Accessibility links

Орыс мектептерінен қазақша үйреніп шығатындар аз


125-гимназияның бесінші сынып оқушысы Арнелла (сол жақта) құрбыларымен бірге. Алматы, 22 қырүйек 2013 жыл.

125-гимназияның бесінші сынып оқушысы Арнелла (сол жақта) құрбыларымен бірге. Алматы, 22 қырүйек 2013 жыл.

Сарапшылар «орыс мектептеріндегі қазақ тілін үйрену деңгейінің төмендігіне оқулық сапасының нашарлығы әсер етіп отыр» дейді. Ал белсенділер қоғамдық мұқтаждық тууы керек екенін айтады.

Қазақстандағы орыс мектептерінде қазақ тілі 1958 жылдан бастап тұрақты түрде оқытыла бастады. Бірақ әлі күнге дейін орыс мектептерін бітірушілердің арасында қазақ тілін меңгергендер саны тым аз. Оқушылар да, мамандар да қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту әдістемесінің сапасына қатысты сын айтады.

Азаттық тілшісі Алматы қаласындағы 125-орта мектептің ауласына кіргенде 4-сыныпта оқитын үш қыздың үй тапсырмасын орындап отырғанын көрді. Олардың бірі – Арнелла есімді оқушы тілшінің сәлемдесуіне қазақша мүлдем түсінбейтінін айтып жауап берді.

– Қазақ тілі сабағын оқыған онша ұнамайды. Өте қиын. Әжем маған қазақ тілі курсына репетитор іздеймін деп айтқан. Бірақ оны ұмытып кетті ғой деймін. Ұмытқаны жақсы, есіне түсіргім келмейді. Ал үй тапсырмамды атам орындайды, – деп күлді Арнелла.

«ҚОҒАМ ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЖЕТСІНУІ КЕРЕК»

Ал осы мектептің жетінші сынып оқушысы Любомила Моисеенко қазақ тілін оқыту деңгейіне қатысты сауалымызға таза қазақша жауап берді.

– Қазақ тілі ұнайды. Мұғалімдеріміз жақсы оқытады. Биылдан бастап қазақ тілі пәнінің сағаты қысқарды. Ол бізге ұнайды, бұрынғыдай емес, оңай болады, тапсырма аз. Мектебіміз ҰБТ-де қазақ тілінен жоғары балл алады, – деді ол.

125-орта мектебінің жетінші сынып оқушысы Любомило Моисеенко (сол жақта) сыныптас құрбысымен. Алматы, қыркүйек 2013 жыл.

125-орта мектебінің жетінші сынып оқушысы Любомило Моисеенко (сол жақта) сыныптас құрбысымен. Алматы, қыркүйек 2013 жыл.

Любомила сияқты қазақ тілін мектеп қабырғасында жүріп меңгере бастаған оқушылар әсіресе қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жарияланған соңғы 20 жыл ішінде көзге шалына бастады. Бірақ жалпыға тән үрдіс деп айтуға келмейді.

Алматы қалалық 5-гимназияның оқушыларымен сөйлескенде анық ахуал байқалғандай болды.

Гимназия алдындағы орындықта пицца жеп отырған Алдияр есімді бесінші сынып оқушысын әңгімеге тартып едік, ол қазақша сөйлесуге ынтасының жоқтығын білдірді.

– Қазақша бір ауыз сөз түсінбеймін, себебі қызықтырмайды. Тек көшіріп жаза аламын, – деді ол.

Сабақтан қайтып бара жатқан осы мектеп оқушысы Илья да қазақша мүлдем білмейтінін айтты. Себебін сұрағанымызда «Орыспын ғой» деп жауап берді.

– Оқушылар ұғымтал. Орыс, кәріс, ұйғыр ұлтының балалары болғандықтан түсінбей жатқан жерлерін орысша үйретіп жіберемін. Мектепте қазақ тілін жоғары деңгейде оқытамыз, алайда неге екенін білмеймін – көшеде қазақша сөйлегендер аз, – дейді осы гимназияда қазақ тілінен дәріс беретін мұғалім Жұлдыз Елемесқызы.

Сәуле Нұрбекқызы, 5-гимназияның оқу ісінің меңгерушісі. Алматы, 22 қыркүйек 2013 жыл.

Сәуле Нұрбекқызы, 5-гимназияның оқу ісінің меңгерушісі. Алматы, 22 қыркүйек 2013 жыл.

Гимназияның оқу ісінің меңгерушісі Сәуле Нұрбекқызы оқушылардың қазақ тілін жақсы меңгеруі үшін сапалы әдістеме керек екенін айтады. Бірақ оның сөзінше, әдістемеден де маңыздырақ фактор – қазақ тілінде сөйлеуге деген қоғамдық мұқтаждықтың тууы.

– Биылғы оқу жылындағы жаңалығымыз – алғаш рет екі қазақ сыныбын ашып отырмыз. Екі апта бойы өтіп жатқан тіл апталығына байланысты өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде өнер көрсетті. Гимназия компонентіне «Абайтану» пәні мен «Қазақшаңыз қалай?» тіл үйірмесін енгізіп, жұмыс жасап жатырмыз. Ең әуелі қоғам қазақ тілін қажетсіну керек. Басшылыққа қарап жүргендіктен, басшылық қазақша сөйлеуі қажет, – деді Сәуле Нұрбекқызы.

ВИДЕО: Қазақша еркін сөйлейтін орыс жігіттің пікірі

ОҚУЛЫҚ САПАСЫНЫҢ НАШАРЛЫҒЫ

«Мемлекеттік тілді дамыту қорының» сарапшысы Айгүл Ахметқалиеваның ойынша, қазақ тілін оқыту кезінде теориялық білім берумен қатар іс жүзінде қазақша сөйлейтін орта қалыптастыру керек.

– Мектепте әртүрлі шараларды өткізіп жатамыз, бірақ ол баланың санасына қаншалықты сіңді деген сұрақ ешкімді мазаламайды. Тіпті қазақ тілді мектептердің өзінде де балалар орысша сөйлейді. Ұстаз қауымы, мектеп әкімшілігі өздері қазақ тіліне бет бұруы керек. Балалар үлкенге қарап бой түзейді, – дейді ол.

5-мектеп-гимназия оқушылары үзіліс кезінде. Алматы, қыркүйек, 2013 жыл.

5-мектеп-гимназия оқушылары үзіліс кезінде. Алматы, қыркүйек, 2013 жыл.

Азаттық тілшісі орыс мектебінде оқитын балаларының қазақ тілі сабағы жаттығуларын бірге орындауға мәжбүр болып жүрген бірнеше ата-анамен тілдесті. Досым Қалдан – «күнделікті сөйлеу дағдысын қалыптастырудан бұрын әуелі сауатты оқыту-әдістемелік жүйесі жасалу керек» деп санайтын ата-ананың бірі.

– Жаттығулары өте күрделі. Қарапайым ауызекі сөйлеу дағдысы қалыптаспаған балаға үйіп-төгіп грамматикалық тапсырмалар беріледі. Мағынасы ауыр өлең-тақпақтарды айтпай-ақ қояйын. Неге білім министрлігі әлемдегі үздік үлгілерді зерттеп, ірі әлемдік тілдерді шетелдіктерге оқыту жүйесін қазақ тілін оқыту үшін тиімді түрде пайдаланбайды? – деп сұрайды Досым Қалдан.

Оқыту-әдістемелік құралдары мен оқулықтың сапасы ата-аналарды ғана емес, тіл мамандарын да алаңдатады. ҚазҰУ-дің «Мемлекеттік тіл» кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Қаншайым Қарабаева орыс мектептеріндегі оқушылардың қазақ тілін жетік меңгермеуінің бір себебі - оқулық сапасының нашарлығы деген пікірде.

Алматы қалалық 5-мектеп гимназиясы. Алматы, 22 қыркүйек 2013 жыл.

Алматы қалалық 5-мектеп гимназиясы. Алматы, 22 қыркүйек 2013 жыл.

– Орыс сыныптарында оқытылатын қазақ тілі оқулықтарына биыл алғаш рет сараптама жүргізгенде бірнеше кемшіліктерін байқадым. Төменгі сыныптан жоғары сыныпқа көшкен бала санасының деңгейі ескерілмейтіні, мәтін мен жаттығу жұмыстарының байланысы жоқтығы көрінеді. Оқулықты жазарда үлкен қаражат бөлініп жатқандықтан нағыз мамандар істемейді-ау деген қаупім бар , – дейді Қаншайым Қарабаева Азаттыққа.

Орыс мектептеріне арналған қазақ тілі оқулықтарының сапасы мен оқыту әдістемесіне қатысты айтылған сын-ескертпелер туралы білім және ғылым министрлігінен жауап алу мүмкін болмады.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстандағы 7 мыңнан астам орта мектептің 1508-і – орыс тілінде, 2163-і – қазақ және орыс тілдерінде аралас, ал 3843-і – тек қазақ тілінде дәріс оқытады. 2013 жылдың қыркүйегінен бастап орыс мектептеріндегі бастауыш және жоғары сыныптарда оқытылатын қазақ тілі пәндерінің қысқарғаны белгілі болды. Білім академиясының өкілі Азаттыққа осындай жолмен «оқушылардың оқу жүктемесін азайтып, оқыту әдістемесін жетілдіру арқылы мемлекеттік тілді оқыту сапасын арттырамыз» деп мәлімдеген еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG