Accessibility links

«Топольдан» соң Сарышаған тағы назарға ілінді


"Тополь" сынағы туралы Facebook желісіндегі Казакская орда қолданушысының демотиваторы.

"Тополь" сынағы туралы Facebook желісіндегі Казакская орда қолданушысының демотиваторы.

Кейбір ресейліктер «Сарышаған» полигонындағы нысанаға атылған «Тополь» баллистикалық зымыранын «метеорит» деп қабылдаса, қазақстандық белсенділер бұл сынақты «қорлық» деп бағалайды.

Қазанның 10-ы күні Ресей Астрахань облысындағы Капустин Яр полигонынан «Тополь» РС-12М зымыранын сынақтан өткізді. Зымыран Қазақстандағы Қарағанды облысында орналасқан Сарышаған әскери полигонындағы нысанаға дәл тиген. Ракетаны көрген кейбір ресейліктер оны «метеорит» деп қабылдаса, қазақстандықтар кезекті сынақ зымыраны екенін түсінген.

Ресей «Тополь» РС-12М құрлықаралық баллистикалық зымыраны қазанның 10-ы күні Мәскеу уақыты бойынша 17.39-да атылған.

Зымыранның ұшқан сәтін Ресейдің Екатеринбург қаласының тұрғындары видеоға түсіріп, оны «метеоритке ұқсас ерекше обьект» деп сипаттаған. Кейін Ресей қорғаныс министрлігі ресейліктер көрген ұшу объектісінің «Тополь» зымыраны екенін мәлімдеді.



«Сынақтың мақсаты - қолданыс уақыты ұзартылған зымыранның техникалық жарамдылығын тексеру болды» деп хабарлады Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Егоров.

"Тополь" құрлықаралық баллистикалық зымыраны 1977 жылдан бері жетілдіріліп келеді. Зымыранның ұшу қашықтығы – 11 мың шақырым.

«ҮЙРЕНШІКТІ СЫНАҚТАР»

Шымкенттік интернет қолданушы Нұрлан Құлымбетов Азаттық тілшісіне қазанның 10-ы күні кешкісін аспаннан зымыранды көргенін айтады.

- Кеше кешкісін аспанда бірдеңе жарылды. Кешкі жеті мен сегіз арасында аспанда жарық қатты болды да, жоғалып кетті, - дейді ол.

Қарағанды облысы Сарышаған ауылының тұрғыны Мэлс Сапанов Азаттыққа аспанда қатты жарық көрініп, дауыс естілгенде онша таң қалмағанын айтады. Өйткені бұл өңірдің тұрғындары әскери сынақтарға үйреніп қалған.

- Сағат кешкі сегізден кейін аспан жарқ ете қалды. Дауысы қатты болмаса да естілді. Зымыран екенін түсіндік. Сарышаған полигонында сынақтар болып тұрады. Ол – біз үшін үйреншікті. Халық сынақтан қалған темірлерді өткізіп, ақша да табады, - деді ол Азаттық тілшісіне.
"Космос" әскери спутнигін алып ұшқан ресейлік зымыран. Байқоңыр, 30 наурыз 2012 жыл

"Космос" әскери спутнигін алып ұшқан ресейлік зымыран. Байқоңыр, 30 наурыз 2012 жыл


«Тополь» зымыранының «сәтті түрде сынақтан өткені» туралы ресми ақпарат тарай сала кейбір қазақстандық қоғам белсенділері әлеуметтік желілерде наразылық танытып түрлі постар мен демотиваторлар жариялай бастады.

Байқоңырдан ресейлік «Протон-М» зымыранын ұшыруға қарсы шығып жүрген қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан Facebook-тегі парақшасында:

«Қорланып отырмын... Сарышаған деген киелі Сарыарқа емес пе? Жер бетінде қайсы бір елдің өзге ел территориясын жүйелі түрде бомбалап жатқан, халқын гептилмен улап жатқан Ресейден басқа мысалын білмейді екем» деп жазады.

1996 жылы Қазақстан және Ресей үкіметі келісім жасап, Қарағанды облысындағы Сарышаған полигонының жарты бөлігі Ресейге жалға берілген еді. Ал жарты бөлігі – Қазақстанның иелігінде. Жыл сайын бұл полигонда Ресей мен Қазақстанның қорғаныс министрліктері әскери сынақтар өткізіп тұрады. Ресей бұған дейін де 2012 жылы қазанда Сарышағандағы нысананы құрлықаралық баллистикалық зымыранымен атып түсірген болатын.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG