Accessibility links

Оқушыға спорт киімін сату туралы «патриоттық» идея


Мектеп оқушылары. (Көрнекі сурет)

Мектеп оқушылары. (Көрнекі сурет)

Алматы мектептерінің бірінде ата-аналар қарсылығынан кейін бірыңғай спорт формасын сатуды тоқтатты. Бірақ көп ата-ана оны алып үлгерген. Мектеп басшылығы «ешкімді мәжбүрлегеніміз жоқ» дейді.

Алматы тұрғыны Дархан Оңалбайдың бес баласы бар. Балалардың екеуі №175 «Жаңа Ғасыр» гимназиясында оқиды.

Ол балаларының мектепке қажет заттарын әйелі екеуі жазда алып қоятынын айтады. Биыл да сөйткен, соның ішінде спорт формасын да сатып алған.

№175 «Жаңа Ғасыр» гимназиясында сатылған спорт формасы.

№175 «Жаңа Ғасыр» гимназиясында сатылған спорт формасы.

- Бірақ қазан айында мектеп жаңа спорт формасын ұсынып, оны да сатып алуға тура келді. Бұдан басқа мектептер үлгі алмаса екен деймін, - дейді Дархан Оңалбай.

Ол мектеп ұсынған спорт киімін бір ай бойы алмай жүрген, бірақ ата-аналар комитеті мен сынып жетекшілері қайта-қайта ескертіп қоймай қойған. Балалар да бұл форманы алу туралы айта бастаған. Өйткені, олар дене шынықтыру сабағында өзгелерден ерекшеленуді қаламаған.

«Ақбота» фирмасы тіккен спорт киімдерін 5 және 9-сыныпта оқитын екі баласына алып беру үшін Дархан Оңалбай 12 мың теңге төлеген. Бұл қаражат шығын көпбалалы отбасының бюджетіне әжептәуір шығын болып тиген. Ол «Балаларын ренжітпеу үшін ата-аналар ақша төлеуге мәжбүр болды» дейді.

ФОРМА САТУ ТОҚТАТЫЛҒАН

Мектеп басшылары «жаңа спорт формасын сатып алуға мәжбүрлеуге» қатысты ата-аналар шағымын «шындыққа жанаспайтын өтірік» деп атайды. Олардың мәлімдеуінше, жаңа форма сатып алуға ешкімді мәжбүрлемеген. №175 гимназияның тәрбие жұмысы жөніндегі меңгерушісі Айнұр Еркінқызының айтуынша, ата-аналар жаңа форманы өз еркімен сатып алған.

- Баласы біздің мектепте оқитын Қарлығаш деген кісі қыркүйекте бізге келіп, «балалар бірыңғай спорттық киім кисін» деп ұсынды. Біз жиналыс өткізіп, сынып жетекшілері мен ата-аналар комитеті мүшелері ортақ шешім қабылдап, қазақи өрнегі бар бірыңғай спорт формасын бекітті. Біз патриоттық идеяны ғана басшылыққа алдық, - дейді Айнұр Еркінқызы Азаттыққа.

Оның айтуынша, «Ақбота» фирмасы өкілдері оқушылардың өлшемдерін алып, спорт формасын тігу үшін мектеп бөлмелерінің бірін жалдаған. №175 «Жаңа Ғасыр» гимназиясының оқу ісі меңгерушісі «ата-аналарды ешкім мәжбүрлеген жоқ, ал кейбір көпбалалы отбасылардың балалары мен жетім балаларға спорт формасы тегін таратылды» дейді.

№175 «Жаңа Ғасыр» гимназияcының тәрбие жұмысы жөніндегі меңгерушісі Айнұр Еркінқызы. Алматы, 18 желтоқсан 2015 жыл.

№175 «Жаңа Ғасыр» гимназияcының тәрбие жұмысы жөніндегі меңгерушісі Айнұр Еркінқызы. Алматы, 18 желтоқсан 2015 жыл.

Айнұр Еркінқызының айтуынша, ата-аналар шу шығарғаннан кейін «Ақбота» фирмасы гимназиямен ынтымақтастығын үзген, ал келесі жылға оқушылар формасына қатысты ешқандай өзгеріс енгізу жоспарланбаған.

Алматы қаласы Әуезов ауданы білім беру бөлімі бастығы Гүлнәр Ходжабергенованың мәлімдеуінше, әлгі спорттық форманы сату тоқтап, мәселе жабылған.

- Білуімше, әлгі шешімді жиналыста қабылдаған, бірақ кейбір ата-аналардың наразылығынан кейін оны сату тоқтатылды, - дейді Гүлнәр Ходжабергенова Азаттыққа.

Оның айтуынша, жаңа спорттық форма енгізу туралы ұсыныс ата-аналар тарапынан түскен, ал мектепке ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынған. Бірақ бөлім бастығы Ходжабергенова «мектеп директоры бұл өзгерісті ата-аналарға оқу жылының аяғы емес, басында жариялауы тиіс еді» дейді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG