Accessibility links

Ынтымақтан әкетілген тәжік отбасы үйіне қайтуды аңсайды


Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылында жүрген жедел жәрдем көліктері. Оңтүстік Қазақстан облысы, 11 ақпан 2015 жыл.
Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылында жүрген жедел жәрдем көліктері. Оңтүстік Қазақстан облысы, 11 ақпан 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылының тұрғыны Бақытжан Артықовтың қазасынан соң билік ауылдан әкеткен Зайнидин Нарметовтың отбасы үйіне қайтып оралғысы келеді.

АУЫЛДАН ӘКЕТІЛГЕН ОТБАСЫ

Сәуірдің 29-ы күні Азаттыққа телефон соғып, өзін Зайнидин Нарметов деп таныстырған адам биыл ақпанда Сарыағаш ауданында болған тәріпсіздіктерден соң Ынтымақ аулынынан көшірілген тәжік отбасының бірі екенін айтты. Ол ақпандағы тәртіпсіздіктерге себеп болған кісі өліміне айыпталушы Навмидин Нарметовтың туған ағасы екенін жеткізді.

«Кісі өлтірген бауырымның полицияға берілуіне өзім көмектестім, сол үшін құқық қорғау органдары басшылары рақметін айтқан» дейді Зайнитдин Нарметов. Ол ауылдағы тәртіпсіздіктерден кейінгі екі жарым ай Шымкент қаласында отбасымен бірге полицияның қадағалауында үйқамақта отырғандай күн кешіп жатқанын айтады.

Ақпанның 3-і күні Ынтымақ ауылының тұрғыны Бақытжан Артықовтың кісі қолынан мерт болуы Бостандық және Ынтымақ ауылдарында ақпанның 5-і мен 6-сында тәртіпсіздіктерге ұласып, салдарынан жергілікті тәжік тұрғындарының меншігіндегі бірнеше тұрғын үй мен автокөліктер өртенгені хабарланған еді. Өлген жігіттің туыстары осы оқиға кезінде аталған ауылдардағы этникалық тәжіктерді көшіруді талап еткені туралы сол кезде сөз болған.

Зайнидин Нарметовтың айтуынша, Сарыағаштағы оқиғадан соң ақпанның 11-інде аудан әкімдігі ағайынды Нарметовтер отбасын Шардара кентіндегі белгісіз үйге апарған. Онда жағдай жоқтығына байланысты Зайниддин Нарметов әйелі және 19 жастағы ұлымен бірге Шымкент қаласында пәтер жалдап тұратын қызының қолына сұранып, сонда келген. Оның сөзінше, кісі өліміне айыпталған Навмидин Нарметовтың әйелі мен балалары және әке-шешесі де қазір Шымкент қаласында полицияның бақылауында отыр екен.

– Туған ағасы болғаныммен, ол үйден бөлек тұрғаныма 30 жыл болды. Соған қарамастан менің отбасымды да үйқамақта ұстағандай етіп отырғанын ұға алмаймын. Әуелі аудан әкімі Бұқарбай Парманов «2-3 күн ғана отырасыңдар» деген, кейін «Қазақстан президенті сайлауы өткен соң қайтасыңдар» деген сөз шықты, - дейді ол.

Ынтымақ ауылындағы өртенген үйге қарап тұрған адам. 11 ақпан 2015 жыл.
Ынтымақ ауылындағы өртенген үйге қарап тұрған адам. 11 ақпан 2015 жыл.

Зайнитдин Нарметов бұрыннан сусамыр (қант диабетімен) дертімен ауыратынын, бір аяғы мен бір көзден айырылып, екінші көзіне бірнеше рет операция жасатқан екінші топтағы мүгедек екенін айтады.

Өз сөзінше, ауылдағы орта мектепте 30 жылға жуық мұғалім болып істеп келе жатқан оның жинаған қаржысы да жоқ, мойнында өтелмеген кредиті бар. Шымкентке келгелі азық-түлік, дәрі-дәрмек алатын ақшалары таусылған. Зайнитдин Нарметов өзіне күніне төрт рет инсулин егетінін, қазір көзі де нашарлап, екпені баласы салып жүргенін айтады.

– Азық-түлік алатын ақшамыз да жоқ. Бізді қарауылдап жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлері жаны ашып, кейде өз қалталарынан ақша шығарып, азық-түлік әкеп жүр, – дейді ол.

Зайнитдин Нарметов өзін заңсыз ұстап отырғанын айтып бас прокуратураға, президент әкімшілігіне хат жазыпты. Бірақ олар хатты Сарыағаш ауданы прокуратурасына жолдаған, ол жердегілер Сарыағаш ауданы әкімдігіне жіберіп, мәселені қарауды сұраған. Зайнитдин Нарметов Азаттыққа жіберген хаттардың арасында Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Құзырет Қыстаубаевтың Жартытөбе ауылдық округіне «мәселені қарау жөнінде» сәуірдің 7-сінде жазған хаты да бар.

«РАЙЫНАН ҚАЙТҚАН ЖОҚ»

Азаттық тілшісі Жартытөбе ауылдық округіне жаңадан тағайындалған әкім Абай Әшіров «Зайнитдин Нарметовтің отбасын ауылдан уақытша кетіру – ауыл тыныштығын сақтау үшін жасалған шара» деп түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, ақпандағы оқиғадан кейін ауыл тынышталған. Бірақ, кісі өліміне айыпталушының жақын туысы ауылға қайта оралуға әлі ерте деп санайды әкім.

– Ауылдағы тәжік диаспорасы баласы қаза болған үйге барып көңіл айтып, бірнеше рет кешірім сұрады. Бірақ, кісі өліміне күдікті Навмидин Нарметовтың жақын туыстары енді ғана кешірім сұрап жатыр. Бірден сұрауға бата алмады. Зайнитдин Нарметов сәл шыдаса ауылдағы ахуалға да жақсы болар еді, бұл мәселе шешілетін уақытта дәл айта алмаймын, - дейді ол.

Әкім ауылда ұлтаралық татулық мәселесі жайында бірнеше рет жиылыс өткенін айтты.

– Қаза болған Бақытжанның ата-анасы мен туыстарының алдынан өтіп жатырмыз. Бүгін, сәуірдің 30-ы – Бақытжанның туған күні, Құран оқытып, ас береді, соған барғалы тұрмын, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Ауыл әкімінің сөзін Сарыағаш ауданы тәжік диаспорасының жетекшісі Нұрәлі Шаолиев те растады.

– Тәжік ақсақалдары бірнеше рет кешірім сұрап бардық. Бірақ, Нарметов әулетінің өзі барса кешірім берер деп күтіп отырмыз. Кісісі қаза болған азаматтың туыстары «ауылдан көшсін» деген талабынан қайтса Зайнидин Нарметовтің отбасы да қайта оралады, - дейді ол.

Ынтымақ ауылындағы жылыжайлардың бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 11 ақпан 2015 жыл.
Ынтымақ ауылындағы жылыжайлардың бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 11 ақпан 2015 жыл.

Өзі де Ынтымақ ауылында тұратын Нұрәлі Шоалиев Зайнитдин Нарметовтің «ауылдан көшірілетін отбасылардың тізіміне асығыстықпен» ілініп кеткенін айтады.

– Олар бөлек үйде тұратын отбасы. Зайнитдиннің денсаулығы нашар екенін де білеміз. Кредиттерін төлеп, жәрдемдесіп жатырмыз. Өзіне де бірнеше рет барып, шыдай тұруды өтіндік. Ол қайтып келсе ауылдан тыныштық кетуі мүмкін. Қайтыс болған үйдің туыстары әлі райынан қайтқан жоқ. Зайнитдин Нарметовтің үйінде қазір туыстары тұрады, есік алдындағы бақшасын егіп жүр, - дейді ол.

Нұрәлі Шаолиевтің айтуынша, қазір Жартытөбе ауылдық округінде түнге қарай оннан аса полиция көлігі кезекшілік етеді. Ауылда құрамында 71 адам бар көше комитеті сайланып, жастар мен беделді адамдар түнімен кезектесіп көше аралайды.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ пен Бостандық ауылдарында ақпанның 5-і күні қазақ жастары жаппай көшеге шығып, сол ауылдағы жергілікті этникалық тәжіктерге тиесілі ондаған үй мен көліктер өртенген.

Ынтымақ ауылдық әкімдігі алдында тұрған полиция қызметкерлері. 11 ақпан 2015 жыл.
Ынтымақ ауылдық әкімдігі алдында тұрған полиция қызметкерлері. 11 ақпан 2015 жыл.

Құқық қорғау органдары таратқан ақпаратқа қарағанда, қазақ жастарының наразылығына ақпанның 3-і күні кісі қолынан қаза болған Ынтымақ ауылы тұрғыны Бақытжан Артықовтың өлімі түрткі болған. Азаттық тілшісімен сөйлескен жергілікті тұрғындардың сөзіне қарағанда, Бақытжан Артықов көзі тірісінде өзіне тиесілі жылыжайды Бостандық ауылының тұрғыны Навмидин Нарметовке жалға берген. Кейін екеуінің арасында дау туып, оның соңы кісі өліміне соқтырған.

Навмидин Нарметов арада бірнеше күн өткенде Өзбекстан аумағында ұсталып, Қазақстанға жеткізілген. Оның үстінен «адам өлтіру» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа ақпанның 24-і күні түскен.

Наурыздың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Абинур Қарабаев кісі өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс қосымша айғақтар табылуына байланысты қайта тергеуге жіберілгенін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG