Accessibility links

«Адам өлтірді» деп айыпталған оқушылар арнайы мектепке жіберілді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қарағанды соты «қуыршаққа бола құрбысын буындырып өлтірді» деп айыпталған оқушыларды арнайы мектепке жіберді. Азаттық мамандардан балалар арасындағы қатігездіктің себептері туралы сұрады.

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 9 жастағы қызды «буындырып өлтірді» деп айыпталған үш мектеп оқушысын мінез-құлқы девиантты балаларға арналған мектеп-интернатқа жіберді. Бұл жайлы маусымның 25-і күні түстен кейін белгілі болды.

«МҰНДАЙ ІСКЕ АЛҒАШ КЕЗІКТІМ»

Істі қараған судья Асқар Мардабаевтың айтуынша, мінез-құлқы девиантты балаларға арналған мектеп-интернат Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Керней ауылында орналасқан.

– Мұнда қылмыс жасаған немесе мектепке бармай, тәртібі қиындаған балалар оқиды. Колония болмаса да, онда тәртіп қатал. Оқытады, мамандыққа баулиды. 11–18 жас аралығындағы балалар оқиды, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Үш қыздың бірі 11 жасқа толмағандықтан, ол мектеп-интернатқа келесі жылы жіберілетін болды.

Судья Асқар Мардабаев 10-11 жастағы айыпталушылардың ісін алғаш рет қарағанын айтты.

– Сот саласында істеп келе жатқаныма 32 жыл болды. Талай істерді қарадық. Бірақ мұндай істі алғаш рет көрдім. Былай қарасақ, мінездемелері
Оқушы қыздардың бір-бірін сабап жатқаны бейнеленген YouTube видеосынан алынған сурет. (Көрнекі сурет)
Оқушы қыздардың бір-бірін сабап жатқаны бейнеленген YouTube видеосынан алынған сурет. (Көрнекі сурет)
дұрыс. Сабақтары енді нашарлау – үш-төртпен оқитын балалар. Ата-аналары дұрыс сияқты. Қалай жасап жүргені... сұмдық енді, – дейді ол.

Маусым айының басында Қарағанды қаласы маңындағы су қоймаларының бірінен 9 жастағы Анна Ткаченко есімді баланың өлі денесі табылған еді. Оның өліміне көршілес құрбылары – кәмелетке толмаған үш қыз кінәлі деп күдікке ілінген. (Олардың аты-жөндері этикалық себептермен мақалада жарияланбады). Үш қыздың біреуінің жасы – 10-да, қалған екеуі – 11-де. Маусымның 2-сі күні Аня Ткаченко көз жұмған кезде олар үйіне жайбарақат күйде барған, ата-аналары ештеңе байқамаған. Тек ертеңінде полиция іздеп келген кезде ғана олардың өлген қыздың жанында болғаны анықталған.

Бұған дейін полиция көл жағасына қыдырып барған төрт оқушы қыздың бірі «қуыршаққа таласып, 9 жастағы құрбысы Аня Ткаченконы буындырып өлтіргені, ал қалған екеуінің қарап тұрғаны» туралы мәлімет таратқан еді. Осы оқиғаға байланысты әкімшілік және азаматтық іс қозғалған.

«ЖАН ТҮРШІГЕРЛІК ОҚИҒА»

Бұл оқиғаға байланысты маусымның 25-і күні болған сотта «айыпталушылардың» ата-аналары қыздарының қолынан мұндай қатігездік келмейтінін айтып, кінәні өзге қыздарға аударуға тырысты.

Соттан твит-репортаж жасаған жергілікті «Новости-Караганды» сайтының жазуынша, сотта жауап берген 11 жастағы қыздар кінәні жанындағы қыздарға аударып, «оқиға туралы жан түршігерлік» нәрселер айтқан. Ал судья «сот құпиялылығы үшін барлығын тегіс айтпауға кеңес берген».

«Новости-Караганды» сайтының соттан түсірген видеосы:


Ал мектеп директоры мен мұғалімдерге сөз берілген кезде олар қыздардың бойынан осы кезге дейін ешқандай агрессия байқалмағанын айтқан.

Твит-репортаж мәліметтеріне қарағанда, үш қыздың бірінің анасы – жеке кәсіпкер. Ол сотта «қызының тәрбиесіне дұрыс көңіл бөле алмағанын мойындап, кешірім сұраған». Ал келесі бір қыздың анасы – жұмыссыз жалғызілікті ана. Ол «қызының құрбысын буындырғанынан бейхабар болғанын» айтқан.

Сот шешімі бойынша «балаларына дұрыс қарамағаны үшін» ата-аналардың әрқайсысына шамамен 35 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Соттың айтуынша, бұл оқиғаға байланысты «Адам өлімі» бабы (96-бап) бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа әлі жетпеген. Әзірге тек әкімшілік және азаматтық іс бойынша шешім шықты.

Өткен аптада Қарағандыда ондаған ата-ана «айыпталушы қыздарды» арнайы мектепке жіберуді талап еткен болатын.

«ӘУЕЛІ АТА-АНАНЫҢ ОЙЛАУ ЖҮЙЕСІН ТҮЗЕУ КЕРЕК»

Отбасылық психолог Жанат Смирнова қоғамда балалар арасында қатігездіктің өрістеуін ата-ана мен бала арасындағы жылы қарым-қатынастың жоғалуынан көреді. Ата-ананың балаға деген сүйіспеншілігін «шартты» және «шартсыз» деп екіге бөлген психолог балалар арасындағы қатыгездікті алғашқысының салдары ретінде атайды.

– Кейбір ата-аналар баласын еш себепсіз жәй бар болғаны үшін сүйеді. Мұны шартсыз махаббат дейді. Ал керісінше, баласын қандай да бір нәрсе үшін жақсы көрген ата-аналардың махаббатын шартты деп атаймыз. Мысалы, әдемі болғаны
Мектепке бара жатқан балалар. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Мектепке бара жатқан балалар. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
үшін, үздік оқығаны үшін жақсы көру. Әдетте шартты махаббат балаларын қарауға уақыты жоқ уақыты тығыз аналарға тән және балалы болғысы келмеген аналарға тән. Сол себепті ондай балалар суық болып өседі. Олар аяушылық дегеннің не екенін білмейді. Олар өзге балаларға күш көрсету немесе өлтіру арқылы өздерінің ата-аналарынан «кек алады». Олар бір жағынан, осылайша ата-аналарының назарын өздеріне аудартқысы келеді, – дейді ол.

Психолог Жанат Смирнованың пікірінше, балаларды қатегіздіктен қорғаудың бірнеше амалы бар.

– Біріншіден, ата-аналар балаларын шартсыз сүюі керек. Екіншіден, баланың өзін-өзі бағалауы міндетті түрде жақсы болуы керек. Қыздардың өзін-өзі бағалауы егер әкесі «сен әдемісің», «сен жақсысың», «мен саған сенемін» деп айтса қалыптасады. Мұнда әкенің рөлі өте үлкен. Кейбір балаларда «құрбандық комплексі» бар. Бұл ата-ананың баласын ұруының немесе қорлық көрсетуінің «жемісі». Сондықтан кей-кезде кінә мұндай жәбірленуші баланың ата-анасында да болады, – дейді ол.

Психологтың ойынша, балаларды үйінен жырақ арнайы мектеп-интернаттарда тәрбиелеу баланың психикасын аса өзгерте қоймайды.
Ата-аналардың көбісі баланы сүю дегеннің не екенін білмейді. Оны білуге ата-аналардың өздері де мүдделі болуы керек.
Психолог Жанат Смирнова.

– Менің ойымша, ең әуелі ата-аналардың ойлау жүйесін түзеу керек. Психологиялық орталықтар мен мектептерде ата-аналар арасында ағартушылық жұмыстар жүргізілуі керек. Ата-аналардың көбісі баланы сүю дегеннің не екенін білмейді. Оны білуге ата-аналардың өздері де мүдделі болуы керек, – дейді Жанат Смирнова.

Педагогика саласында көп жылдық тәжірибесі бар Рабиға Қожасова балалар арасында қылмыстың көбейіп кетуіне қоғамдағы әділетсіздіктер әсер етеді деп санайды. Оның пікірінше, қоғамда болып жатқан оқиғалардың бәрі – бала тәрбиесінің айнасы.

– Шенді-шекпенділер ақшаның күшімен кез-келген істі жаба салатын болды. Қылмыс жасап, жазасыз қалатындар көп. Осының бәрі жастарға тәрбие ретінде сіңіп жатыр. Сөйтіп қатыгездік те көбейе береді. Бұл интернет арқылы да таралып жатыр, – дейді ол.

Балалар қылмысына байланысты ішкі істер министрлігінен статистикалық мәлімет ала алмадық. Өткен жылы білім және ғылым министрлі Бақытжан Жұмағұлов елде балалар қылмысының көрсеткіші алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2,6 пайызға өскенін мәлімдеген еді.

Қазақстан заңнамасы бойынша, ауыр қылмыс жасағаны үшін 14 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары жауапқа тартылады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG