасынан шыққан алты адам өте әлсіз болды. «Мұнайшылар ереуілі заңсыз» деген сот шешіміне қарамастан, «ҚазМұнайГаз» басшылығы келісімге келу комиссиясын құру туралы ұсынды. Алайда Наталья Әжіғалиева «Бізге Соколованы алып келіңіздер, өтемақы мәселесін шешіңіздер, біз соңына дейін тұрамыз» деп қысқа қайырды. Бұл келіссөз бе? - деді Сапарғали.

Оның сөзіне қарағанда, егер осы сәтті дұрыс пайдаланғанда оқиға «заңды жолмен» өрбитін еді.

- Егер басшылықтың «жұмысқа қайтыңдар» дегеніне құлақ асып, арасынан бес-алты адам ғана келіссөзге қалып, келіссөзді жалғастыра бергенде, аяғы мұндай болмас па еді... Менің есептеуімше, мұнайшыларға 1,8 коэффициенті төленіп келген. Бірақ ол 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап төленбей қалған. Сол жылдан бергі орташа жалақыға 1,8 коэффициентті көбейтіп, бұған тағы жыл сайынғы инфляцияны қоссаңыз, компания мұнайшыларға шамамен 13 миллиард теңге берешек болады. Бұл - компанияның мұнайшыларға төлеуі тиіс қаржысы, - деді Серік Сапарғали.

«КОЗЛОВ ҮШІН ОТЫРДЫМ»

Жиын барысында Серік Сапарғали өзімен бірге айыпталып, жеті жарым жылға сотталған Владимир Козлов туралы да айтты.

- Мені саясаткер ретінде сынаған мақалалар көп екенін байқадым. Тіпті өзімнің достарым деп жүргендер де сынады. Арасында «Республика» газетінен «Сольет ли Сапаргали Козлова» деген мақаланы көрдім. Ей, мен сол Владимирге қарсы көрсетпегенім үшін отырдым ғой. Мен «Владимир Козловтың нұсқауымен бардым» деп айтсам, мені босатар еді. Бұдан бөлек 8-і күні соттан босап шыққанда «алғалық» достарымнан «Құтты болсын, Сәке!» деп ешкімнің айтпағаны мен үшін соққы болды. Мен Володя үшін отырдым ғой, мен оны көрсетпегенім үшін отырдым, өйткені мен ешкімді сата алмаймын, - деді саясаткер.
Серік Сапарғали мен Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Серік Сапарғали мен Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.

Ол өзін сынаушыларға қарсы уәж ретінде бұдан бұрын босап шыққандар туралы айтты.

- Атабаев, Мамайлар 65-пен (Қазақстан қылмыстық кодексінің 65-бабы - шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату) шықты ғой. Олар ана жаққа – айыптау жығына шығып кетті ғой. Бірақ олар - әлі батыр. Оларды құттықтайды, маған ауыр-ауыр сөздер айтады, - деді оппозициялық белсенді.

«КОЗЛОВ, КОЗЛОВ», АЛ МЕНІ МАМАЙДАН СОҢ ЖАЗАДЫ»

Ол бұдан ары қамауда отырғанда өзі туралы ақпарат құралдарының аз жазғанын айтып өтті.

- Қазір өзін «демократпыз» деген жігіттер бар, Еуропаға апта сайын шауып жүрген. Олар Козловты айтады, ал мен жоқпын. Баспасөзде де «Козлов, Козлов», ал мені Мамайдан (Жанболат Мамайды айтады - ред.) кейін жазып қояды. Мен саясатқа келгенде Мамайдың «бесіктен белі шықпаған» еді. Мен Козловқа айттым, «Егер сендер демократ болсаңдар, әділ болуларың керек. Әйтпесе биліктен қай жерлерің артық» дедім. Ал бір ғана Козловты жаза беретін «Республика» секілді басылымдардың Назарбаевты жаза беретін «Казахстанская правдадан» қай жері кем? - деді Серік Сапарғали.

Бұл сөздерге жиынға қатысқан саясаткерлер - Жасарал Қуанышәлин мен Айсұлу Қадырбаева ашулы қарсылық білдірді.

- Сіздің «Козлов үшін отырдым» дегеніңіз дұрыс емес, себебі сізге Козлов нұсқау берген емес, сіз өзіңіз үшін отырдыңыз! Екіншіден, сізге қатысты басылымдар бізден сұрады: «Козловты жазып жатырмыз, ал Сәкең туралы айтатын адам жоқ» деді. Біз айтатынымызды айттық. Мен суретіңізді алып КНБ (Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті – ред.) алдына шықтым. Біз адамдарды жинадық, адвокатыңызды қосып, туысқандарыңызды шақырдық - балаңыз келіспеді, қызыңыз келіспеді, екі бірдей ағаңыз да келіспеді. Сондықтан сіздің артыңыздан келетін адам болмады, - деді Айсұлу Қадырбаева.
Серік Сапарғалидің "ішінара мойындауының" қолмен жазылған нұсқасының фотокөшірмесі. Алматы, 15 қазан 2012 жыл. Суретті үстінен бассаңыз, үлкейеді.
Серік Сапарғалидің "ішінара мойындауының" қолмен жазылған нұсқасының фотокөшірмесі. Алматы, 15 қазан 2012 жыл. Суретті үстінен бассаңыз, үлкейеді.

Қадырбаева «Сотта Серік Сапарғали өкінетінін айтты, ал бұл - айыпты мойындау» деді.

Ал оппозиция белсендісі Жасарал Қуанышәлин Жаңаөзен оқиғасына қатысты айып тағылған «бүкіл қазақ жігіттері бір Козловқа татымады, ол соңына дейін қасқайып тұрып, сотталып кетті» деп мәлімдеді. Баспасөз мәслихатының аяғы осыдан соң қып-қызыл дауға ұласты.

Серік Сапарғали сотта айтқан сөзін қайтадан түсіндіріп шығуға мәжбүр болды.

- «Мен Жаңаөзенге жасаған үш сапарымда да мұнайшылардың мәселесін шешуге көмектескім келді. Өкінішке қарай, 2011 жылдың қараша айының аяғында мен мұнайшылар талабы мен іс-әрекеті заң шеңберінен шығып кеткенін түсіндім. Осыған дейін менің сөздерімді мұнайшылар дұрыс түсінбейді деп ойлаған емеспін. Менің сөзім мен ісім еруілші мұнайшыларға негативті әсер еткен болса, шын жүрегіммен өкініп, өз кінәмді мойындаймын» дедім. Мен тек ішінара айыпты мойындадым, ешкімді сатқан жоқпын, - деді ашуға булыққан Серік Сапарғали.

Баспасөз мәслихатының соңында болған даудың үзіндісін мына жерден көре аласыз:

Баспасөз мәслихатындағы дау
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:48 0:00

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
XS
SM
MD
LG