Accessibility links

Оқулықтың тегіні де, ақылысы да жетпей жатыр


Жаңа оқу жылы басталғалы бері орта мектеп оқулықтарын іздеген ата-аналар көбейді. Білім беру саласының өкілдері бюджет қаржысы кеш бекітілгендіктен тегін оқулықпен қамту созылып кеткенін айтады.

Азаттық тілшісімен кітап дүкенінің алдында кездескен ата-аналардың бірі Гүлнар Димеева «Атамұра» баспасынан шыққан, 6-8 сыныптарға арналған негізгі пән оқулықтарын таппай жүргенін айтады. Ал Facebook әлеуметтік желісіне «50 елдiң қатарына өздеріңіз кiре берiңiздер. Мен 4-сыныпты оқитын сiңліме кiтап iздеймiн» деп жазған қарағандылық Марал Нұртөлеуова ағасының қыздарына жыл сайын оқулық іздейтін болып шықты.

– Биыл төртінші сыныпқа барған сіңіліме математика мен қазақ тілі кітаптарын іздеп жатырмыз. «Қазақ тілін» өйтіп-бүйтіп таптық, математика жоқ. Қарағандыдан табылмаса, Астанаға барамын. Мұғалім «Атамұра» баспасының оқулығы керек деген, соны сатып алуымыз керек. Сіңілім шағын мектепте оқиды, соның өзінде оқулық бере алмай отыр. Ал әр сатыда бірнеше сыныбы бар мектептер қайтер екен? - дейді ол.

Бұл мәселені зерттеп көргенімізде жекелеген ата-аналар ғана емес, білім басқармаларының да оқулықты қажетті мөлшерде сатып алып, таратып бере алмай отырғаны байқалды. 2010 жылға дейін тек тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларға тегін оқулық беретін жергілікті білім басқармалары, президент жарлығы бойынша 2015 жылға дейін барлық мектеп оқушыларын 100 пайыз қамтамасыз ететін деңгейге жетуі тиіс. Бірақ биылғы жаңа оқу жылы алдындағы қарбалас бұл межеге жетудің әлі қиын екенін көрсетті.

«БАҒДАРЛАМА ЖИІ ӨЗГЕРЕДІ»

Азаттық тілшісі орта мектептердегі оқулық тапшылығының себебі жөнінде бірқатар мұғалімдердің пікірін сұрады. Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылындағы орта мектеп мұғалімі Фарида Ақбаева:

Қайназар орта мектебінің мұғалімі Фарида Ақбаева. Жамбыл ауданы, Алматы облысы. 25 мамыр 2013 жыл.

Қайназар орта мектебінің мұғалімі Фарида Ақбаева. Жамбыл ауданы, Алматы облысы. 25 мамыр 2013 жыл.

– Мектеп бағдарламасы жиі сайын өзгереді. Бағдарлама ауысқан сайын бұрынғы кітаптар макулатураға айналады да жаңасы шығады. Есептері де, тақырыптары да өзгеріп кетеді. Биыл жаңадан ашылған мектебіміз оқулық тауып бере алмай кей сыныптарды ғана қамтамасыз етті, - деді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы орта мектептердің бірінің мұғалімі Марина Сәниязова да 3-4 жылда өзгеретін бағдарламаны оқулықтар қуып жете алмай жатқанын айтады.

– Бағдарламаға күнтізбелік жоспар түзейік десек, оқулықтар сәйкес келмейді. Қай баспаның оқулығы көбірек болса, жоспарды соған қарап құрамыз. Әр баспаның оқулығындағы материалдар мен ережелер бір болғанмен, жаттығулары мен беттерінде айырма бар. Біреуі басында болса, екіншісі аяғында, - дейді мұғалім.

«БАСПА ТАПСЫРЫСТЫ ҒАНА ОРЫНДАЙДЫ»

Орта мектеп оқулықтарын шығаратын «Атамұра» мен «Алматыкітап» баспаларынан комментарий алу мүмкін болмады. «Мектеп» баспасы бас редакторының орынбасары Әуелай Сабырқызы оқулық тапшылығына баспасының қатысы жоқтығын айтты. Оның сөзіне қарағанда қанша кітап керек екенін министрлік есептейді. Ал «Мектеп» баспасының дүкендерінде тұрған кітаптар білім департаментінің тапсырысынан бөлек, баспаның өз қаржысына шығарылған.

"Атамұра" баспасының кітап қоймасынан оқулық сатып алуға кезекте тұрғандар. Алматы 4 қыркүйек 2013 жыл.

"Атамұра" баспасының кітап қоймасынан оқулық сатып алуға кезекте тұрғандар. Алматы 4 қыркүйек 2013 жыл.

Республикадағы баспа ісін үйлестіруші Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспа бағдарламалары басқармасының бастығы Нұрасыл Тоғызбаев «әр баспаның өз бағдары бар екенін, кез-келген баспа оқулық шығара алмайтынын» айтты.

– Негізгі баспалардың барлығы – жекеменшік. «Атамұра», «Мектеп», «Алматы кітап» баспалары білім және ғылым министрлігі тарапынан қаржыландырылады, - деді ол.

Білім және ғылым министрлігінің оқулық саласына жауапты қызметкерінің өзін тек Бота деп қана таныстырған баспасөз қызметкері бұл мәселе бойынша министрлікке жазбаша түрде сауал жіберуді сұрады.

«ОҒАН МИЛЛИАРДТАҒАН ҚАРЖЫ КЕРЕК»

Оқулық тапшылығының жай-жапсарын Алматы облыстық білім басқармасының орта білім, инновация және жаңа технология бойынша бас маманы Гүлмира Әбсаттарова біршама түсіндіріп берді. Оның сөзіне қарағанда, министрлік 2012 жылға дейін тек тұрмысы нашар отбасылардың балаларын ғана оқулықтармен толық қамтамасыз еткен. Олар барлық оқушының 30-40 пайызын құраған. Қалғандарын ата-аналар сатып алып келген. Ал 2010 жылы президенттің «2015 жылдан бастап мектеп оқушыларын оқулықпен 100 пайыз қамтамасыз ету» жөнінде жарлығы шыққан.

– Осы жарлықты орындау үшін жыл сайын екі сынып оқулықпен қамтамасыз етіліп жатыр. Бірақ қаржы тапшылығына байланысты кейбір сыныптарға тек 80-90 пайыз ғана оқулық ала алдық. Биылдан бастап барлық мектептердің 1-сыныбына ағылшын тілі енгізілді. 1-сыныптың ағылшын тілі мен 7, 8, 9- сыныпты оқулықпен 100 пайызбен қамтамасыз еттік. Үкімет барлық сыныптарды толық тегін қамтамасыз ете алмайды, оған миллиардтаған қаржы керек, - дейді ол.
Тапсырысты да кеш бердік, өйткені оқулықтарға бөлінетін бюджет қаржысы мамыр айында ғана белгілі болды.

Гүлмира Әбсаттарова бір оқулықтың екі түрлі баспадан екі түрлі шығуын «бәсекелестікті арттыру үшін» жасалып жатқан шара деп түсіндірді. Оның сөзінше, былтырға дейін бастауыш сыныптардың оқулықтарын тек «Атамұра» баспасынан, ал жоғары сыныптардың оқулықтарын «Мектептен» сатып алып келген. Ал қазір 9-сыныптың әдебиет оқулығын «Атамұра» да, «Мектеп» те шығарады. Авторлары әртүрлі болғанымен мемлекеттік стандарттан өткізілген.

– Қазір «Атамұра» баспасының типографиясы үлгермей жатыр. Үлкен корпорация болғаннан кейін тапсырыс көп. Оның үстіне тапсырысты да кеш бердік, өйткені оқулықтарға бөлінетін бюджет қаржысы мамыр айында ғана белгілі болды, - деді Алматы облыстық білім басқармасының қызметкері Гүлмира Әбсаттарова.

Барлық орта мектеп оқушыларын мемлекет есебінен оқулықпен қамтамасыз ету туралы міндеттеме Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы қол қойған «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» жарлығында бекітілген. Жарлыққа сәйкес 2015 жылдан бастап жалпы білім беретін білім беру ұйымдарының барлық оқушысы жергілікті бюджет есебінен тегін оқулықтармен және сандық білім ресурстарымен қамтамасыз етілуі тиіс.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG