Accessibility links

Сарыағашта сотталған белсенді тағы сотқа тартылды


Журналист әрі белсенді Амангелді Батырбеков. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласы, 21 қыркүйек 2016 жыл.

Журналист әрі белсенді Амангелді Батырбеков. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласы, 21 қыркүйек 2016 жыл.

Сарыағаш ауданында бұған дейін бір рет сотталған белсенді сол шағым бойынша қайтадан істі болды. Аудандық прокурордың орынбасары оның мақаласына наразы.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласында журналист әрі «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Батырбековтің үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты соттың алғашқы отырысы өтті. Оған қылмыстық кодекстің 411 («Судьяға, алқабиге, прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына қатысты жала жабу») және 419-баптары («Көрiнеу жалған сөз жеткiзу») бойынша айыптар тағылған.

Бұл істе жәбірленуші тарап – Сарыағаш аудандық прокурорының орынбасары Нұрлан Сапаров. Ол Батырбековтің жергілікті басылымда жариялаған мақаласындағы өзі жайлы пікірлерге наразы болып, оны «маған жала жабу» деп таныған.

ЖАРТЫ САҒАТТЫҚ СОТ

Таңғы сағат 10-ға белгіленген сот жарты сағат кешігіп басталды. Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Тасболат Машрапов басшылық еткен сотқа айыпталушы Амангелді Батырбеков пен оның қоғамдық қорғаушысы және адвокаты,жәбірленуші Сарыағаш аудандық прокурорының орынбасары Нұрлан Сапаров және прокурор Бауыржан Қараманов қатысты.

Айыпталушыны қолдап келген «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық бірлестігінің 20 шақты мүшесі сот залының тарлығына байланысты процеске қатыса алмады.

Судья Тасболат Машрапов сотқа келген журналистердің видео мен фото түсіруіне рұқсат еткенімен, Азаттық тілшісінің аудиоға жазуына рұқсат етпеді. Ал жәбірленуші Нұрлан Сапаров журналистердің өзін видео мен суретке түсіруіне қарсылық танытты. Жәбірленушінің сөзін прокурор Бауыржан Қараманов та қуаттап, судья тек жәбірленушіні видео мен фотоға түсірмеуді ескертті.

Сарыағаш аудандық сотының ғимараты. (Сурет Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық сотының ресми сайтынан алынды).

Сарыағаш аудандық сотының ғимараты. (Сурет Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық сотының ресми сайтынан алынды).

Айыпталушы Амангелді Батырбеков бүгінгі сот отырысында «куəгер ретіндеарасында облыс прокуроры да бар үш адам шақырылсын», «дауға себеп болған мақалаға сараптаманы Астанада жасасын», «іс мақалаға байланысты қозғалған болса, газетті де сотқа берсін», «тергеу біржақты жүргізілгендіктен сот процесінде барлық талап-тілектерім қанағаттандырылсын» деген талаптар айтты. Судья бұл талаптардың бәрін ашық қалдырды.

Сот отырысында айыпталушының қоғамдық қорғаушысы Гүлзада Баймұратова мен прокурор Бауыржан Қараманов іспен әлі таныса алмағандарын айтып, сот отырысын кейінге шегеруді сұрады. Сот төрағасы Тасболат Машрапов олардың талаптарын орындап, жарты сағатқа созылған сот отырысын аяқтады. Келесі сот отырысы қыркүйектің 28-інде өтпек.

ДАУДЫҢ БАСЫ – МАҚАЛА

Айыпталушы Амангелді Батырбеков «Әділет» газетінде жарияланған «Заңнан да, құдайдан да... немесе жазықсыздардың жанайқайы бас прокуратураға жете ме?» атты мақаласына бола сотқа тартылып жатқанын айтады. Оның сөзінше, мақалада сөз болған азамат – Сарыағаш ауданы прокуроры орынбасары Нұрлан Сапаров «жеке басыма жала жапты» деп, сотқа шағымданған.

Амангелді Батырбековтің "Әділет" газетінде жарияланған мақаласының скриншоты. 10 сәуір 2015 жыл.

Амангелді Батырбековтің "Әділет" газетінде жарияланған мақаласының скриншоты. 10 сәуір 2015 жыл.

– Мақалада «қылмысты жасырған прокурорға әлі түк болған жоқ» деп жазғаным үшін маған ауыр қылмыс жасады деп айып тағылды. Үш айдан астам уақыттан бері үйқамақта отырмын. Соттан әділ шешім күтемін, – дейді Амангелді Батырбеков.

Ол «бұл істің қозғалуының астарында әлеуметтік желілер және газет арқылы аймақтағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты жазған жазбаларым мен сыни мақалаларым себеп болған» деп жориды.

Бұл істе жәбірленуші деп танылған Сарыағаш ауданы прокуроры орынбасары Нұрлан Сапаров:

– Сот процесін күтемін. Сот заңды шешім шығарады, – деп қана жауап берді.

Амангелді Батырбеков бұдан бір жыл бұрын да «бүгінгі сотқа себепкер» деген мақаласы негізінде істі болған. Сарыағаш ауданы прокуроры орынбасары Нұрлан Сапаров «бұл мақалада жеке басыма жала жапты» деп жеке тұлға ретінде арыз түсіріп, Амангелді Батырбековтен 1 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіруді талап еткен.

Сарыағаш ауданы прокуратурасының ғимараты. (Сурет Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы прокуратурасының ресми сайтынан алынды).

Сарыағаш ауданы прокуратурасының ғимараты. (Сурет Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы прокуратурасының ресми сайтынан алынды).

2015 жылы қазанның 14-і күні Сарыағаш аудандық соты Амангелді Батырбековті қылмыстық кодекстің 130-бабының («Жала жабу») 3-бөлігі бойынша бір жарым жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге бұйырған үкім шығарған, Нұрлан Сапаровтың пайдасына 50 мың теңге өндіру туралы шешім қабылданған. Амангелді Батырбеков мақаласындағы мәліметтердің теріске шығаратын мақала жариялауға міндетті болған.

Амангелді Батырбеков 2015 жылы қарашаның 3-і күні Шымкентте түрмеде отырған жерінен БАҚ-қа хат жолдап, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жазықсыз сотталғанын жеткізуді өтінген. Ол ашық хатында өзін «құқықтық тақырыпта 70-тен аса мақала жариялаған адаммын» деп таныстырған. «Әділ сөз» ұйымы сол кезде Амангелді Батырбековты «Қазақстандағы сөз еркіндігінің тұтқыны» деп атаған.

Ал 2016 жылы қаңтардың 29-ы күні Оңтүстік Қазақстан облыстық соты Сарыағаш аудандық сотының Батырбековке байланысты үкімін бұзған. Облыстық сот Сарыағаш ауданы прокуроры орынбасары Нұрлан Сапаровтың бұл іс бойынша жеке тұлға ретінде шағым түсіре алмайтынын айтып, істі ішкі істер департаментіне жолдаған. Нұрлан Сапаров содан кейін лауазымды тұлға ретінде Сарыағаш аудандық сотына қайта шағым берген. Сот маусымның 8-інде Амангелді Батырбековті қамауға алуға санкция беріп, белсенді маусымның 11-інде үйқамаққа алынған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG