Accessibility links

Мектептегі ремонттың дауы тағы шықты


Алматыдағы орта мектептердің бірі. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы орта мектептердің бірі. (Көрнекі сурет)

Оқу жылы аяқталып, мектептерде жөндеу жұмыстары басталды. Мұғалімдер «кабинетімізді өз ақшамызға өзіміз жөндеп жатырмыз» деп шағымданады. Ал министрлік пен басқарма мұның заңға қайшы екенін айтады.

Қазақстандағы орта мектептердің бірінің мұғалимасы Гүлмира кабинетін өзі жөндеп жатыр. Ол оқу жылы аяқталған соң кабинетті әктеуге, бояуға қажетті заттарды өз ақшасына алатынын айтады.

«Кабинетті жөндеуге 7-8 мың теңге кетеді. Өзіміз әктеп, сырлаймыз. Директорға айтсақ, «өздерің жұмыс істейтін кабинеттерің ғой, өздерің жөндеп ала салыңдар» дейді. Сондықтан нан тауып отырған орнымыз ғой деп қарсы келе бермейміз» дейді мұғалім.

Қазақстанның басқа өңірлеріндегі мұғалімдер де Азаттық тілшісімен сөйлескен
Қазақстандағы ауыл мектептерінің бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы ауыл мектептерінің бірі. (Көрнекі сурет)
кезде кабинеттерін өз ақшаларына жөндейтіндерін растағандарымен аты-жөндерін және мектептерін жария етпеуді өтінді. «Директор артымызға түсіп, жұмысымыздан айырылып қаламыз» дейді олар.

Аты-жөнін толық айтпауды сұраған адамның бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданындағы бір мектептің мұғалімі Марал. «Жылда өз кабинетімізді өзіміз жөндейміз. Жөндеуге керекті сыр, әк, құралдарды да өзіміз аламыз. Бұл біздің қызметімізге кіреді. Директор ақша бөлінбейтінін айтады» дейді ол.

«АҚША ДА – БІЗДЕН, ЖӨНДЕУ ДЕ – БІЗДЕН»

Мектептің жөндеу жұмыстарына өздерінен ақша талап еткенге наразы ұстаздар министрліктерге де шағымданады. Сондай азаматтардың бірі бұл мәселеге қатысты сауалын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың блогына да жазған.

«Біз жыл соңында мұғалімдер жыл сайын мектептегі кабинеттерді ремонт жасауға өз қалталарымыздан қаражат шығарамыз. Әк, сыр алып өзіміз ремонт жасаймыз. Менің білуімше мемлекет тарапынан жыл соңында ремонт жасауға қаражат бөледі. Біз сол ремонтқа өз қаражатымызбен жасауға құқылымыз ба?» деп сұрайды Жамбыл облысы Жуалы ауданы Түктібай ауылындағы 12-мектептің информатика және математика пәнінің аты-жөнін жазбаған мұғалімі.

Министрлік өкілі бұл сауалға берген жауабында «мектеп басшылығының қызметкерлерден қаражат жинауы сыбайлас жемқорлық туралы заңнаманың нормаларына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа ұласқан әрекеттер болып сипатталатынын» айтқан. «Жұмыс берушінің қызметкерге еңбек шартымен
Ауыл мектебі завучының кабинетіндегі көрнекі тақтадағы сынып жетекшілерінің міндеттері. (Көрнекі сурет)
Ауыл мектебі завучының кабинетіндегі көрнекі тақтадағы сынып жетекшілерінің міндеттері. (Көрнекі сурет)
көзделмеген жұмысты жүктеуі заңға қайшы келеді» деген министрлік мұғалімге білім басқармасына, прокуратураға, не еңбек инспекциясына шағымдануға кеңес берген.

Азаттық тілшісі Түктібай ауылындағы 12-мектептің информатика және математика пәнінің мұғалімі айтқан мәліметтің анығын білу үшін Жамбыл облысы Жуалы аудандық білім басқармасына хабарласты.

«Біздің аудандағы барлық мектептердегі жөндеу жұмыстарына жыл сайын ақша бөлінеді. Биыл аудандағы мектептерге жөндеуге 4 миллион теңге бөлінді. Ал 12-мектепке бұл мәселе бойынша хабарласамыз» деп жауап берді басқарма қызметкері Гүлсім Сыпатаева.

«ЖӨНДЕУГЕ ДЕ, ЖӨНДЕУШІГЕ ДЕ АҚША БӨЛІНЕДІ»

Білім және ғылым министрлігінің Азаттыққа берген мәліметінше, мектептегі жөндеу жұмыстарына мұғалімдерден ақша жинауға болмайтыны туралы қаулы әр облыстағы, не қаладағы білім басқармасында бар.

Азаттық тілшісі сондай қаулының бірін Алматы қалалық білім басқармасынан көрді. Басқарма 2011 жылы 23 желтоқсанда шығарған қаулыда: «Ата-аналардан, оқушылар мен тәрбиеленушілерден, мұғалімдерден мектептің, сыныптың қажеттіліктері үшін ақша жинауға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар
Оқушылар мектеп ауласындағы ағаштарды әктеп жатыр. (Көрнекі сурет)
Оқушылар мектеп ауласындағы ағаштарды әктеп жатыр. (Көрнекі сурет)
демеушілік және қайырымдылық есепшоттарға мәжбүрлеумен ақша жинау заң бұзушылық болып есептеледі» деп жазылған.

Басқарма Азаттыққа берген жауабында әрбір оқу жылының соңында мектептегі жөндеу жұмыстарына, күрделі жөндеу жұмыстарына және сейсмикалық жағдайды жақсартуға арналған жұмыстарға әр облыс пен қалалық бюджеттен ақша бөлінетінін хабарлайды.

«Мектеп мұғалімдері өз ақшаларына және өздері мектепке жөндеу жүргізуге міндетті емес. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге бөлек қызметкерлер бөлініп, оларға еңбекақы беріледі. Мұғалімдер мұндай мәселер болса жергілікті білім басқармаларына баяндасын» дейді Алматы қалалық білім басқармасы.

Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын орта мектептердің мұғалімдері заңсыз ақша жинауға мәжбүр болғандарын айтып жиі шағымданады. Мұғалімдердің мектепті тексере келетін комиссияға да, көрнекі құралдар алуға да, мейрамдарға да ақша жинайтыны жайлы Азаттық бұған дейін де жазған еді.
XS
SM
MD
LG