Accessibility links

Теңге құлдырағалы мектептегі тамақ қымбаттап барады


Мектеп оқушылары түскі тамақтарын ішіп отыр. Қазақстан, 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Мектеп оқушылары түскі тамақтарын ішіп отыр. Қазақстан, 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Доллардың қымбаттауы Алматы ғана емес, өзге де аймақтардағы мектептер мен мектепке дейінгі оқу-тәрбие мекемелеріндегі тамақ бағасына әсер етті. Мектептегі түскі ас күрт қымбаттағаны байқалды.

Алматы тұрғыны Олжас Әуезханов былтырғы тамыздан басталған теңгенің қарқынды девальвациясы енді мектептегі түскі астың күрт қымбаттауына ұласады деп уайымдайды. Оның баласы Алматыдағы қазақ мектептерінің бірінің 2-сыныбында оқиды.

Баласы мектепте оқитын Алматы тұрғыны Олжас Әуезханов мектептегі тамақтану ақысын қымбат деп санайды. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.

Баласы мектепте оқитын Алматы тұрғыны Олжас Әуезханов мектептегі тамақтану ақысын қымбат деп санайды. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.

- Балалардың денсаулығы мен сабақты жақсы оқуына дағдарыс кесірі тимесе екен деймін. Бізге балаларды ми жұмысын жақсартатын теңіз өнімдерімен тамақтандыратын Жапониядан үлгі алу керек, - дейді Олжас Әуезханов.

Ол баласына күніне 100-200 теңге беретінін, бірақ оған мектептің тамағы ұнамайтынын айтады. Оқушының әкесі асханадағы бағаны арзандатып, ас мәзірін өзгертуді ұсынады.

- Мемлекет басшысы дамыған 50 ел қатарына кіргенімізді қаласа, ұрпақтың тамағын жақсартуы керек. Мынадай тамақпен дамыған елдер тізіміне ілігуіміз екіталай, - дейді Олжас Әуезханов.

БАҒАНЫ «ТЕЖЕУ КЕРЕК»

Кейінгі жылда екі есеге жуық құнсызданып кеткен теңгенің кесірінен тауарлар қымбаттап, баға саясатында пайда болған проблема жайлы кейбір мектеп басшылары да айтады. Алматы облысы Қаскелең қаласындағы «Алтын ауыл» орта мектебі оқу меңгерушісі Арай Иманбекқызының айтуынша, мектеп асханаларындағы бағаны бұрынғы қалпында ұстауға тырысу керек.

- Дағдарыс қатты сезілді. Бәрі қымбат. Жарайды, дүкендерде азық-түлік бағасы шарықтасын, бірақ мектеп асханаларындағы баға саясатын реттеуге болатын шығар. Мысалы, бұрын 60 теңге тұрған самса қазір 100 теңге тұрады. Үкіметті мектеп тамағы бағасын «тежеуге» шақырамын, - дейді Арай Иманбекқызы Азаттыққа.

Қаскелеңдегі "Алтын ауыл" мектебінің оқу меңгерушісі Арай Иманбекқызы. Алматы облысы, 20 қаңтар 2016 жыл.

Қаскелеңдегі "Алтын ауыл" мектебінің оқу меңгерушісі Арай Иманбекқызы. Алматы облысы, 20 қаңтар 2016 жыл.

Алматыда қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен мектеп асханасын жалға алған кәсіпкерлер теңге девальвациясының мектеп асханаларындағы тамақтың құнына қалай әсер еткені мен жалға алу ақысы қаншаға қымбаттағаны жайлы айтты.

Азаматтық белсенділердің мәлімдеуінше, мектеп асханасын жалға алу ақысы былтырдан бері тоғыз есе көбейген. Мектеп асханасын жалға алған кәсіпкерлер ғана емес, ғимаратында асханасы бар мекемелердің бәрі шығынға батып жатыр.

- Асхананы жалға алу ақысы былтырдан бері 19 еседен 28 есеге дейін өсті. Біз ұлттық экономика министрлігіне жүгінгенбіз, нәтиже шықты – 2015 жылдың 23 маусымынан бастап заңға түзету енгізіліп, жалға алу ақысы біраз төмендеді. Бірақ проблема әлі бар, қымбаттаған ставка нақты қай кезден алынатыны анық емес, - дейді Алматы қаласы кәсіпкерлері палатасының төрайымы Салтанат Лесбаева.

Оның айтуынша, Алматы қаласы қаржы басқармасы асхананы жалға алған кәсіпкерлердің миллиондаған қарызын жабуды былтыр наурыздан талап етіп келе жатыр.

Салтанат Лесбаеваның айтуынша, аурухана мен мектеп – сырттан адам кірмейтін, яғни қосымша клиент келмейтін жабық нысан. Мұнда 80 мың теңге жалақы алатын дәрігерлер, мұғалімдер, оқушылар тамақтанады. Салтанат Лесбаева «ата-анасы берген ақша баланың чипсы мен су ғана сатып алуына жетеді, жейтін бірдеңе аламын деп сырттағы дүкенге жүгірген бала жолда оқыс жағдайға ұшырауы мүмкін» деп қынжылады.

Қолдау жоқ, саясат дұрыс емес. Билік елімізге дені сау ұлт керек екенін түсініп, шешім қабылдауы тиіс.

Кәсіпкерлер палатасы өкілінің айтуынша, кәсіпкерлер асхананы жалға алу ставкасын азайтуға қатысты арызды қарауды сұрап, бас прокуратураға жүгінген, бірақ ведомство 2015 жылдың шілдесінен бері шара қолданбай отыр, ал орындаушы телефонын көтермейді.

«Ұлағатты жанұя» қоғамдық ұйымы төрайымы Марианна Гуринаның айтуынша, балаларын қазіргі бағамен тамақтандыруға ата-аналардың көбінің шамасы келмейді. Ол «ондай жандар өте көп» дейді.

- Қолдау жоқ, саясат дұрыс емес. Билік елімізге дені сау ұлт керек екенін түсініп, шешім қабылдауы тиіс. Дұрыс әрі әділ шешім қабылдайды деп үміттенемін,- дейді Марианна Гурина.

Кәсіпкер Гүлнар Мамаева мектептегі тамақтану мәселесі дұрыс шешіледі деп үміттенеді. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.

Кәсіпкер Гүлнар Мамаева мектептегі тамақтану мәселесі дұрыс шешіледі деп үміттенеді. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.

Кәсіпкер Гүлнара Мамаева үкімет талап-тілегімізді ескеріп, жолдаған өтінішімізге 10 күн ішінде жауап береді деп үміттенеді. «Жалға алу ставкасы түссе, жұмыс орындары сақталар еді, бұл дағдарыс кезінде аса қажет» дейді кәсіпкер.

Астананың қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі өкілдері Азаттыққа мына жағдайға Астана прокуратурасының басқарма бастығы Әділ Оспанов қана комментарий бере алатынын айтты. Алматы қаласы қаржы басқармасы сияқты, онымен де хабарласу мүмкін болмады.

Қазір Алматыда бірінші және екінші тағам кіретін мектеп оқушысына арналған түскі ас шамамен 400 теңге тұрады. Нан-тоқаш өнімдерінің бағасы 50-150 теңге, бір стақан шырын – 20 теңге.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG