Accessibility links

Лангкнави немесе Пенанг аралдарының бірінде теңіз суына аяғымды салып қойып, тіземе тай массажын жасатып, кеудемді күнге күйдіріп жатқан сәтімде жәй әшейін жүрген бір малай денемдегі ең жұмсақ жерімнен аямай бір теуіп кетті делік. Сонда, мен сорлы оған не деймін?

Секіріп тұрып жағасынан аламын ба? Әлде «жазықтымыз, кешірші бізді» деп, аяғына құлаймын ба? Малайзияның курортына барарлық ақшаны жинауды әлі бастамадым, бірақ, менің бар мазамды жоғарыдағы сұрақтар қазірден бұзып жүр.

«Олар бізге неге доқ көрстетуі керек?» деп сұрағыңыз келіп отырған болар. Айтайын. Жақында ғана қазақтардың көш басшысы Назарбаев Малайзияға барып келді. «Хабар» телеарнасының төріне жұмақ қондырған айналайын тілшілер Дархан Әбдуахит пен Нұрлан Окалардың айтқандары рас болса, елбасының алдында малай елінің игі-жақсылары құрақтай ұшып, бас құдасын күткендей жүгірген секілді көрінді.

Бас құда демекші, Назарбаевтың Малайзияға расымен де бас құда болатындай жөні бар. Неге десеңіз, былтыр ғана Малайзия премьер-министрінің (не бұрынғы, не қазіргі) үлде мен бүлдеге оранған аққудай қызы Нұрсұлтанның бұрынғы келіні Майра Құрманғалиеваның үлкен ұлының етегінен ұстағанын өсекші интернет сүйінші сұрап, жаһанға жайып жіберген-ді. Бірақ, Малайзияда өткен сол тойға ел аузындағы гу-гу мен ғаламтордағы гуглға қарағанда, қазақтардан отандық полициясының іздеуіндегі Майрадан басқа ешкім бармай, біртүрлі ыңғайсыздау болған екен.

Енді, міне кеткен кемшілік пен түсініспеушілікті осы ғасырдың ғұламасы Назарбаев малай еліне барып түзеп келгендей еді. Бірақ, оның інісі Болат тағы да құдалар алдында қазақтарды жерге қаратқандай. Даудың басы АҚШ-та басталған сотқа қатысты болып тұр. Өздеріңіз білесіздер, бұрынғы ерлі-зайыпты Болат Назарбаев пен Майра Құрманғалива Нью-Йорктегі құны небәрі 20 миллион АҚШ доллары ғана тұратын хан сарайындай пәтерге таласып, қырық пышақ болысып жатыр.

Бұл тартыс енді әлемдік қауымдастық алдында бізді ұяқта қалдыратын түрі бар. Әсіресе, малай құдалардың алдында. «Ей, қазақ құдаларың осындай қырт екен ғой» деген ащы сөзді есту оларға да оңай дейсіз бе? Кеудесін ешкімге бастырмауға тырысып бағатын, құдай қосқан мың жылдық құдамыз ашумен болмаса да, туыстық жанашырлықпен кездескен жерде «Бір пәтерге таласатындай бұларың не?» деп артымыздан аямай тебуі әбден мүмкін ғой. Сонда біз не айтпақпыз?

P.S. Айтпақшы, Майра Құрманғалиеваның жағдайы түсінікті, қуғында жүрген жанға АҚШ-тан «күрке тауықтық» бір баспана қажет болған шығар. Ал, Болат Назарбаевқа не жоқ, ә? Әлде, саяси баспана сұрап, елден тайғысы келіп жүр ме? Білсеңдер, айтып жіберіңдерші!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG