Accessibility links

Кей ата-аналар мектепте ұялы телефонды пайдалануға тыйым салуды сұрайды. Олардың өтініші әлі қаралмаған.

Көкшетау қаласында тұратын кей ата-аналар білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың атына арыз жолдағанын айтады. Олар орта білім беретін оқу орындарында ұялы телефонды пайдалануға тыйым салатын заң қабылдауды сұрайды. Баласы мектепте оқитын Жанат Сәтова мектеп жасындағы балалардың ұялы телефонды пайдалануына үзілді-кесілді қарсы. Ол ұялы телефонның зиянды екенін айтып, оған тыйым салатын заң қабылдайтын шығар деп үміттенеді.

Жанат Сәтова. Алматы, 12 наурыз 2016 жыл.

Жанат Сәтова. Алматы, 12 наурыз 2016 жыл.

– Ұялы телефон жайлы айтқанда, балаларымыздың болашағын ойлауға тиіспіз. Балалар ойлануды қойып барады, бәрін интернеттен көшіріп ала салады. Атыс-шабыс, кісі өлтіру сияқты кілең қатігездіктен тұратын қажетсіз ойындар көп. Мультфильмдер тәрбиелік сипаттан жұрдай. Мұның бәрі баланың ой-санасына, сабағына жаман әсер етеді, ал жоғары сынып оқушылары жыныстық сипаттағы фильмдер көреді, – дейді Жанат Сәтова.

Оның пікірінше, баласына ұялы телефон сатып әперу ата-анаға да ауыр, ал құлаққап арқылы музыка тыңдау саңыраулық дертіне шалдықтырады. Жанар Сәтова «балалар кімнің телефоны қымбат деп таласып, өзара жарысқа түседі, қазір бай-кедей деп жіктелу тіпті мектеп партасынан басталатын болды» деп қынжылады.

Мен ата-аналарға жауапкершілік жүктейтін заң шығаруға шақырамын. Мектеп оқушыларына сабақтан тыс уақытта да ұялы телефонды пайдалануға тыйым салу керек. Әке-шешесі баласының денсаулығы мен сабағын ойласа, мұғалімдермен байланыста болуы тиіс, – дейді Жанат Сәтова.

МҰҒАЛІМДЕР ПІКІРІ

Алматы облысы Қарасай ауданы Мерей кентіндегі Макаренко атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ләйлә Райымова да білім және ғылым министрлігін ата-аналардың тілегіне назар аударуды сұрайды. Ол мұндай заң қабылданса, дұрыс болар еді деп санайды. Ол «қазір оқушылардың көбі кейін телефон арқылы сұрап аламын деген үмітпен үй тапсырмасын күнделікке жазбайтын болды» дейді.

Телефонмен сөйлесіп тұрған оқушы. (Көрнекі сурет)

Телефонмен сөйлесіп тұрған оқушы. (Көрнекі сурет)

– Ата-аналар сабақ үстінде жиі қоңырау соғады, балалар хабарламаларға алаңдайды, бұл біздің жұмысымызға көп кедергі келтіреді. Баласының телефоны жоғалып қалса, ата-ана бізді айыптайды. Ата-аналардан балаға ұялы телефон мүлде сатып әпермеуді талап ету керек. Ұялы телефонға қатысты жасалатын қылмыс көп, балалар бір-бірінің телефонын ұрлайды, біз мұның бәрін білеміз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мұғалімдер жауапты, сондықтан ұялы телефонның аса қажеті жоқ, – дейді Ләйлә Райымова Азаттыққа.

Мұғалімнің пікірінше, қымбат телефон немесе өзге гаджеттер сатып әперу тұрмысы нашар балаларды кемсітуге ұласады, көп балалар өздерін кем сезінеді.

– Мектеп формасы туралы заңды бекіткендей, ұялы телефон туралы заңды да бекіту керек, – дейді Ләйлә Райымова.

Алматы қаласы Әуезов аудандық білім беру бөлімі бастығы Гүлнәр Қожабергенованың айтуынша, оқу орындарында ұялы телефонды пайдалану тәртібін реттейтін нормативтер жоқ.

– Қазір мұндай нормативтер жоқ. Егер білім министрлігі өкілдері мұндай заң шығарса, қолдар едік. Біз ұялы телефонды үзіліс кезінде ғана пайдалануға рұқсат етеміз, мектептер бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Бірақ жұрттың бәріне баласына ұялы телефон сатып әперуге тыйым сала алмайсың ғой. Олар сабақ кезінде баласының телефонын алып қойсақ, келіп шу шығарады, – дейді ол.

Шенеунік ата-аналарға балаларға ұялы телефон сатып әпермеуге кеңес береді. Ол «бөлім қызметкерлері бекітілген бұйрыққа сәйкес ғана жұмыс істейді, егер мұндай бұйрық түссе, бұл бағытта да жұмыс істеуге әзір» дейді Азаттыққа.

ПСИХОЛОГ ПІКІРІ

Психолог Анна Курданова ұялы телефонды қолдану тәртібін реттеп, балалармен көбірек шұғылдануға кеңес береді.

– Қалада ұялы телефонды пайдалануға тыйым салу қиын, баласын әр ата-ана өзі қадағалауы тиіс. Балаларымыздың бүкіл ғұмыры телефонда «отырумен» өтіп барады. Қазір кітап шығару индустриясы дамымай қалды, балалар қажет дүниенің бәрін интернеттен алады. Өз баласының немен айналысатынын ата-аналардың қадағалауына болады ғой. Баланың «телефонға байланып» қалуына жол бермеу керек, не нәрсенің де шегі болуы тиіс. Мәселе телефонда емес, ата-ананың оған қатысты ұстанымында, – дейді Анна Курданова Азаттыққа.

Психолог ата-аналар телефон «тұтқынына» айналған балаларына көмектесуді сұрап жиі келетінін айтады. «Бірақ бұған баласына телефонды «ұстатып» қоятын ата-ананың өздері кінәлі ғой. Ересектер телефонды қолайлы болған соң пайдаланады, ал бұл балаға зиян келтірмеуі тиіс, шектен шығып кетпеуді тек ересектер қадағалауы тиіс» дейді ол.

Ата-аналарға балаларын диваннан тұрғызып, тауға шығарып, киноға апаруға кеңес берер едім.

– Ата-аналарға балаларын диваннан тұрғызып, тауға шығарып, киноға апаруға кеңес берер едім. Бірақ ата-аналар бұған құлықсыз, олар өз шаруасымен айналысқысы келеді. Бұрын жақсы болатын, балалар далада сағаттап серуендейтін. Қазір криминогендік жағдай нашар, сондықтан ата-аналардың көбі баласының телефонын шұқылап, үйде қауіпсіз жерде отырғанын қалайды, – дейді Анна Курданова.

Психолог ата-аналарға күн тәртібін құрып, баласын түрлі секцияларға беріп, оның бос уақытын барынша тиімді ұйымдастыруға кеңес береді, «сол кезде мектеп оқушыларының телефонға байланып отыратын уақыты болмайды» дейді.

Қазақстанның кей мектептерінде ұялы телефонды пайдалануға қатысты арнайы ереже бар. Ол ережелерде «Сабақ үстінде телефонды кез-келген режимде пайдалануға болмайды, қатігездік пен зорлық-зомбылықты насихаттауға, мектеп беделіне саналы түрде зиян келтіруге тыйым салынады. Ережені бұзғаны үшін белгілі бір мерзімге ұялы телефон ұстауға шектеу қойылады. Ереже талаптарын өрескел бұзу фактілері анықталса, мектеп әкімшілігі ата-аналармен сұхбат өткізіп, ондай оқушыларды есепке қояды» деп жазылған.

Білім және ғылым министрлігі «ата-аналар тарапынан мұндай өтініш түскен жоқ» деген уәжбен мектепте ұялы телефонды пайдалануға тыйым салу ұсынысы жайлы Азаттыққа комментарий беруден бас тартты.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG