Accessibility links

Мектеп оқушылары тегін тамақтан қағылатын болды


Үш баланың анасы Сәуле Құрмашева. Алматы, 11 маусым 2015 жыл.

Үш баланың анасы Сәуле Құрмашева. Алматы, 11 маусым 2015 жыл.

Биліктің мектеп асханаларын жалдау ақысын қымбаттату жоспары пікірталасқа ұласты. Оның үстіне үкімет совет заманындағы жоспарлы экономиканың соңғы атрибуттарының бірі - мектеп асханаларында тегін түскі тамақты алып тастамақ.

Сәуле Құрмашева отбасымен Тараз қаласынан Алматыға биыл көшіп келген. Отбасындағы үш баланың екеуі мектепте оқиды. Жас ана «тегін тамақтандыруды тоқтатса, отбасы бюджетіне соққы болады» деп уайымдайды.

- Бауырым «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалға берілетін пәтер алған. Бірақ өзі тұрғысы келмей, пәтерді бізге берді. Айына 70 мың теңге төлейміз. Отағасы Алматыдан жұмыс таппаған соң әзірше Тараз қаласында жұмыс істеп жүр. Егер қыркүйектің 1-інен бастап мектеп оқушыларын тегін тамақтандыруды тоқтатса, қалай күн көретінімізді білмеймін, - дейді Сәуле Құрмашева Азаттық тілшісіне.

Биыл Сәуле Құрмашеваның ұлы Даниял - төртінші, қызы Әнел - екінші сыныпқа барады, ал үшінші баласы әлі кішкентай - үш жаста.

Алматыда кейбір кәсіпкерлер мен ата-аналар мектеп асханасын жалдау ақысын қымбаттатуға наразы әрі үкіметтен бұйрықты қайта қарауды талап етеді.

Мектеп асханасын жалға алып отырған азамат Гүлнар Мәмиев. Алматы, 11 маусым 2015 жыл.

Мектеп асханасын жалға алып отырған азамат Гүлнар Мәмиев. Алматы, 11 маусым 2015 жыл.

- Алматы қаласы қаржы басқармасынан қолданыстағы келісім-шарт басқарманың коммуналдық меншік бөлімі мамандарының алдын ала дайындаған есебі бойынша қайта бекітілетінін ескерткен хабарлама алдық. Әлгі құжатқа сәйкес, мектеп жанындағы асхананы жалдау ақысы 900 пайызға жуық өседі. Бұрын әр шаршы метріне 50 мың теңге төлейтінбіз, енді жаңа ережеге сәйкес, бұдан тоғыз есе көп төлеуге тиіспіз, - дейді Алматыдағы мектеп асханасының жалгері Гүлнәр Мәмиева Азаттық тілшісіне.

Кәсіпкер «Мұндай ақша төлеуге арендаторлардың көбінің шамасы келмейді, бизнесті жауып, кетуге мәжбүр боламыз. Ал кеткендердің орнына келетіндер тамақ бағасын «мейрамхана бағасына» дейін шарықтатып жібереді. Тамақ ішпеген оқушылардың денсаулығы нашарлайды, ата-аналарға да қиын болады» дейді.

«Ұлағатты жанұя» қоғамдық ұйымы президенті Марианна Гурина үкімет қаулысын «мұқият ойластырылмаған шешім» деп атайды.

«Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті Марианна Гурина. Алматы, 30 қаңтар 2015 жыл.

«Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті Марианна Гурина. Алматы, 30 қаңтар 2015 жыл.

- Мына бұйрық мектеп оқушыларының ата-аналарын есеңгіретіп тастады. Тегін тамақты алып тастайтыны анық, бірақ 5-6 баласы бар ата-аналар не істемек? Мына шешімді қабылдаған кезде зардаптары ескерілмеген. Цифрларына қарасаң, қайран қаласың, олар мектеп асханасын кеңсе, мейрамхананы жалдау ақысына теңестіріп қойыпты. Мейрамханалар ішімдік сатып күн көре алады. Қыркүйектің 1-інен бастап оқушыларды не күтіп тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты, - дейді ол.

Өткен аптада Алматыда қоғам өкілдері бұл проблеманы баспасөз жиынында көтерді. Баспасөз жиынында Алматы қаласындағы «Адвокаттар лигасы» адвокаты Жангелді Сүлеймен үкімет шешімі жайсыз зардаптарға ұрындыруы мүмкін деп мәлімдеді. Ол «мектеп әлеуметтік сала болғандықтан конституциялық принцип бұзылған» деп есептейді. Оның пікірінше, білім саласына қатысты оқулық, тамақ сияқты дүниенің бәрі тегін болуы тиіс. Адвокат идея авторларын шешімді қайта қарап, өзгерістер енгізуге және бұрынғы тәртіпке қайта оралуға шақырады. Жангелді Сүлеймен «заңдарды өзгертуге жылдар кетуі мүмкін, ал бұйрықты бір күнде өзгертуге болады» дейді.

Мектеп оқушыларын тамақтандыруды қаржыландыру жүйесіндегі өзгерістерге қатысты Алматы қаласы қаржы басқармасынан комментарий алу мүмкін болмады. Мектеп асханасын жалдаушылар мен ата-аналар ұлттық экономика министрлігінің «мұқият ойластырылмаған» бұйрығы күші жойылады деп үміттенеді.

Үкімет мектептегі тегін тамақтандыруды тоқтатқаны осы аптада белгілі болды. Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «қазақстандықтар мектептегі балаларына айран мен тоқашты өздері әперуі тиіс» деп бұдан ертеректе - биыл ақпанда мәлімдеген. Үкімет қаулысына сәйкес, ата-аналар енді балаларының түскі асына кететін қаржыны өз қалтасынан төлейді. Алматы қалалық білім басқармасының мәлімдеуінше, үнемделген қаржы жетім балалар мен жағдайы нашар отбасыларынан шыққан балаларды тамақтандыруға жұмсалады.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG