Accessibility links

Шымкентте шағын аудан оқушылары қоғамдық көлікке зәру


Жөндеуі бітпей жатқан "Шымкент-Алматы" жолынан ата-аналарының көмегімен өтіп бара жатқан оқушылар. Азаттық видеосынан алынған скриншот. Шымкент, 16 сәуір 2016 жыл.
Жөндеуі бітпей жатқан "Шымкент-Алматы" жолынан ата-аналарының көмегімен өтіп бара жатқан оқушылар. Азаттық видеосынан алынған скриншот. Шымкент, 16 сәуір 2016 жыл.

Шымкентте «Қайтпас-1» шағын ауданы тұрғындары оқушылар қауіпсіздігіне алаңдайтындарын, «Шымкент-Алматы» жолында бірнеше баланы көлік қаққанын, мектепке баратын қоғамдық көлік жетіспейтінін айтады. Жергілікті билік өкілдері «уақытша қиындыққа шыдау» туралы кеңес береді.

Сәуірдің 16-сы күні Шымкенттегі «Қайтпас-1» шағын ауданының 20 шақты наразы тұрғыны жиналып, журналистерге шағым айтты. Олардың сөзінше, іргедегі «Шымкент-Алматы» жолында ағылған көліктер бірнеше оқушыны қағып кеткен, ал шағын аудан ішінен мектепке қатынайтын қоғамдық көлік жоқ, жөндеуі бітпеген жолда оқушылар өтетін белгілер орнатылмаған. Тұрғындардың кейбірі «балаларымыз мектептен келгенше, жанымызды шүберекке түйіп отырамыз» дейді. Шағын аудан оқушылары мектепке бару үшін жөнделіп жатқан «Шымкент-Алматы» жолын кесіп өтеді.

«КӨЛІК ШЫҒАРСЫН» НЕ «ЖОЛАСТЫ ӨТКЕЛДЕРІН САЛСЫН»

- Жақында № 72 мектептен келе жатқан немеремді осы жолда көлік қақты. Басы жарылды. Жарақат алды. Бір апта ауруханада жатты. Қазір - үйде. Сабаққа жіберуге қорқамыз, - дейді зейнеткер Ырсалбек Мәди.

Оның айтуынша, «тас жолға жөндеу жұмыстары басталғалы бірнеше оқушыны көлік қаққан». Ақсақал «былтыр төрт-бес аялдама қашықтағы мектепке аудан ішінен баратын қоғамдық көлік болған, бірақ ол биыл жоқ».

- Бұл жолдан бала түгілі, үлкендердің өтуі қиын. Сұрайтынымыз - мына үлкен жолда көлік көп, балалар амандығы үшін қоғамдық көліктерді ішке қарай кіргізіп берсе, - дейді ақсақал.

ВИДЕО: Шағын аудан тұрғындарының шағымы

Шымкенттегі қоғамдық көлікке зәрулік
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:01 0:00

Шағын аудан тұрғыны Ақжайық Рахымбердінің айтуынша, «Соңғы ай ішінде осы тас жолда оқушылар 18 жол-көлік оқиғасына ұшыраған». «Өткен апта үш оқушыны көлік қағып, екеуі ауруханаға түсті» дейді ол.

- Шағын аудандағы бес көшеде екі мыңдай халық тұрады. Олардың 600-ге жуығы – №72 мектеп оқушылары. Балалар күнде мектепке барып-қайтқанда бастарын қатерге тігіп жүр, - дейді Ақжайық Рақымберді.

Тұрғындар шағын аудандағы ішкі көшелердің бірімен қоғамдық көлік жүргізуді жергілікті биліктен қаңтар айынан бері сұрап отырғандарын, бірақ әзірге нәтиже шықпағанын айтады. Зейнеткер Базаркүл Сәдуақасова:

- Немерем бастауыш сыныпта оқиды. Әке-шешесі жұмыста. Бала мектепке барып-келгенше жанымды шүберекке түйіп отырамын. Азанда осы жолдан өткізіп салып, түсте күтіп аламыз. Кей балалар 3-ауысымда оқиды. Балаларымыз үшін осы жолды күзетіп отырмыз, -деді.

Тұрғындар шағымының орынды екенін №72 орта мектептің ата-аналар комитетінің өкілі Жандос Керімбеков те растады. Оның айтуынша, тас жол жөндеуден өтпей тұрғанда да оқушылардың ары-бері жүруі қиын болған.

- Мектеп «Шымкент-Алматы» тас жолы бойында тұр. Дайындық тобын қоспағанда 2700 бала оқиды. Оқушылардың жолдан өтуі өте қиын. Жөндеу біткеннен кейін де қиын болады. Үлкен жол болғандықтан, жол асты өткелдерін салуды қазірден қолға алған жөн, -дейді Жандос Керімбеков.

БИЛІК ӨКІЛДЕРІНІҢ УӘЖІ

Жиналған тұрғындардың шағымын тыңдауға келген Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімдігі өкілдері «бұл мәселемен жергілікті биліктің таныс екенін» растады.

- Тұрғындардың қоғамдық көлік жайлы шағымы бойынша аудандық жолаушылар бөліміне ұсыныс түскен. Бір қоғамдық көліктің бағыты ұзартылған, - дейді Қаратау ауданы әкімдігі бас маманы Данияр Сұлтанов.

Шымкент қаласының Қаратау аудандық көлік бөлімі маманы Хамит Түленбаев. 16 сәуір 2016 жыл.
Шымкент қаласының Қаратау аудандық көлік бөлімі маманы Хамит Түленбаев. 16 сәуір 2016 жыл.

Ал Қаратау аудандық көлік бөлімі маманы Хамит Түленбаевтың пікірінше, «уақытша қиындыққа тұрғындар шыдау керек».

- Былтырғы қоғамдық көліктер өзін-өзі ақтамайды деп тоқтап қалды. Олар - жеке меншік компаниялар болатын. Енді биыл жол жөндеу кезінде, не десек те, ыңғайсыздық болады. Мәселені басшылыққа жеткіземіз, - деді ол.

Соңғы бір ай ішінде «Қайтпас-1» шағын ауданындағы оқушы балалар тап болған «18 жол-көлік оқиғасы» туралы алғаш естіген Данияр Сұлтанов пен Хамит Түленбаев «жолды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын биыл қазан айында аяқтау жоспарланып отырғанын» айтты. Бірақ жұрттың олардың бұл жауаптарына қанағаттанбағаны байқалып тұрды. Арыздарының төрт ай бойы қаралып жатқанына наразы Ернұр Қабыш:

- Қыс өтті. Амалдап балаларды мектепке тасыдық. Алда аптап ыстық. Балаларды мектепке қалай жеткіземіз? Жөнделіп жатқан жолмен біздің тұсымыздан өтетін қоғамдық көлік біреу-ақ. Ол ішке кірмейді, балалар бәрібір жолдан өтуі керек. Ал екінші қоғамдық көліктің тоқтайтын жері тіпті алыс. Күнде балалар мектепке осындай азаппен баруы керек пе сонда? – дейді ол нарызылығын жасыра алмай.

Азаттық тілшісі «Алматы-Шымкент» жолындағы оқушылар қауіпсіздігі мәселесі бойынша Шымкенттегі ішкі істер департаментіне хабарласқан еді. Телефон тұтқасын көтерген хатшы тілшіге «бұл мәселе бойынша жазбаша сауалхат жолдау керек» екенін ескертті. Ал қалалық әкімдік өкілдерінен қандай да бір түсінік алу мүмкін болмады.

Шымкенттің ішінен өтетін, Алматыға қатынайтын күре жолдың жөнделіп жатқанына бір жылдан асты. Әкімдіктің ақпаратына қарағанда, оның Шымкенттегі бөлігі құрылысы 2016 жылдың аяғына таман аяқталуы керек.

XS
SM
MD
LG