Accessibility links

Мұғалімдерден ақша жинаудың бірнеше түрі бар


Мектеп оқушылары лездемеде тұр. Көрнекі сурет.

Мектеп оқушылары лездемеде тұр. Көрнекі сурет.

Сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Қызыл ту» мектебінің директоры «мұғалімдерден ақша жинады» деген күдікке ілінгені хабарланды. Мұғалімдердің айтуынша, мұндай заңсыз ақша жинау үрдіске айналған.

Алматы облысының Талғар ауданындағы орта мектептің мұғалімі «таяуда КРУ (бақылау-тексеру басқармасы) тексергенін, осы комиссияны күтіп алып, шығарып салуға мұғалімдерден қомақты ақша жиналғанын» айтады.

Ол «мұғалімдерден бұлайша ақша жинау үрдісі ешкімге таңсық емес» десе де, өзіне қысым жасалуы мүмкін екенін айтып, аты-жөнін жарияламауды сұрады.

Осыдан кейін Азаттық тілшісі Қазақстанның бірнеше аймағының мұғалімдеріне хабарласып, мұндай мәселенің бар, я жоқтығы туралы сұраған еді.

Алматы қаласының, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облыстарының мұғалімдері де «жұмыстан шығып қалатын жайымыз жоқ» деп аты-жөндерін көрсетпеуді өтінді. Сондықтан бұл мақалада аты-жөнін жасырмаған адамдардың сөздері көбірек қамтылды.

«МҰҒАЛІМГЕ ҚЫСЫМ ЖАСАУДЫҢ ЖОЛЫ КӨП»

Алматы қаласындағы мектеп-гимназия мұғалімі Гүлмира Монтаеваның айтуынша, «Мектепке бір оқу жылында жоспарлы және жоспардан тыс төрт-бес тексеру келеді. Келген комиссияға ақша беріп құтылатындар бар, ал ақша бергісі келмеген мектеп мұғалімдеріне қысым жасаудың да жолы көп».

Мектептен қайтып келе жатқан оқушылар. Талғар ауданы, Алматы облысы. 3 сәуір 2013 жыл.

Мектептен қайтып келе жатқан оқушылар. Талғар ауданы, Алматы облысы. 3 сәуір 2013 жыл.

Гүлмира Монтаева мұғалімдердің мойнына түсетін «комиссия ақысынан» басқа шығындарды да, мектептегі кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ, жанама атқарылатын жұмыстарын да тізіп шықты.

- 30-40 жыл істеген жоғары санатты мұғалімдер 100 мың теңгедей жалақы алатын шығар. Бірақ бір ставка - 18 сағатпен жүрген жас мамандар 40-45 мың теңге алады. Соған қарамастан, сынып жетекшілері кабинетіндегі көрнекі құралдарды өз қаржысына жасайды. Сабаққа қатысы жоқ жұмыстар да көп. Діни экстремизмге байланысты да мұғалімдердің басын қатырады. Оқушылардың отбасын, әлеуметтік жағдайын біліп, әр балаға мінездеме беру де - мұғалімнің мойнында. Сайлау сайын үй аралау, үгіт-насихат айту тағы бар. Сайлаушылардың кейбірі балағаттайды, кейбірі ит қосып қуады. Мұғалімдікті тастап кеткендер де аз емес, - дейді орта мектеп ұстазы.

«Мұғалімдікті тастауға мәжбүр болғандардың» бірі Серікбек Арғынғазин болып
Мектепке келген комиссияға ғана емес, мектепті жөндеу, күзетуге де мұғалімдерден ақша жинайды.
шықты. Ол Алматы қаласындағы 162-мектепте тарих пәнінен 13 жыл (1995-2008 жылдары) сабақ берген. Серікбек Арғынғазин мұғалімдерден жиналатын «комиссия» және «көрнекі құралдар» шығынына тағы бірнеше заңсыз ақша алу түрлерін қосты.

- Мектепке келген комиссияға ғана емес, мектепті жөндеу, күзетуге де мұғалімдерден ақша жинайды. Сол кездегі директор қазір зейнетке шығып кетті. Ол кісі келген комиссияны өзі «реттеп» жіберетін. Қазір кейбір мектеп директорлары мұғалімді жұмысқа қабылдау үшін пара алатынын да естіп жүрміз, - дейді.

Осы бірнеше «шығындарды» жоюдан үміттеніп, мектеп басшылығына қарсы шыққан мұғалімдер де өз тәжірибелерін айтты. Мәселен, Шымкент қаласындағы бір лицейде тарих пәнінен сабақ беретін Өмір Шыныбекұлы «мұғалімдерден ақша жинауға қарсы шығып, мектептің бұрынғы директорымен ұзақ тартысқанын, содан бері өзінен ақша сұрамайтын болғанын» айтады.

- Бірақ жұмысымнан мін таба алмаған соң қойды ақыры. Өз біліміне сенген мұғалімге ешкім қысым жасай алмайды. Білімсіз адам сатып алуға бір табан жақын тұрады, - дейді Өмір Шыныбекұлы.

Пара беру. Көрнекі сурет.

Пара беру. Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысы Шалқар кентіндегі 12-мектепте тарих пәнінен сабақ беретін Гүлден Жолбаева да жоғарыда аталған комиссия және көрнекі құралдарға байланысты шығындар бар екенін растап, оған мысалдар келтірді.

Әңгімесін «Мектептерге жасалатын тексеріс көп, соның кесірінен мұғалімдердің
12-13 адамдық комиссия бес күн тексерді. Мектепте шай-тамағын береміз. Кешкісін үйге әкетеміз.
уақыты сабаққа тікелей қатысы жоқ нәрселермен шұғылданумен кетеді» деп бастаған педагог:

- 18 сағат пен сынып жетекшілігім, кабинет меңгерушілігім үшін 62 мың теңге жалақы аламын. Бірақ кабинетті көрнекі құралдармен жабдықтау үшін бір оқу жылында 30-40 мың теңге өз қалтамыздан шығады, - дейді.

Гүлден Жолбаева өз мектептерін бірнеше жыл бұрын тексерген аттестациялық комиссия жайлы:

-12-13 адамдық комиссия бес күн тексерді. Мектепте шай-тамағын береміз. Кешкісін үйге әкетеміз. Сол жолы тек түскі астары үшін 6 мың теңгеден жинадық. Қонақүйге жатқысы келетіндері бар. Бірақ бізге үйге әкеткен тиімді, өйткені қонақүйдің ақшасын да біз төлеуіміз керек, - деді.

Гүлден Жолбаева комиссияның қалай да қате табатынын, ал қайтарда оларға қанша жинап беру керегін «әркімнің мырзалығы білетінін» айтты.

«АҚША ЖИНАП БЕРЕДІ ДЕГЕНДІ БІРІНШІ РЕТ ЕСТІП ТҰРМЫН»

Азаттық тілшісі мұғалімдердің ең көп шағымы «комиссия» шығындарына қатысты болғандықтан, осы мәселеге орай Ақтөбе облысы Шалқар аудандық білім бөліміне, Алматы облысы Талғар аудандық білім бөліміне, Алматы қалалық қаржы-бақылау инспекциясына хабарласты.

Ақтөбе облысы Шалқар аудандық білім бөлімінің әдіскері Рита Басмағамбетованың айтуынша, «Қонақ үйі жоқ шалғай ауылдарға барған комиссия мүшелері мектеп директоры мен оның орынбасарларының үйіне ғана түседі. Тамақты да сол үйден ішеді».

- Меніңше, ауылдық жерге барған комиссияға іссапар үшін ақша төленбейді, қалада қонақ үйге жатқандарға ғана төленеді. «Комиссияға ақша жинап береді екен» дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Ал бізге келген көрнекі құралдардың барлығын мектептерге таратып береміз. Мұғалімдер шығармашылық жұмыстарына байланысты өздеріне қажетті заттарды жинайтын шығар, - деді аудандық білім бөлімінің өкілі.

Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов. Алматы облысы, 3 сәуір 2013 жыл.

Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов. Алматы облысы, 3 сәуір 2013 жыл.

Алматы облысы Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов мектептер негізсіз тексерілмейтінін айтады.

- «Мұғалімдер ақша жинап беріпті» деген гу-гу әңгімені мен де естідім. Мұғалім жұмысы дұрыс болса, неге ақша береді? Мүмкін, қонақкәде жасайтын шығар, бірақ қалтасына ақша салыпты деген нақты факт жоқ, - деді ол.

Жарқын Нұрғалымов мектептерге жасалатын тексерістер ретін де айтып берді. Оның сөзінде мектептерге жасалатын жеті түрлі тексеріс аталды.

- Оқу жылының басында оқушыларды мектепке қамту бір рет тексеріледі. Білім бөлімінің жылдық жоспарына сай тақырыптық тексерістер де жүргізіледі. Үш-төрт жылда қайталанатын «фронтальный» (жаппай) тексеру тағы бар. Мұны тексеріс дегеннен гөрі әдістемелік көмек беру деген дұрыс. Екі жылда бір рет облыстық білім сапасын қадағалау департаменті аттестациялық комиссия шығарса,
Білім бөлімінің жылдық жоспарына сай тақырыптық тексерістер де жүргізіледі. Үш-төрт жылда қайталанатын «фронтальный» тексеру тағы бар.
облыстық білім басқармасы да білім стандарттарының орындалуын қадағалайтын комиссия жібереді. Екі жыл сайын тексеріп тұратын КРУ, арнайы арыз-шағым түскенде шығатын ревизиялық комиссия да бар, - дейді бөлім басшысы.

Ал Алматы облыстық қаржы бақылау инспекциясының орта мектептер жөніндегі бөлімінің бастығы Қанабек Шалғынбаев:

- «Ақша жинап әкетіпті» деген ақпарат түссе, дереу тексеріледі, - деді.

Елде мектептердің бюджеттен қаржыландырылуы керек осындай шығындарына байланысты әкімшілік істер жиі қозғалады. Мысалы, биыл сәуірдің 15-інде ҚазТАГ ақпарат агенттігі «Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында санитарлық-эпидемиологиялық заң нормаларын орындамағаны, мектеп жабдықтарын қамтамасыз етпегені үшін 18 мектеп директоры әкімшілік жауапқа тартылғанын» хабарлады.

Мектеп директорларының қарамағындағы мұғалімдерден заңсыз ақша жинау оқиғалары Қазақстанда ғана емес, ТМД аумағындағы басқа елдерде де бар. Мәселен, мамырдың 7-сінде Ресейдің Владимир облысында бұрынғы мектеп директорына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер күдіктінің директор болған кезінде бес жыл бойы (2007-2013) мұғалімдерге қосымша жалақы жазып, кейін ол ақшаның бәрін өзі алғанын айтады.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG