Accessibility links

Ақша жинау тыйымы мен шыршаға билет сату


Астанадағы оқушылар шыршасы. (Көрнекі сурет)

Астанадағы оқушылар шыршасы. (Көрнекі сурет)

Астаналық кейбір ата-аналар «балаларға арналған жаңа жылдық қойылымдарға билет сатып алуды міндеттеді» деп шағымданады. Білім басқармасы «сынып мұқтаждығы» үшін ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынғанын ескертеді.

Астанадағы №5 мектеп-гимназия бастауыш сыныптарының бірінің ата-аналарының ұялы телефондарына желтоқсанның 25-і күні Бауыржан Момышұлы көшесіндегі Оқушылар сарайында өтетін жаңа жылдық шыршаға кемі 20 билет сатып алуды міндеттеген хабарлама келген.

ХАБАРЛАМА

Ата-аналар комитеті өкілі сыныптың WhatsApp хабарлама алмасу тобына «Құрметті ата-аналар. 20 билет сатып алуға міндеттіміз. Ешкім алғысы келмесе, сынып қоры есебінен сатып аламын» деп жазған.

Хабарламада қандай мереке екені нақтыланбаған. Тек билет бағасы бір балаға 1500 теңге (төрт доллардан сәл асады) екені ғана көрсетілген.

Бұл жайтқа сыныптағы кейбір ата-аналар ғана наразылық білдірген. Ал көбі керісінше, әлгі жаңажылдық шараға «өзге балаларымызды да әкелеміз» деп құлшыныс білдірген. Бірен-саран ата-ана «Билет сатып алу мектеп бастамасы ма әлде Астана білім басқармасынан түскен нұсқау ма?» деп сұраған. Ата-аналар комитеті өкілдерінің бірі оларға жаңажылдық шыршаға «жыл сайын мектептің бәрі осылай ақша жинайды» деп түсіндірген.

Әлгі мектепте балалары оқитын астаналық тұрғын әйел (аты-жөнін көрсетпеуді сұрады) Азаттыққа «сыныптың қажеті» үшін ата-аналар комитетіне жыл сайын белгілі бір сома тапсыратынын айтады. Комитет мүшелері - көбінесе сынып қорына ата-аналардан ақша жинаумен айналысатын бірнеше белсенді әйел.

Ата-аналар мен сияқты үн-түнсіз жинап берсе, мынадай ақша жинау әрекеті ешқашан тыйылмайтын шығар.

- Былтыр бір жылға жетеді деп бес мың теңгеден жинаған, кейін жөндеу жұмыстарына тағы 500 теңге өткіздік. Биыл сынып қорына әр баладан 10 мың теңгеден жиналды. Сыныпта 30-дан аса бала бар. Шынымды айтсам, енді бермеймін деп жүріп, ақша бергеніме өкініп қалдым. Ата-аналар комитеті мұғалімдер күні мерекесіне арнап сынып жетекшісі ғана емес, бүкіл пән мұғалімдеріне сыйлық сатып алуды ұйғарыпты. Оларға не үшін сыйлық әпереді? Енді олар «әлгі ақшадан әр балаға екі мың теңгеден жаңажылдық сыйлық сатып аламыз» дейді. Оған мына билет қосылды. Ата-аналар мен сияқты үн-түнсіз жинап берсе, мынадай ақша жинау әрекеті ешқашан тыйылмайтын шығар, - дейді ол.

РЕСМИ ТЫЙЫМ

Астананың білім басқармасы мамандарының Азаттыққа айтуынша, мұндай шараларға балалар өз еркімен және қалауымен ғана барады. Кейінірек басқарманың баспасөз хатшысы Ботагөз Омар Азаттық тілшісімен әңгімеден кейін №5 мектеп-гимназия директорымен сөйлескенін хабарлады. Ол кісі ақша тапсыруға ешкімді мәжбүрлемегенін айтқан.

Жуырда Ботагөз Омар Facebook желісіндегі парақшасында қалалық білім басқармасының биыл тамыздың 24-і күні шыққан «Ата-аналардан заңсыз ақша жинауға тыйым салу туралы» бұйрығын жариялаған. Оның Азаттыққа түсіндіруінше, шыққанына сегіз жыл болған әлгі бұйрыққа биыл Астана білім басқармасының қазіргі бастығы Эльмира Суханбердиева қол қойған.

Әлгі бұйрықта мектепті жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жиһаз, жабдық сатып алуға, еден жуушылар мен күзетшілерге жалақы төлеуге, педагогтар ұжымы мен білім басқармасы қызмектерлеріне сыйлыққа ата-аналардан ақша жинауға қатысты жиі шағым түсетіні айтылған. Мектепте ақша жинауға заң жүзінде тыйым салынған. Бұйрыққа сәйкес, ақша жинаумен айналысатындарға «жұмыстан шығаруға дейін ең қатал шара қолданылады» деп көрсетілген.

Біз қойылымды әзірледік, бірақ оған келуге ешкімді мәжбүрлемейміз.

Астанадағы Бауыржан Момышұлы көшесіндегі оқушылар сарайында жаңажылдық шырша мерекесі желтоқсанның 19-30-ы күндері өтеді. Мерекелік бағдарламаға шырша жанындағы қойылым мен спектакль-ертегі көру кіреді. Билет құны (1500 теңге) ішіне балаға берілетін сыйлық кірмейді.

Оқушылар сарайы директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Қымбат Іргебаева:

- Біз қойылымды әзірледік, бірақ оған келуге ешкімді мәжбүрлемейміз. Меніңше, 1500 теңге көп ақша емес. Кәсіби актерлер тамаша бағдарлама дайындады. Балаларды шақырып жатырмыз, бірақ балаларын жіберу-жібермеу мәселесі ата-ананың еркінде, - дейді.

Оның айтуынша, оқушылар сарайында өтетін жаңажылдық шараға қаладағы 80 мектептің бәріне билет таратылған, бірақ сатылмаса, оларды кері қайтаруға болады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG