Accessibility links

О заманда, бұ заман бала болса құбыжықтан қорқушы еді үлкен болса ібілістен қорқатын.Қазір енді адам баласының, әсіресе қазақстандықтардың зәре-құтын алатын қорқынышты дүниелер қатарына жарылғыш бомбамен теңдес кітап деген бір нәрсе пайда болды.

Ел аралап екі-үш айдан соң үйіне оралған Қожанасыр есегін жемдеп келіп, кешкі шәйін алдына ала бергенде есіктен сүрініп-қабынып көршісі кірді. Табалдырықтан тоңқалаң асып құлаған көршіні бетіне су бүркіп, мұрнына насыбай иіскетіп жүріп Қожекең әрең есін жиғызып алды.

- Апыр-ай, көршім-ай, тыныштық па, түрің өрт сөндіргендей ғой? – деп әпенді әбігерге түсіп-ақ қалды.

- Қожеке, қайдағы тыныштық болсын, сұлтанымыз тағы да шала бүлініп жатыр?! – дейді көзі аларып кеткен көршісі.

- Не боп қалыпты, елге кәпір шапты ма?

- Кәпір шапса жақсы ғой, жауды бірдеме қылып қайтарармыз. Әміршінің ашуынан хан сарайы селкілдеп тұр!
- Астапыралла! – дейді Қожа тілін кәлимаға келтіріп, - «Ет бұзылса – тұз себеді, тұз бұзылса не себеді?» дегеннің керін келтірдің ғой?!
Көрші болған жағдайды баяндай бастады.

- Әлгі, біздің сұлтанның Ұрымға қашып кеткен бұрынғы күйеу баласы әміршіні сөз етіп кітап жазыпты...

- Е-е, сұлтанды мақтап жазса маңайындағы сарай ақындары құрып қалып па?!

- Сұлтанды мақтап тақпақ шығарған сарай ақындарының қазынадан шапан кигенін көріп жүрміз ғой! Бұл кітап мақтау-мадақ емес, масқара!

- Астапыралла! – деп орнынан бір қозғалып қойды Қожанасыр, - Сұлтандардың семізіне қатырып айтқанды естіп едік, батырып айтқан қандай болады екен?
Көршінің үні қырылдап, көзі алақтай бастады.

- Көршім-ау, шәйдан ұрттап-ұрттап жіберші, мына түріңмен ана дүниеге жүріп кетерсің, - деп әпенді де бәйек болып қояды.

- Кітап – кітап емес, Қожеке, тура жын қамаған құмыра секілді дейді...
- Астапыралла!

- Иә-иә, Қожеке, ашып қалғанда алғашқы парағынан бастап әміршінің іс-әрекетін тәптіштеп-ақ жазған дейді...
Көрші хан сарайындағы оқиғаларды көзбен көргендей етіп сайрап отыр. Енді Қожанасырдың көзі алақтап, сақалы селкілдеп бара жатты.

- Оу, Қожеке! Сізге не болды? Шәйдан ұрттап отырыңызшы, - дейді көрші де күйіп-пісіп. – Апыр-ай, сізге бекер ғана айттым-ау бұл әңгімені...
Шәйдан ұрттап, жан шақырып алған Қожанасыр сөзге келді.

- Оқасы жоқ, көрші, - дейді Қожа, - Ел болған соң елдің ішіндегі сөзді біліп, естімегенге таратып жүру керек!

- Ойбай, Қожеке, дымың ішіңде болсын! – деп көршісі шыр-пыр болды. – Айттым ғой, бекер ғана сізге жеткіздім бұл әңгімені деп. Құримыз, ойбай, тісіңізден шығармаңыз!

- Е, несі бар? Сұлтан да екі аяқты пенде...

- Тыныш отырыңыз, Қожеке, бұл кітапты оқығандар былай тұрсын, сөз еткендер сотталып жатыр!

- Сонда қалай?

- Солай! Әміршіге жағымпазданып соттардың шығарған сондай жаңа «заңы» бар!
Қалаға кірген керуендерді «аты жаман» кітап жоқ па деп тексеріп жатқанын, кітапты оқыпты дегендердің бүкіл туған-туысын, көрші-көлемін тергеуге алып кеткенін, «аты жаман» кітап туралы сыбырлап сөйлескендердің өзіне сексен дүре соғылғанын көршісі Қожанасырға рет-ретімен жеткізді.

- Хан сарайының төбесіндегі бұлтты сырықпен сырып тастайтындай болып жүргендер, енді күнді алақанымен жауып тастайтындай болды ма? – деп Қожанасыр таңқалды.

- Алақандары күймесе, жауып тастаудан да тайынбайды!

- Сонда не дейді олар?

- Кітапты оқымаңдар дейді...
Осыны естуі мұң екен, Қожанасыр орнынан қарғып тұрып сандықтың үстінде жатқан көне шежірені отқа тастай салды.

- Мұныңыз не, Қожеке? Мынау парсы патшасының заманынан келе жатқан көне шежіре ғой?! – деп көршісі сасып қалды.

- Шежіре ме, басқа ма, бұл да кітап! Мүмкін, мұны да оқуға болмайтын шығар?!.
Қожанасыр шапанын иығына іле салып далаға беттеді. Артынша көшеге жүгіріп шыққан көршісі әпендіні таппай қалды. Біраз уақыттан кейін медресе жақтан шу шыққан соң, Қожанасырдың көршісі сонда жүгірді. Келсе, бір топ адам Қожанасырды қапсыра құшақтап тұр екен. Елдің айтуына қарағанда, әпенді медресенің кітапханасын өртеп жібермек болған.

- Мүмкін, медреседегі кітаптарды да оқуға болмайтын шығар?! – деп екіленіп қояды Қожанасыр. - Әпенді деп маған күлесіңдер, сендердің қылықтарыңа жынды адам шек-сілесі қатып күлгені соншалық ауруынан айығып кетеді...

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG