Accessibility links

Мектеп директорлары ҰБТ-дан соң қысымға жолыққандарын айтты


Сарыағаш ауданындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы орта мектептің директоры Рахымжан Мекембекұлы. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Сарыағаш ауданындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы орта мектептің директоры Рахымжан Мекембекұлы. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Сарыағаш ауданында ҰБТ-дан кейін бірнеше мектептің директоры жұмыстан кеткені хабарланды. Аудандық білім бөлімі «директорды білім сапасын төмендеткені үшін босатуға болады» дейді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы бірнеше мектептің директорлары «аудандық білім бөлімі биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижесіне байланысты қысым көрсеткені» туралы Азаттыққа хат жазды.

Хатта «түлектері биылғы ҰБТ-да төмен балл жинаған 22 мектептің директорлары мен оқу-тәрбие ісі бойынша орынбасарларына Сарыағаш аудандық білім бөлімі қысым көрсетіп, көпшілігіне өз еркімен қызметтен кету жөнінде ұсыныс жасағаны, кейбіріне қатаң сөгіс жариялағаны» айтылған. Хат иелері «ҰБТ нәтижесі бойынша мұндай қатаң шара қолдану арқылы аудандық білім бөлімінің жаңадан келген басшысы заңсыз әрекет жасады» деп санайды.

Шағым айтушылар бұл хатты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, бас прокурор Жақып Асановқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро төрағасы Қайрат Қожамжаровқа, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке жолдағандарын да айтады.

«ӨЗ ЕРКІМЕН КЕТУ»

Хат авторларының бірі – Сарыағаш ауданындағы Яссауи атындағы орта мектептің директоры Қарқара Анарбаева. Ол Азаттыққа жеткен хатты Сарыағаш ауданындағы «қысым көрген бірнеше мектеп директоры бірлесіп жазғанын» растады.

– Мектебіміздің бітірушілері биылғы ҰБТ-да төмен балл жинағандықтан аудандық білім бөлімінің басшылығы «өз еркімен қызметтен кету» туралы арыз жазуды ұсынды. Қайта-қайта ауданнан хабарласа берген соң телефонымды ажыраттым, тыныштығымды алды, – дейді ол.

Қарқара Анарбаеваның сөзінше, Сарыағаш ауданында алты мектептің директоры арыз жазып, жұмыстан кеткен.

Осы аудандағы Шәмші Қалдаяқов атындағы орта мектептің директоры Рахымжан Мекембекұлы да ҰБТ кезінде түлектері төмен балл жинаған 22 мектептің директорына қысым жасалғанын айтады.

ҰБТ-ы тапсырып шыққан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

ҰБТ-ы тапсырып шыққан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

– Аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Махановтың тапсырмасымен 15-тен астам мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қызметтен босатылды. «Тікелей жауапты орынбасарды босатыңдар» деді. Менің орынбасарым өзі кетті қызметінен. Бірақ оның да жазығы жоқ еді. Енді директорлардың өздерін де жұмыстан босатқысы келеді, – дейді ол.

Өзі басқаратын мектеп ҰБТ көрсеткіші бойынша аудандағы 109 мектептің ішінде 105-орында қалғанын айтқан Рахымжан Мекембекұлының сөзінше, оның түрлі себептері бар.

– Мен мектеп бітірушілердің 95 пайызын ҰБТ-ға қатыстырдым. Ал кей мектептер бітірушілердің 50 пайызын, яғни жақсы оқиды дегендерді ғана апарады. Мен олай жасамадым. Әрбір оқушының ҰБТ-дан бақ сынап көруге құқығы бар. Оның үстіне жыл бойы алты рет өткен байқау тестінде біздің оқушыларымыздың көрсеткіші жоғары болған еді. Бәлкім, оқушылар қобалжыған болар, – дейді ол.

Рахымжан Мекембекұлы аудандық білім бөлімінің «қызметтен өз еркімен кетпегенді еңбек кодексі бойынша кетіретінін ескерткенін» айтады.

«ҰБТ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША» ДЕП ШЫҒАРЫЛМАЙДЫ»

Азаттық тілшісі Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Махановпен сөйлесе алмады. Осы бөлімнің кейбір қызметкерлері басшыларының рұқсатынсыз пікір айтудан бас тартты.

– ҰБТ көрсеткішіне бола директорды босату заңға сай келмейді. Бізде ондай жоқ. Ал орынбасарын директордың өзі босатады, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Мұхиттин Абилов

ҰБТ көрсеткішіне бола директорды босату заңға сай келмейді. Бізде ондай жоқ. Ал орынбасарын директордың өзі босатады.

Сарыағаш ауданы білім бөлімінің жетекші маманы Раушан Төлендинованың сөзінше, аудан биыл ҰБТ-да ел бойынша ең төмен балл жинағандардың қатарында қалған.

– Білім бөлімі ҰБТ көрсеткішіне байланысты оқу ісінің орынбасарларына шара қолдану жөнінде ұсыныс жасағаны рас. Мектеп директорларына қысым болған жоқ, қайта орынбасар ретінде өздерін көрсетуге мүмкіндігі бар екені айтылды. Әрине, мектеп директорлары «ҰБТ көрсеткіші бойынша» деген баппен жұмыстан босатылмайды. ҰБТ-ның өзі білім сапасының төмендегенін көрсетіп тұр. Сондықтан білім сапасын төмендеткені, басшылықты босаңсытқаны үшін де босатуға болады, – дейді ол.

Раушан Төлендинованың айтуынша, Сарыағаш аудандық білім бөлімі түлектері ҰБТ-дан өте төмен балл жинаған мектептердің бәрін тексеріп жатыр. Ол «жоғарғы жаққа хат жолдап, арызданып жүргендердің кімдер екенін шамалайтынын» да айтты.

– Жаңа басшымыз алқа мәжілісі кезінде оқу ісін ақсатқан мұндай басшыларға қызметте әрі қарай қалу-қалмауды ұяты білсін дегенді айтқан. Осыдан кейін бірнеше мектеп директоры өз еріктерімен арыз жазып кетті, – дейді ол.

Раушан Төлендинова ауданда нақты қанша мектеп директоры «өз еркімен қызметінен кеткенін білмейтінін» айтады.

ҰБТ-ға байланысты мектеп директорларын жаппай қызметтен босату 2013 жылы Қызылорда облысында болған еді. Ол кезде түлектері ҰБТ-да төмен балл жинаған 27 мектептің директоры облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тапсырмасынан кейін қызметінен босатылған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG