Accessibility links

Мәсімовтың Теміртаудағы мектепке қатысты тапсырмасы түрліше «тәпсірлене» бастады


Наразылық танытып тұрған бір топ ата-ана. Теміртау, №9 мектеп-лицейдің территориясы. 31 мамыр 2011 жыл.
Наразылық танытып тұрған бір топ ата-ана. Теміртау, №9 мектеп-лицейдің территориясы. 31 мамыр 2011 жыл.

Қазақстан премьер-министрі Қарағанды облысының басшылығына Теміртаудағы № 9 мектеп-лицейді өзгертпей, орыс тілді етіп қалдыруды тапсырды. Алайда облыс әкімшілігі өкілінің айтуынша, премьер райынан қайтып, «өз ыңғайларыңа қарай ұсыныс жасаңдар» деген.


Премьер-министрдің шешімі жайлы Азаттық тілшісіне № 9 мектеп-лицейдің ата-аналары хабарлады. Ата-аналар өз мектептерінің басқа мектеп ғимаратына ауысуына қатысты алаңдап, шілденің 15-і күні Zakon.kz вебсайтында өткен онлайн-конференция барысында премьерден көмек сұраған еді. Бірнеше күннен кейін онлайн-конференцияның форумында ресми жауап пайда болды. Шілденің 28-і күні жазылған жауапта «Қарағанды облысының әкіміне № 9 мектеп-лицейді орыс тілді етіп қалдыру туралы тапсырма берілді» деп жазылған.

МӘСІМОВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫ

Тамыздың 11-і күні өткен кезекті сот процесінде шағымданушы ата-аналар мен ұстаздардың адвокаты Нұрхан Жұмабеков Кәрім Мәсімовтың тапсырмасын оқып берді. Бұл «көп нәрсені аңғартады» деген адвокат, судья Наталья Маркашваны «тапсырмаға назар аударуға» шақырды.

Теміртау қаласының әкімшілігі қаладағы орыс тілді екі мектепті биылғы оқу жылынан бастап қазақ тілді етіп ауыстырмақ болған. Жергілікті әкімшілік қазақ тілді балалар оқитын мектептер толып кеткендіктен осындай әрекетке барып отырғанын, ал орыс тілді мектептерде оқушылар саны аз екенін айтады.
Мектеп дауына қатысты сот отырысынан көрініс. Теміртау, 2 тамыз 2011 жыл

Қала әкімшілігінің бұл шешімімен № 16 мектеп ұжымы мен оқушылары келіскенімен № 9 мектеп-лицейдің мұғалімдері мен ата-аналары қарсылық танытып, сот процесі бір айға жуық уақыт жүріп жатыр. Қалалық білім беру басқармасының шешіміне қанағаттанбай, сотқа шағым берген арызданушылар өздері түйткілді деп санайтын бірнеше мәселені алға тартады. Тамыздың 12-і Азаттық радиосының тілшісімен телефон арқылы тілдескен арызданушылардың адвокаты ол мәселелерді былайша сипаттап шықты. Біріншіден, № 9 мектеп-лицейдің мұғалімдері мен ата-аналары бұл әрекетті «тілдік негізде кемсітушілік» деп таниды. Екіншіден, лицей дәрежелі ұжымның жай мектепке ауысқанын құп көрмейді. Үшіншіден, әкімдік ұсынған № 14 мектептің қазірдің өзінде оқушыға толы екенін уәж ретінде көлденең тартады.

КҮМӘН КЕЛТІРУ

Бұл іске жауапкер ретінде қатысушы Теміртау қаласындағы білім беру басқармасына уақытша басшылық етіп отырған Татьяна Зорина, Мәсімовтың бұл тапсырмасына күмән келтіреді.

- Мәсімов сияқты білікті адам мұндай тапсырма берді дегенге сене алмаймын. Жоғары лауазым иесі, әрі білімді Мәсімов, өзінің мұндай тапсырма беріп, сот процесіне араласуға құқығы жоқ екендігін түсінеді деп білемін, - деді тамыздың 12-сі күні Азаттық тілшісіне түсініктеме берген Татьяна Зорина.

Ол сот процесі кезінде ата-аналар мен ұстаздардың жан-жаққа хат жазып, жоғары лауазымды адамдардан көмек сұрауын әділетсіз әрекет деп таниды.

- Олар осылайша тікелей және жанама түрде соттың шешіміне әсер етіп отыр, - деді басқарма басшысы.
Нұрхан Жұмабеков, адвокат. Теміртау, 8 шілде 2011 жыл

Алайда, арыз берушілердің адвокаты Нұрхан Жұмабеков бұл айтылғандармен келіспей отыр.

- Бұл сот процесіне араласу емес. Премьер-министр қалалық білім басқармасының үстінен шағым түскен бұйрығына баға беріп отырған жоқ, нақты тапсырма беріп отыр, ол тиісінше сөзсіз орындалуы тиіс, - дейді адвокат.

Бірақ, білім беру басқармасының өкілдері Мәсімовтың бұл тапсырмасын интернет бетінен ғана көргендерін, өздеріне бұған қатысты қандай да бір ресми құжат түспегенін айтады.

ТАПСЫРМА БОЛДЫ, БІРАҚ АРТЫНАН ОЛ ӨЗГЕРТІЛДІ

Қарағанды облысы әкімшілігінің өкілі, шілденің 28-і күні Азаттық радиосының тілшісіне премьер-министрден расында да тапсырма болғандығын айтады. Дегенмен ол артынша өзгертіліпті.

- Премьердің тапсырмасынан кейін облыс әкімі қайта хабарласып, жағдайдың мән-жайын түсіндірді. Мәсімов «өз ыңғайларыңа қарай ұсыныс енгізіңіздер» деп жауап берді. Біз әрине о бастағы бағытымыздан айнымайтындығымызды және оның себептері бар екендігін айттық. Сондықтан жаңа оқу жылында № 9 мектеп-лицей міндетті түрде қазақ тілді болады, - деді Азаттық тілшісімен сөйлескен облыс әкімшілігінің өкілі.
Қазақ тілді оқушылардың ата-аналары ешқандай шара қолданбай, сабырмен бұл істің аяғын күтіп отырғанын айта кету керек.

Азаттық тілшісі бұл мәселеге қатысты премьер-министр Кәрім Мәсімовтың кеңсесіне хабарласқанымен, түсініктеме беретін ешкім болмады.

Ал облыс әкімшілігінің өкілі бұл іске қатысты әзірше позициясын ашық білдірмей отырған екінші тараптың да бар екенін айтады.

- Қазақ тілді оқушылардың ата-аналары ешқандай шара қолданбай, сабырмен бұл істің аяғын күтіп отырғанын айта кету керек. Біз оларға жаңа оқу жылында мектеп бірыңғай қазақ тілді болатындығын айтып сендіргенбіз. Ал егер олар да көтеріліп, орыс тілді мектептің ата-аналары сияқты шу шығарғанда даудың көкесі сонда болушы еді, - дейді атын-атамауды өтінген әкімшілік өкілі.

Бұл дауға қатысты ендігі сот отырысы тамыздың 25-і күні өтуі тиіс.
XS
SM
MD
LG