Accessibility links

Шетелде ғылыми мақала жариялау науқаны


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

PhD жүйесі енгізілгеннен бері қазақстандық зерттеушілерге беделді шетелдік ғылыми басылымдарда мақала жариялау шарты қойылды. Бұл үрдісті науқан деп сынайтындар көп. Азаттыққа берген сұхбатында ғылыми кадрларды даярлау сапасын бақылаушы маман бұл мәселенің себептеріне үңіледі.

Биылғы маусым айының соңында «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпараттар орталығының» президенті Әділ Ибраев «қазақстандық зерттеушілердің шетелдерде жарияланған ғылыми мақалаларының саны соңғы үш жылда үш есе өсіп, 2013 жылы 1114 жылыми еңбек жарияланғанын, алайда, олардың көпшілігі әлемдік ғылыми кеңістікте беделі жоқ журналдарда жарық көргенін» мәлімдеді.

Қазақстанның білім және ғылым министрлігі 2000 жылдардың басында әуелі сынақ ретінде, кейін тұрақты түрде енгізген PhD докторлық ғылым дәрежесін қорғау жүйесі бойынша кандидаттар шетелдік беделді ғылыми-зерттеу журналдарында мақаласын жариялауға міндеттенген. Соңғы уақытта қоғамда бұл талап кезекті науқан мен көзбояушылық тудырған жоқ па деп сынайтындар көбейді. Осыған орай Азаттық тілшісі білім және ғылым саласын бақылау комитетіне қарасты ғылыми кадрларды даярлау сапасын бағалау басқармасының бастығы Қарлығаш Сәкеновамен шетелде зерттеу жариялау мен ғылыми диссертация қорғаудың жаңа жүйесі туралы сұхбаттасты.

Азаттық: - PhD докторанттардың шетелдік ғылыми басылымда зерттеу мақаласын жариялату тәртібі қандай?

Қарлығаш Сәкенова: - 2011 жылдан бастап енгізілген талаптар бойынша PhD докторантураны бітіруші диссертация қорғарда шығаратын 7 ғылыми мақаласының үшеуін қазақстандық, біреуін шетелдік ғылыми журналда жариялатуы тиіс. Тағы бір мақала шетелдік ғылыми конференцияларда жариялануы керек. Докторлық диссертация қорғаудың бұрынғы жүйесі

Қазақстандық ғалымдар көрмеде жүр. Астана, 10 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстандық ғалымдар көрмеде жүр. Астана, 10 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

бойынша зерттеуші 30 ғылыми мақаланың үшеуін шетелде жариялайтын. Сондықтан шетелдік журналдарда жарияланатын мақалалар ретсіз көбейіп кетті деудің жөні жоқ. Ал бірақ оның сапасы басқа мәселе. Мәселен, бұрын зерттеушілердің мақалалары әйтеуір шетелде шықса болды есептеле беретін, сол себепті көршілес Қырғызстан, Ресей, Тәжікстанның журналдарында шықса жарай береді деген түсінік болды.

Қазір олай емес, Thomson Reuters пен Scopus деп аталатын ақпараттық базада белгіленген журналдарда жарияланған мақалалар ғана есепке алынады. Бұл екеуі – әлемдегі барлық ғылыми журналдардың тізбесі көрсетіліп, impact factor рейтингі белгіленген ақпараттық базалар. Thomson Reuters пен Scopus базалары журналдың сілтеме индексін жыл сайын санайды.

Азаттық: - Қазақстандық кейбір зерттеушілер сіз атаған базалардағы ғылыми журналдарға мақала шығару үшін жүздеген мың теңге ақша төлейтінін айтады. Онда бұл базадағы журналдардың ақшасы төленген кез-келген зерттеуді шығара беретін Қазақстандағы басылымдардан қандай айырмасы бар?

Қарлығаш Сәкенова: - Thomson Reuters пен Scopus базаларындағы журналдардың бәрі бірдей ақылы емес. Жаратылыстану, техника салалары бойынша көбіне тегін. Гуманитарлық саланың өзінде де тегін шығаратын журналдар табуға болады. Бір өкініштісі зерттеушілеріміз кейде журналдардың сапалысын таңдай алмайды. Кей журналдар базада болғанымен соңғы екі немесе бес жылда зерттеушілер сілтеме жасамаған болуы мүмкін.

Олардың арасында өздері туралы толық ақпарат бермейтін, ақша табумен айналысатын жалған журналдар да бар.

Биыл Қазақстанға келіп, зерттеушілермен конференцияда кездескен Thomson Reuters мен Scopus ақпараттық базасының өкілдері impact factor-ы бар журналдардың бәріне бірдей сене беруге болмайтынын айтты. Олардың арасында өздері туралы толық ақпарат бермейтін, ақша табумен айналысатын жалған журналдар да бар. Бірақ зерттеушілер ондай жалған журналдардың базадағы нақты рейтингін көре алады. Содан соң әр журналдың сайтынан редакциялық талаппен танысу керек.

Бізде рейтингі жоғары журналдарда ғана мақала жариялау дейтін ғылыми этика әлі толық қалыптасқан жоқ. Әйтеуір мақала шықса болды деген ой бар. Ғылыми этикасы жоғары зерттеушілер басқа зерттеушілердің қызғушылығын жоғалтпау үшін ондай журналдарды таңдамайды. Дегенмен, бұл жолдан бәрібір өтуіміз керек. Сосын PhD докторанттардың ғылыми жетекшісінің біреуі міндетті түрде шетелдік зерттеуші болады. Олардың да дұрыс журнал таңдауға көмегі тиеді.

Азаттық: - Жалған журналдарға шыққан зерттеулерді анықтап, диссертацияны қайтарған кездеріңіз болды ма?

Қарлығаш Сәкенова: - Егер жалған журнал анықталып, базадан шығарылғаннан кейін жарияланған мақала болса, әрине, бірден қайтарылады. Осы уақытқа дейін Thomson Reuters базасынан біздің ұсынысымызбен бір журнал алынып тасталды. Impact factor-ын жоғалтқан тағы бір журнал Thomson Reuters базасынан шыққанымен Scopus базасында тұр. Сондықтан қалай болғанда да базада тіркелген журналға шыққан мақала болғандықтан ондай докторанттың диссертациясын қайтара алмаймыз.

Азаттық: - Бұрынғы жүйе бойынша шетелдік зерттеушінің жетекші болуы міндетті емес еді. Қазақ тілі филологиясы, тарих, мәдениеттану саласынан докторлық қорғаушылар шетелден жетекшіні қалай табады? Шетелдік ағылшын тілді ғылыми журналдар, мәселен, қазақ фольклорына байланысты зерттеуді жариялай ма?

Қарлығаш Сәкенова: - Бұрын, әрине, шетелдік зерттеушілерді ғылыми жетекшілікке тарту қиын болатын, қазір біршама жеңілдеді. Өйткені шетелдік зерттеушілер өздері туралы толық дерек көрсетілген арнайы

Ғылыми тәжірибе жасап отырған студенттер. Алматы, 5 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ғылыми тәжірибе жасап отырған студенттер. Алматы, 5 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

база арқылы қызметтерін ұсынады. Өйткені жетекшілік еткені үшін ақша төленеді. Сіз айтқан ұлттық ғылым салалары бойынша да шетелдік ғылыми жетекші болуы тиіс. Thomson Reuters ақпараттық базасына енген Түркияның ағылшын тіліндегі журналдарында біздің докторанттарымыздың зерттеулері шығып жүр. Бұл бір жағынан Қазақстанның ғылымын шетелlік ғылым кеңістігіне шығарудың бір жолы. Мәселен, қазақстандық журналдарда Еуропа елдерінің тарихы туралы мақалалар шықса оған ешкім таңғалмайды. Сол секілді біз туралы зерттеулер шетелдерде жариялануы керек.

Азаттық: - Бұрын ғылыми дәреже үшін ғана диссертация қорғап, кейін ғылыммен шұғылданбайтындар көп еді. Соның ішінде шенеуніктердің жиі қорғағаны есімізде. Қазір қандай?

Қарлығаш Сәкенова: - Былтыр бітірген PhD докторлардың 85 пайыздан астамы жоғары оқу орындары мен зерттеу институттарында қалды. Қалған 15-20 пайызы ұлттық компанияларға, мемлекеттік басқаруға кетті. Қазір іс басында жүрген шенеуніктер бұрынғыдай қорғай алмайды. Себебі

"Ғұламалар" әулеті. Сәбиттің ғылыми атаққа құмарлықты мысқылдаған карикатурасы.
"Ғұламалар" әулеті. Сәбиттің ғылыми атаққа құмарлықты мысқылдаған карикатурасы.

қорғауға тек докторанттар шығады. Олар күндізгі бөлімде оқиды, шетелге тәжірибе жинауға барады. Сондықтан сырттай оқуға түсіп, шенеунік боп жүріп қорғай салу мүмкін емес.

Азаттық: - Бұрынғы жүйе бойынша ғылыми кеңес ашылған соң апта сайын докторлық диссертация қорғалатын еді. Әсіресе бұрынғы жүйе жойылар алдында жаппай диссертация қорғалғанын білеміз.

Қарлығаш Сәкенова: - Докторлық диссертация қаншалықты жиі қорғалатынын ғылыми кеңестердің санынан да аңғаруға болады. Мәселен, 2010 жылы Қазақстанда барлық ғылым саласы бойынша 156 ғылыми кеңес болатын. Оның саны 2011 жылы 16 ғылыми кеңеске түсіп, күрт азайды. Бірақ биыл 52-ге жетті, өйткені жаңа мамандықтар қосылып жатыр. 2011 жылы 159 докторант бітірді, оның 78-і қорғады. 2013 жылы 465 докторант бітірді, оның 228-і қорғады.

Азаттық: - Сіз айтқан Thomson Reuters мен Scopus ақпараттық базаларында Қазақстаннан қанша журнал тіркелген?

Қарлығаш Сәкенова: - Ондай журнал әзірге жалғыз. Тек қана ағылшын тілінде шығатын «Евразийский химико-технологический журнал» ғана Scopus базасында тұр. Қазақстандық ғылыми журналдар да бұл базаларға қосылудың талаптарын енді біліп жатыр.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!

XS
SM
MD
LG