Accessibility links

Мектептегі әлімжеттік ырық бермей отыр


Мектеп ауласы. Алматы, 22 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Мектеп ауласы. Алматы, 22 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандықтар көп көрген интернет-видеолардың бірінде екі оқушы пышақ көрсетіп төбелеседі. Азаматтық белсенді билік мектептегі әлімжеттікті тіркеуге алмайды дейді. Ол ата-ана жауапкершілігін де айтады.

Әуесқой түсірген жан шошытарлық төбелес видеосының сипаттамасында оқиғаның Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында болғаны айтылады. Жан-жақтан жақтастары қаумалаған екі оқушының төбелесіп жатқаны көрінеді. Соңында олардың біреуі қалтасынан пышақ шығарады да, төбелес тоқтайды. Қоршап тұрғандар (сыныптастары болуы мүмкін - ред.) айғайды қойып, күле бастайды.

Орта мектептерде балалар арасындағы әлімжеттікке қатысты шағым жиі айтылады. Психолог ата-аналарға балаға көбірек көңіл бөлуге, әсіресе оның «жәбірлеуші» және «жәбірленуші» болуды үйренетін кезеңінде қамқорлық танытуға кеңес береді.

Әбу Аханұлы Алматы облысы Талғар қаласындағы мектептердің бірінің 10 сыныбында оқиды. Ол Азаттық тілшісіне оқушылар арасындағы қатал «ережелер» мен «салық жүйесі» туралы және балалардың не үшін таяқ жейтінін айтып берді.

– Біздің мектепте айдың басы мен аяғында 8-10 сынып оқушылары 500 теңгеден ақша жинап, жоғары сынып оқушыларына өткізетін «салық» жүйесі бар. Егер ақша әкелмесең соққыға жығады. Амандаспасаң немесе дөрекі жауап қайтарсаң да ұрып тастайды. Бастан, бүйректен, кеудеден ұрады. Былтыр қыста ересек балалар бізді гаражға апарып, бәрімізге «шешініп, жерге жатыңдар» деп бұйырды. Маңдайымызға қар салып, ол ерігенше жатқызып қойды. Мұны өтіп бара жатқан бір кісі көріп қалып, полицейлерді шақырды. Әлгі балаларды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімнің есебіне алды, - дейді Әбу Аханұлы Азаттық тілшісіне.

10-сынып оқушысы Әбу Аханұлы. Талғар, 30 қыркүйек 2014 жыл.

10-сынып оқушысы Әбу Аханұлы. Талғар, 30 қыркүйек 2014 жыл.

Оның айтуынша, балалардан жиналған ақшаға қажет затын сатып алады. Қыркүйектің басында жоғары сынып оқушыларының бірі «салық» ақшаға туфли, енді бірі ұялы телефон сатып алған.

10 сынып оқушысы Әбу Аханұлының пікірінше, балалар агрессиялық мультфильм, кинофильмдерді көп көріп, компьютерлік ойындарды көп ойнағандықтан қатыгез болып барады.

ИНСПЕКТОРЛАР МЕН БАЛАЛАР

Балалар арасындағы әлімжеттікті тыю үшін әр мектеп өздігінше әрекет етеді. Қиын оқушыларды көбінесе аудандық ішкі істер басқармасына есепке қойып, олармен инспекторлар жұмыс істейді.

Алматы қаласындағы №139 мектеп-гимназияның инспекторы Арман Ботбаев бұл бағытта жүргізілетін жұмыс туралы айтып берді.

– Біздің мектепте бір мың жетпіс бала оқиды. Мұнда жұмыс істегеніме бір жылдан асты. Жиналыс өткізіп, балаларға заң бұзғаны үшін тартылатын жаза шаралары туралы айтамыз. Балалардың сабаққа келген-келмегенін күнде белгілеп отырамыз, оқушының сабақ үстінде, сабақтан бос уақытында немен айналысқанын қадағалаймыз. Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарынан сабақтан қашып кететіндер туралы сұрастырып, олардың сабақ үстіндегі тәртібін бақылап, тәртіп бұзу себептерін анықтаймыз. Әрине әр мектептің өз «батырлары» бар, біреулері ақша бопсалайды, енді біреулері кеш мезгілінде көше кезгенді жақсы көреді. Ондай балалардың әке-шешесімен сөйлесеміз, сабақтан соң мектеп территориясын аралап шығамыз, сынып жетекшілерімен жұмыс істейміз, - дейді Арман Ботбаев.

Алматының 60-мектеп-гимназиясындағы инспектор. 1 қыркүйек 2014 жыл.

Алматының 60-мектеп-гимназиясындағы инспектор. 1 қыркүйек 2014 жыл.

Қаладағы кейбір мектеп директорлары мен сынып жетекшілері «сұхбат алу үшін әуелі Алматы қаласы білім басқармасынан рұқсат алыңыз» деген уәжбен Азаттық тілшісімен әңгімелесуден бас тартты.

Алматы қаласы Бостандық ауданындағы жалпы білім беретін №39 мектеп директорының Азаттық тілшісіне «ата-аналармен, оқушылармен жұмыс жүргіземіз, мектепте көптеген видеобақылау камералары орнатылған, қиын балалармен мектеп инспекторлары жұмыс істейді» дейді.

Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №127 мектеп қызметкерлері «уақытымыз жоқ» деген уәжбен мектеп оқушыларының арасындағы әлімжеттік проблемасының алдын алу шаралары мен мұндай жағдай туса қандай шешімдер қабылданатыны туралы Азаттық тілшісіне ақпарат беруден бас тартты.

Алматы қаласында тұратын Мұрат Күтібаевтың қызы мектепті бірнеше жыл бұрын бітірген. Ол Азаттық тілшісіне «Сабақты жақсы оқығаны үшін қызымды сыныптас қыздар шеттететін. Олар аулаға жиналып алып, өзара жанжалдасып, кейде төбелесетін. Бірде жоғары сынып оқушылары қызымды амандаспағаны үшін ұрып кеткен» дейді.

Мектептегі білім беру жобаларымен айналысып жүрген алматылық азаматтық белсенді Ерсайын Ерғожа Азаттыққа мектептегі әлімжеттік мәселесінің тамыры педагогтардың жұмысы мен ата-ана тәрбиесінде жатыр деп санайды.

- Бұрын білім беретін, бала тәрбиелейтін, қазір білім беру саласында олқылық байқалады. Педагогтар да, ата-аналар да балалармен шұғылданбайды. Республика бойынша ресми статистикада әлімжеттік көрсетілмейді. Бұл - жабық тақырып. Журналистерге де шындықты білу қиын, - дейді ол.

ПСИХОЛОГ КЕҢЕСІ

Алматылық психолог Евгения Кислицина балалар арасындағы әлімжеттіктің қалай алдын алуға болатыны, бала келешекте мұндай жағдайға ұшырамас үшін не істеу керектігі туралы кеңес береді.

– Менің түсінігімше, әлімжеттік – бұрыннан келе жатқан әрі қарапайым «әкел, әпер» дегеннен бастап адамның психологиясы мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге дейін қамтитын ауқымды құбылыс. Мейлі бала бақша, мектеп, университет, армия немесе жұмыс орны болсын, ол маңызды емес. Әлеуметтік орын ретінде мектепте де әлімжеттік әрекеттері көп кездеседі . Мектеп дегеніміз - ересектер әлемінің кішігірім моделі, бала тұлға болып қалыптасатын орын әрі кезең. Бұл кезеңде адам көп нәрсеге, оның ішінде «жәбірлеуші» және «жәбірленуші» болуды үйренеді. Меніңше, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен бір-біріне қатыгездік танытып, күш көрсетуі - үлкен проблема. Оны ата-ана, білім беру жүйесі және заң органдары бірлесіп шешуі тиіс, - дейді Евгения Кислицина.

Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен бір-біріне қатыгездік танытып, күш көрсетуі - үлкен проблема, оны ата-ана, білім беру жүйесі және заң органдары бірлесіп шешуі тиіс.

Психолог Евгения Кислицына «Баланың агрессиялық қылығының себептері әр қилы болуы мүмкін. Жасөспірімнің өзгелерді күшпен бағындыруының жалғыз себебі оның мінез ерекшелігінде ғана емес. Бұл агрессияның өзіндік тамырлары, себеп, салдарлары бар. Баланың агрессияға бейімділігіне ең әуелі оның шектен тыс қызба мінезі себеп болады. Кейбір ата-ана бұған мүлде мән бермеуі немесе ең сорақысы, агрессияны қалыпты мінезге балауы мүмкін. Ал кей ата-ана тәрбиенің қатал стилін ұстанып, баланы жасқаншақ етіп жібереді. Ондай бала өзіне де, өзгеге де бірдеңені дәлелдегісі келіп, ашу-ызасын кейін өзгелерден алады. Мектептің педагогтар қауымының мұндай балаға шамасы келмеуі де мүмкін» дейді.

– Біріншіден, әке-шеше баласының қатігез болып бара жатқанына өздерінің де қатысы барын түсінуі тиіс. Екіншіден, дер кезінде психологиялық көмек көрсетілмесе, келешекте оның жайсыз зардабын бала да, ата-ана да тартуы мүмкін. Ата-ана бала өмірінің қиын кезеңінде оған қамқорлық танытып, оның проблемаларына дер кезінде көңіл бөлгені жөн, - дейді Евгения Кислицына.

Әбу Аханұлы жоғары сынып оқушыларынан зәбір көргеннен кейін «ережесіз күрес» секциясына қатыса бастаған. Ол секцияда үйренген төбелес тәсілдерін «өзімді қорғау үшін және тек жақсы мақсатта ғана қолданамын» деп уәде береді. Мектеп директоры оны 8-10 сынып оқушыларының тәртіп командирі етіп тағайындаған.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG