Accessibility links

«Ғылымдағы плагиатты анықтау қиын» дейді ғалымдар


Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті ректоры Ғалым (Ғалымқайыр) Мұтанов. Алматы, 18 қараша 2010 жыл.

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті ректоры Ғалым (Ғалымқайыр) Мұтанов. Алматы, 18 қараша 2010 жыл.

Арнайы комиссия ректор Ғалым Мұтановтың монографиясындағы 39 бет өзге ғылыми еңбектерден алынғанын растады. Ал ғалымдардың айтуынша, «монографиядағы плагиатты табу – рецензенттің жұмысы».

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті ректоры Ғалым (Ғалымқайыр) Мұтановтың монографиясы жайлы білім және ғылым министрлігіне қарасты ғылым комитетінің қорытындысы тамыздың 8-і күні мәлім болды.

«Ғылым мен техника саласы бойынша 2013 жылғы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған бұл еңбек кері қайтарылды. Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы «Антиплагиат» жүйесі бойынша тексерді. Осы тексеру қорытындысы бойынша Ғалым Мұтановтың 2011 жылы жарық көрген «Экономико-математические методы и модели» деп аталатын монографиясындағы 39 беттің сілтемесіз алынғаны және дереккөздердің авторлары көрсетілмегені анықталды» дейді білім және ғылым министрлігі.

Министрліктің жауабы «Мұтановтың монографиясындағы шикіліктер» туралы Қазақстан президенті әкімшілігіне, парламент сенатына және премьер-министрдің кеңсесіне арнайы хат жазған екі ғалымға – Ерлан Нұрсұлтан пен Махмұд Садыбековке арналған.

«ҒЫЛЫМИ АТАҒЫНАН АЙЫРУ ТУРАЛЫ СӨЗ БОЛМАЙДЫ»

Азаттық тілшісі осы оқиғаға орай пікірін білмек болып, әл-Фараби атындағы ұлттық университетке хабарласқанда «ректор Ғалым Мұтанов еңбек демалысында жүр» деген жауап алды.

«Кей еңбектерге сілтеме жасалмаған ғылыми монографияның авторына қандай Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін студенттері "Нобель" сыйлығы лауреаттарымен өткен онлайн кездесуде отыр. Алматы, 24 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін студенттері "Нобель" сыйлығы лауреаттарымен өткен онлайн кездесуде отыр. Алматы, 24 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

шара қолданылуы мүмкін» екенін білім және ғылым министрлігіне қарасты ғылым комитеті төрағасының орынбасары Амандық Төлешевтен сұрадық.

Оның айтуынша, «бұл монография Ғалым Мұтановтың кандидаттық немесе докторлық диссертациясы емес – сондықтан оны ғылыми атағынан айыру туралы сөз қозғалмайды».

– Бұл монография мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған соң тексерілді. Салалық монографияларды көбіне тек сол саланың адамдары ғана оқиды. Егер олар осындай плагиаттық бар екені анықтап жатса, оны да тексереміз. Жалпы, мұндай монографиялар оқу орындарындағы, ғылыми ұйымдардағы ғылыми кеңестерден, бірнеше рецензенттерден өтеді. Монографияда көшірме бар ма, жоқ па – әуелі солар анықтауы керек, – дейді Амандық Төлешев.

Амандық Төлешев ондай ғылыми кеңестер мен рецензенттерге де ескерту жасалатынын айтады. Оның пікірінше, жекелеген монографиялардан гөрі диссертациялық ғылыми жұмыстарда көшірме бар-жоғы көбірек қадағаланады.
Диссертация қорғау үшін әуелі диссертант, содан соң оның ғылыми жетекшісі мен оппоненттері және диссертациялық кеңес жауап береді.

– Диссертация қорғау үшін әуелі диссертант, содан соң оның ғылыми жетекшісі мен оппоненттері және диссертациялық кеңес жауап береді. Ең соңында білім және ғылым саласын бақылау комитеті қарайды. Бұл комитет негізінен плагиат мәселесін қорғауға дейін анықтайды. Бұл бақылау жүйесі бұрынғыдан әдеқайда қатаң жұмыс істеп тұр, – дейді Амандық Төлешов.

Қазақстанда авторлық құқық «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» 1996 жылы 10 маусымда қабылданған заңмен реттеледі.

«ПЛАГИАТПЕН КҮРЕСУ КЕРЕК»

Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанованың айтуынша, монографияны жариялауға рұқсат беретін ғылыми кеңес «онда плагиат бар ма, жоқ па» деген мәселеге сараптама жүргізбейді, «Қазақстан ғылымы үшін бұрын анықталмаған жаңалық бар ма, жоқ па» деген мәселеге қарайды».
Ғылыми кеңес монографияны оқып-шығуды үш рецензентке тапсырады. Сол рецензенттер еңбекте көшірме бар ма, жоқ па деген сауалға жауап іздеуі тиіс.

– Ғылыми кеңес өз жұмысын қоғамдық негізде атқарады, ол үшін ақша төленбейді. Бұл кеңес монографияны оқып-шығуды үш рецензентке тапсырады. Сол рецензенттер еңбекте көшірме бар ма, жоқ па деген сауалға жауап іздеуі тиіс, – дейді Анар Фазылжанова.

Оның пікірінше «ғылыми еңбектерде көшірме көп, бірақ оны анықтау – қиын».

– Орыс тілінен өңін айналдырып көшірген қазақша ғылыми жұмыстарды қазіргі заманғы антиплагиаттық технологияның өзі анықтай алмайды. Орыс тіліндегі еңбектерді анықтау біршама оңай. Бірақ орыс тіліндегі ғылыми еңбектердің де ағылшын не басқа тілдердегі еңбектерді қайталайтынын байқауға болады, – дейді ол.

Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бұрынғы директоры, тарихшы Саттар Мәжитов «Ғылымдағы плагиатпен жүйелі түрде күресу керек» деп санайды.

– Елдің бәрі плагиаттықпен айналысып жатса, диссертацияны қорғатып отырған орындар қайда қарап отыр? Мұны да ескеру керек. Сонымен қатар әсіресе ғылымдағы плагиаттық мәселесінде әр зерттеушінің еңбегін жеке алып қарастыру керек. Әрине, қайталаулар немесе техникалық кемшіліктер болуы мүмкін. Плагиатпен күресу керек, – дейді ол.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG