Accessibility links

Халықаралық құқық қорғаушылардың Саркозидің сапарынан күткен үміттері ақталмады


Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркози Астанадағы кездесуде. Астана. 6 қазан, 2009 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркози Астанадағы кездесуде. Астана. 6 қазан, 2009 жыл.

Франция президенті Николя Саркози халықаралық ұйымдардың өтінішіне қарамастан, Қазақстандағы адам құқығы жағдайын айналып өтті. Сарапшылар француз президентін саясаттан гөрі экономикалық мүдде көбірек қызықтырды дейді.

Осыған дейін халықаралық Human Rights Watch ұйымының Франция президенті Николя Саркозиді Қазақстандағы адам құқығының аяққа тапталуы жағдайына әсер етуге шақырғаны турасында айтылған еді. Қазақстандағы адам құқығы турасында алаңдаушылық білдірген аталмыш ұйым Саркози осылай әрекет жасаса, елдегі билікті «ақылға шақырарына» сенімді болатын. Сонымен қатар ұйым өкілдері Франция президенті Қазақстандағы белгілі құқыққорғаушы Евгений Жовтистің ісіне қатысты пікір білдіруі тиіс деп үміттенген еді.

Франция президентінің іссапары кезінде оның назарын аталмыш мәселеге өзге де құқық қорғау ұйымдары аудартпақ болды. Атап айтқанда, «Орталық Азиядағы адам құқығы» (Франция), «Узбекская инициатива - Лондон» (Ұлыбритания), «Хельсинкі комитетінің Орталық Азиядағы өкілдігі» және т.б. ұйымдар Саркози Астанаға ат басын тіреген күні қамаудағы құқық қорғаушы Евгений Жовтистің бостандыққа шығу ісіне қол ұшын беру туралы оған үндеу жолдады. Үндеуде Жовтистің ісі бойынша соттың әділ өтпегендігін, онда тапсырыстық сипат бар екені турасында айтылады. Сондай-ақ:

«Президент мырза! Ресми кездесу барысында Евгений Жовтисті босату мәселесін көтеруіңізді сұраймыз. Адам құқығы мен бостандығын қорғаушының тағдырына сіздің араласуыңыз тек Жовтиске ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия өңірінде демократиялық құндылықтардың дамуына үлкен маңызы бар» делінген үндеуде.

Алайда Франция президентін Қазақстанға тек экономикалық мүдделер жетелеп келген сыңайлы дейді сарапшылар. Мұны сапары барысында Франция президентінің өзі де жасырмады.

Николя Саркози: «Әрине, бізді сіздерде бар энергия, шикізат қызықтырады. Тіпті, бізде әлемдегі ең үздік кәсіпорындар бар...біз сіздерде бар шахталарды, кен орындарын пайдаланамыз. Бұл салада тәжірибеміз де жоқ емес. Біздің сіздерге қатысты саяси есебіміз де бар. Біз Қазақстанның бұл аймақта қандай саяси-дипломатиялық салмағы болуы мүмкін екенін білеміз».

Дегенмен де Саркози Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жағын айналып өте алған жоқ. Оның пікірінше, Қазақстан халықаралық қауымдастық алдында алған уәделерін орындауға тырысуда.

Николя Саркози: «Мен президентпен (Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) демократия, адам құқығы т.б. көптеген мәселелер турасында сөйлестім. Және мен француз дипломатиясының басшысы ретінде Қазақстанды қолдау туралы шешім қабылдадым. Және бұл бейбіт таңдау болды. Себебі, менің ойымша, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның барлық нормалары мен стандарттарын орындауға талаптануда» деді.

Қазақстандағы сот жүйесіндегі әділетсіздіктермен күресу мақсатында қоғамдық ұйым ашқан заңгер Таһиржан Ахметовтың айтуынша, Қазақстанда адам құқығының жиі тапталуының түп-тамырында заңның өзі жатыр.

«Адам құқығын толықтай қорғауға біздің заңнамамыздың қауқары жетпейді. Айталық, Негізгі заңымызда сот төрешісі өзінің ар-ұятына қарай шешім шығарады деп жазылған. Бұл дегеніңіз, шешімді заң емес, сот төрешісі өзі шығарады деген сөз. Бұл дұрыс емес. Сот төрешісі ең алдымен заңды басшылыққа ала отырып шешім шығаруы тиіс. Сол себепті ҚР-ның заңнамасы түбегейлі реформаны қажет етеді. Ал оған дейін азаматтардың құқығы таптала береді», - дейді Т.Ахметов..

Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның өкілі Андрей Гришиннің пікірінше, Франция президентінің Қазақстанға жасаған сапары азаматтық қоғамға еш өзгеріс алып келмейді. Сол себепті халықаралық ұйымның үндеуі тек пікір, өтініш ретінде қала бермек.

«Түрлі халықаралық ұйымдардың есептерінен көретініміз, Қазақстан соңғы жылдары құқық саласының кем-кетіктері көрінбейтіндей жасампаз қадамдар жасауда. Бірақ қордаланған мәселелер мұнымен шешілмейді. Ал Human Rights Watch ұйымының Саркозиге айтқан өтінішінен нәтиже шықпайтын сияқты. Себебі, Франция президенті мұнда француз компанияларының экономикалық мүдделерін қорғау үшін келді», - деді Андрей Гришин.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG