Accessibility links

Винокуровқа қатысты «келісім дауы» қайта өршіді


Александр Винокуров Лондон олимпиадасында. Лондон, 29 шілде 2012 жыл. (Сурет Қазақстан спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің баспасөз қызметінен алынды).

Александр Винокуров Лондон олимпиадасында. Лондон, 29 шілде 2012 жыл. (Сурет Қазақстан спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің баспасөз қызметінен алынды).

Қарашаның 7-сі күні Александр Винокуров төңірегіндегі дауға қатысты Қазақстанның велоспорт федерациясы ресми мәлімдеме жасады. Федерация сәрсенбі күні ақпарат құралдарына таратқан мәлімдемесінде «халықаралық велосипедшілер одағының зерттеуін мұқият бақылайтынын» хабарлады.

«Тергеудің басталуы оқиға емес. Үлкен спортта тіпті күн сайын тергеулер жүріп жатады. Халықаралық велосипедистер одағымен (UCI) тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап жатырмыз және олардың шешімін күтеміз» деді Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Аллен Чайжунусов.

Ол федерацияның «қандай жағдайда болмасын, халықаралық велосипедистер одағының құқықтық нормалары мен регламенттерін қолдауға ниетті» екенін айтты.

КҮДІК

Александр Винокуров 2010 жылы Льеж – Бастонь – Льеж біркүндік жарысындағы жеңісін Колобневке пара беру арқылы сатып алған деген күдікке ілініп отыр.

Қарашаның 3-і күні италиялық Corriere della Sera басылымы қазақстандық велоспортшы Александр Винокуров пен ресейлік велошабандоз Александр Колобневтың "өзара жазысқан электронды хаттары" деп сипатталған мәтін жариялаған еді.

Ондағы ақпаратқа сәйкес, Винокуров ресейлік спортшыға "шамамен 200 мың АҚШ доллары көлемінде ақша беруге келісіп, қарсыласы мәреге алты секундқа әдейі кешігіп жеткен" болып шығады.

Бұған қатысты халықаралық велосипедшілер одағының мәлімдемесін Associated Press агенттігі дүйсенбі қарашаның 5-і күні жариялады.

Агенттік одақ басшылығының «Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) бұл мәселені өте мұқият зерттейді. Біз Александр Винокуров пен Александр Колобневтан Эгледегі (Швейцария) штаб-пәтерімізге шұғыл түрде келіп, түсініктеме беруін сұрамақпыз» деген мәлімдемесін келтіреді.
Александр Винокуров шетелдік телеарналарға сұхбат беріп тұр. Тулуза қаласы, Франция, 20 шілде 2012 жыл.

Александр Винокуров шетелдік телеарналарға сұхбат беріп тұр. Тулуза қаласы, Франция, 20 шілде 2012 жыл.


Мұндай айып велошабандозға тұңғыш рет 2011 жылғы желтоқсанда тағылған еді. Ол кезде бұл туралы L'Illustre швейцариялық журналы жазған.

Халықаралық велосипедшілер одағының басшылығы:

«Ол кезде заңнамалық тұрғыда қандай да бір қадамдар жасау үшін ақпарат аз болды. Енді Падуя прокуратурасы (Италия) жинаған жаңа деректер негізінде ресми түрде тексеру ісін бастаймыз» деп мәлімдеген.

ПРОКУРОРДЫҢ «ОЛЖАСЫ»

Халықаралық ақпарат құралдарының жазуынша, «Винокуровқа қатысты құжаттарды» Падуя қаласының прокуроры Бенедетто Роберти зерттеген.

Ол бұған дейін америкалық велошабандоз Лэнс Армстронгтың бұрынғы кеңесшісі доктор Микел Ферраридың «допингтік айла-шарғыларын» ашу ісі бойынша АҚШ-тың антидопингтік комитетіне көмектескен.

Deutsche Welle-нің хабарлауынша, Падуя прокуратурасының қолында айғақ ретінде "электрондық хат мәтінінен" бөлек, "Колобневтің есепшотына 100 және 50 мың еуро аударылғаны туралы швейцар банкінен алынған ақпарат" бар.
Александр Винокуров (ортада) Лондон олимпиадасында алтын медаль алған сәт. Лондон, 28 шілде 2012 жыл

Александр Винокуров (ортада) Лондон олимпиадасында алтын медаль алған сәт. Лондон, 28 шілде 2012 жыл


Льеж - Бастонь – Льеж біркүндік жарысындағы жеңіс - допинг үшін екі жылға спорттан аластатылған Александр Винокуровтың үшін үзілістен кейінгі алғашқы қол жеткізген ірі жетістігі еді.

Жазда Александр Винокуров Лондон олимпиадасында топтық жарыста жеңімпаз атанған. Қазақстан құрамасы бұл жарыста жалпы саны жеті алтын медаль иеленген.

Былтыр осы дау бірінші мәрте көтерілгенде Александр Винокуров өзіне тағылған кінәні теріске шығарып, журналды сотқа тартатынын айтқан еді. Сол кезде Қазақстан велоспорт федерациясы бұл айыпты негізсіз деп атаған.

Белгілі велосипедшілерге қатысты мұндай даулар ара-тұра жалпыға жария болып жатады. Мысалы, тамыз айында АҚШ-тың антидопинг агенттігі «тыйым салынған дәрі-дәрмек қолданғаны үшін» әйгілі америкалық велоспортшы Лэнс Армстронгтың «Тур де Франстағы» жеті жеңісін жойған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG