Accessibility links

Аслан Мусиннің әйелі дәріс оқығанда күлген студент оқудан шыға жаздады


Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы. 7 қазан 2011 жыл.

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы. 7 қазан 2011 жыл.

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусиннің әйелі Гүлбану Үкетайқызы өткізген шеберлік дәрісі бірнеше студентке уайым болды.


Гүлбану Үкетайқызы қазанның 3-і күні бұл оқу орнына Астанадағы Қазақ ұлттық музыка академиясының оқытушысы, әрі режиссер ретінде келген.

Қазақ ұлттық өнер академиясының шағын кинозалында өткен бұл жиынға оқу орнының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, бірқатар белгілі азаматтар, «Кино және ТВ» факультетінің студенттері қатысқан.

РЕКТОРДЫҢ «ҚАҺАРЫНА ҰШЫРАУ»

Жиын кезінде алдыңғы қатарда отырған студенттердің бірінің күлкісі қатты шығып кетеді. Күлген адам – «Анимация режиссурасы» мамандығы бойынша оқып жатқан 1-курс студенті Ақтолқын Елемесова екен. Көп кешікпей студент қызға сол қылығы үшін «оқудан шығатыны» туралы хабар жетті.

– Қасымда бір бала отырды. «Кино және ТВ-ның» басқа мамандығынан. Ол бірдеңе деп қалды да, мен күліп жібердім. Ректор қарап қалды. Артымда 4-5-курс студенттері отырды. Олар да артта шулап отырды, бірақ мен алдында отырғаннан кейін көзіне түсіп қалдым, – деп өкінеді Ақтолқын Елемесова жұма күні Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, ректордың көмекшісі оны шақырып, фамилиясын жазып қалған. Осы жиында Ақтолқын сияқты «қылмыс» жасаған тағы бірнеше студент ректордың «қаһарына ұшырап», оқудан шығарылатын болыпты.

«ПРИКАЗ»

Студенттің айтуынша, бұдан кейін факультетте «айғай-шу басталып», басшылық «қаһарға ілінген» студенттердің «қылығына» қатысты қысымды үдеткен. Еңсесі түскен Ақтолқын Елемесова оқудан шығып қалам ба деп қатты уайымдап жүргенін айтады.

– «Елемесова, сен оқудан шығарылайын деп жатырсың. Приказ шығып жатыр» деді. Мұғалімдердің бәрі шулап «Не істеп қойдың?», «Сен неге ректормен ұрсысасың?» деді, – дейді студент.

Оның айтуынша, оқу орны қызметкерлері «ректордың сөзі бұлжытпай орындалатынын, егер оқудан шығарса, ештеңе істей алмайтынын» айтқан.

Ескерту алған басқа студенттердің жағдайы әзірге белгісіз. Жұма күні Азаттық тілшісі оларды таба алмады.

ҚҰШАҚТАСУҒА БОЛМАЙТЫН «ТӘРТІП»

Азаттық тілшісі осы мәселеге қатысты өнер академиясының басшылығын іздеп барған еді. Ректоратта отырған хатшы қыз оқу орны проректоры Нұрдәулет Исабекке жіберді. Проректор Нұрдәулет Исабек «бар мәселені деканаттан білу қажеттігін, оқу орнынан ешкімнің шығарылмайтынын» айтты.

Ал «Кино және ТВ» факультетінің деканы Дәурен Қайып оқудан шығару туралы бұйрық жазылмағанын, тек екі студентке ректордың сөгіс жариялағанын мәлім етті.

– Егер 1-курстың қыз бен жігіті алдыңғы партада отырып, бір-бірін құшақтап, бір-бірін иіскеп отырса, бұл біздің мәдениетімізге, менталитетімізге жат деп білем. Бір-бірін құшақтап отырған екі балаға біз сөгіс бердік. Өйткені ішкі тәртіпті бұзды, – дейді Дәурен Қайып.

Оның ойынша, дәл осы себепке бола студенттерді оқудан шығару – ақылға қонымсыз жайт.

«БАЛАЛАРҒА ПАЙДАЛЫ КЕЗДЕСУ»

Президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусиннің зайыбы Гүлбану Үкетайқызы – Ақтөбе облысындағы ардагерлер туралы Жеңістің 65 жылдығына орай түсірілген «Книга памяти Актюбинской области» фильмінің режиссері, әрі идея авторы. Бұл фильм 2011 жылы әскери тақырып бойынша халықаралық фестивальға Қазақстан атынан ұсынылған жалғыз деректі фильм екен.

Ол кісінің Ақтөбе өңірі туралы түсірген басқа да фильмдері бар.

«Кино және ТВ» факультеті «Кино режиссурасы» кафедрасының меңгерушісі, кинорежиссер Сергей Әзімов «Гүлбану Үкетайқызының тек өнер жайында ғана айтуға» келісіп, бұл шеберлік сыныптың студенттерге пайдалы болғанын айтады.

– Кафедра әрі курс жетекшісі ретінде балаларға өте пайдалы, тәрбиелі кездесу өткіздім деп ойлаймын, – дейді Сергей Әзімов.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG