Accessibility links

Сауд Арабиясы королі қайтыс болды


Сауд Арабиясының көз жұмған королі Абдулла ибн Абдул-Азиз әл-Сауд.

Сауд Арабиясының көз жұмған королі Абдулла ибн Абдул-Азиз әл-Сауд.

Сауд Арабиясы королі Абдулла ибн Абдул-Азиз әл-Сауд 91 жасқа қараған шағында көз жұмды.

Сауд Арабиясының королі, 1924 жылы тамызда туған Абдулла ибн Абдул-Азиз әл-Сауд қайтыс болды. Оның жергілікті уақыт бойынша жұмаға қараған көз жұмғанын бүгін таңертең Сауд Арабиясының мемлекеттік телеарнасы хабарлады. Корольдің нақты неден қайтыс болғаны айтылмаған, бірақ ол 2014 жылдың соңында Эр-Риядта ауруханаға түсіп, өкпе ауруына шалдыққаны анықталған.

Король тағына Абдулланың 79 жастағы өгей інісі, таяуда король міндеттерін жүктеп алған тақ мұрагері Салман ибн Әбдел әл-Сауд отырмақ.

Король Абдулла таққа 2006 жылы отырған. Бірақ ол өзінің алдындағы король Фахд та ауыр науқасқа шалдыққандықтан елді іс жүзінде 1990 жылдардан бастап басқарып келген.

Әлем елдерінің басшылары Абдулланың қазасына орай көңіл айтты. АҚШ президенті Барак Обама оның АҚШ-пен жақын қарым-қатынас орнатудағы еңбегін айтып, "Король Абдулла мемлекет басшысы ретінде қашан да ашық болып, өз ұстанымын берік қорғай алатын" деді.

Өткен жылы наурыз айында науқастанған Абдулланың халін сұрап барған Обама оны "Араб бітімі бастамасын алға жылжытуда батыл қадам жасады" деп мақтаған.

Король Абдулла билікте байсалды реформалар жүргізуді, оның ішінде әйелдердің құқығын кеңейтуді, мемлекеттің экономикадағы реттеуші рөлін шектеуді жақтаған. Бірақ оның тұсында Сауд Арабиясында айтарлықтай демократиялық өзгерістер болған емес. Сыртқы саясатта Абдулла Сауд Арабиясының бәселекесі шииттік Иранға қатысты қатаңдау саясат ұстанып, Таяу Шығысты реформалауға ұмтылған. Абдулла Батыс елдерімен жақсы қарым-қатынас ұстауға тырысқанымен, сүнниттік өзге де араб монархтары сияқты Таяу Шығыста демократиялық толқуларға қарсы тұрған.

Кейбір сарапшылардың АҚШ ақпарат құралдарына берген пікірінше, билікке жаңа корольдің келуінен Сауд Арабиясының ішкі және сыртқы саясатында таяу болашақта айтарлықтай өзгерістер болмайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG