Accessibility links

Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бейнесі


Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ресей саясаткерлері «еуропалық деңгейден де жоғары дипломат» деп бағалаған Қасым-Жомарт Тоқаевты өз елінде түрліше қабылдайды. Оны «Қазақстан дипломаттарының көшбасшысы» деушілер де, «Назарбаевтың көлеңкесі» дейтіндер де бар.

Ресей мемлекеттік думасының ТМД жөніндегі комитеті төрағасы Леонид Слуцкий осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан парламенті сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты «еуропалық деңгейден де кең ауқымдағы саясаткер» деп сипаттады.

Тоқаевтың ресейлік саясаткерден мұндай мадақ естуіне ақпанның 25-і күні ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясында «Еуропа Одағының кейбір елдердегі депутаттарға санкция салғаны дұрыс емес» деген сөзі себеп болған еді.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Тоқаев парламенттік ассамблеядағы сөзіне дейін Ресей мемлекеттік думасы төрағасы Сергей Нарышкинмен кездесіп, ассамблеяда санкция мәселесін көтермек екенін айтқан.

ТОҚАЕВТЫҢ «РЕСЕЙШІЛДІГІ» МЕН «ҚАЗАҚШЫЛДЫҒЫ»

Бұрыңғы дипломатиялық қызметкер Қазбек Бейсебаев.
Бұрыңғы дипломатиялық қызметкер Қазбек Бейсебаев.

Слуцкийдің сөзінен кейін қазақстандық кей басылымдар мен әлеуметтік желілерде Қасым-Жомарт Тоқаевты ресейшіл саясаткер ретінде айыптаған пікірлер жазылды. Мұндай айыптаулар кезінде Тоқаевтың бұған дейін «Түркияның Ресей әскери ұшағын атып түсіруі – негізсіз» дегені де еске түскен.

- Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаға қатысты мәселе мүдделі елдердің депутаттарының қатысуымен талқылануы тиістігін айтты. Ал Түркияның Ресей ұшағын атып түсіруі де дипломатия тілінен алыстап кеткендіктің белгісі екенін, дауды дипломатиялық жолмен реттеуге болатынын меңзеді, – дейді бұрынғы дипломат Қазыбек Бейсебаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл қаңтарда сенатқа келген білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке мемлекеттік тілде баяндама жасауды сиреткенін ескерткен депутатты тыйып тастауы да қазақ тілді басылымдар сынына іліккен. Алайда бұрынғы дипломат Бабыр Дәуренбек бұл оқиғаның БАҚ-та біршама бұрмаланғанын айтады.

- Осы шулы оқиға жайлы сенат төрағасы хаттамасы бастығынан сұрадым. Телеарнада көрсетілген сюжетке сай келмейтінін естідім. Бірақ бұл ақпаратты Қасым-Жомарт Тоқаев терістеуді талап еткісі келмеген, – дейді ол.

Қазақстанның Сириядағы бұрынғы консулы Бабыр Дәуренбек.
Қазақстанның Сириядағы бұрынғы консулы Бабыр Дәуренбек.

Былтыр Қазақстанның Сириядағы консулы қызметінен кетіп, сыртқы істер министрлігін сотқа берген Бабыр Дәуренбек Қасым-Жомарт Тоқаевты «мемлекеттік тілді қолдаушы» саясаткер ретінде сипаттайды.

- Жұмыс бойынша кездесулерімде ол менімен мемлекеттік тілде сөйлесетін. Қытай, ағылшын, француз және орыс тілдерін жетік білетін ол қазақ тілін кейін арнайы оқып үйренді, – дейді Бабыр Дәуренбек.

«ШЕТЕЛДЕ ТАНЫМАЛЫ ДА, СЫЙЛЫСЫ ДА – ТОҚАЕВ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен бұрынғы дипломаттар Қасым-Жомарт Тоқаевты «Қазақстан сыртқы істер министрлігінің негізін салушы, ел дипломаттарының жетекшісі, халықаралық дипломатияда салмағы бар тұлға» деп бағалайды.

Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, «Тоқаевтың 2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ бас хатшысының орынбасары ретінде БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігіне жетекшілік етуі Қазақстан дипломатиясына да, Тоқаевтың өзіне де жоғары баға болған».

Cенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың (сол жақта) Ресей патриархы Кириллмен кездесуі. 14 қазан 2014 жыл. Сурет сенаттың ресми сайтынан алынды.
Cенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың (сол жақта) Ресей патриархы Кириллмен кездесуі. 14 қазан 2014 жыл. Сурет сенаттың ресми сайтынан алынды.

- Егер Қазақстан шақырмағанда, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-дағы қызметін әрі қарай жалғастыратын еді. Конституция бойынша сенат төрағасы – президенттен кейінгі екінші лауазым. Мұндай лауазымға Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сенімді адамын ғана емес, халықаралық деңгейде танымал адамды тағайындауды көздегенге ұқсайды. Қазақстанның саяси тұлғаларының ішінде шетелде ең танымалы да, сыйлысы да – осы Тоқаев, – дейді Қазбек Бейсебаев.

Сыртқы істер министрлігінде ұзақ жылдар қызмет еткен Бабыр Дәуренбек Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби шеберлігіне жоғары баға береді. Оның сөзінше сыртқы істер министрлігінде кадрлардың көпшілігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдынан өткен.

- Ол министрліктегі қарапайым қызметкерлердің әрбірін аты-жөнімен айтатын, барлық оқиғадан хабардар болатын. Шетелге бара жатқан дипломаттарға кеңес беретін, қызметтен кететін елшілік қызметкерлерді де жеке қабылдап, мән-жайды толық түсінуге тырысатын. Тоқаев басқарған тұста сыртқы істер министрлігінде кадрлық бей-берекетсіздіктерге жол берілген жоқ, – дейді Бабыр Дәуренбек .

«ТОҚАЕВ – КӨЛЕҢКЕДЕГІ САЯСАТКЕР»

Үкімет басқарған жылдары Қасым-Жомарт Тоқаевты сол кездегі парламент мәжілісінің депутаты, «Отан» партиясының мүшесі, кейін оппозицияға кеткен саясаткер Болат Әбілов сотқа да бергенімен, кейін аяқсыз қалған. Болат Әбіловтің баспасөзге берген сұқбаттарына қарағанда ол осы әрекеті арқылы «премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаевқа шетелдік мұнай компанияларымен Қазақстан үкіметі жасаған келісімдерді халыққа көрсетуді мәжбүрлеуді көздеген».

Алайда Азаттық тілшісімен сөйлескен бұрынғы дипломаттар Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаржылық топтармен, бизнеспен қандай да бір байланысы бар екені туралы ақпарат көрмегенін айтады.

Серікбай Әлібаев.
Серікбай Әлібаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр қызметін атқарған жылдары мәжіліс депутаты болған Серікбай Әлібаев жоғары лауазымды шенеуніктердің бизнеске, Қазақстандағы жекешелендіру ісіне қатысы жоқтығына күмәнмен қарайды, бірақ ашық мәлімет жоқ деп санайды.

- Тоқаев 20 жылдан бері жоғары мансаптарды иеленсе де, елеулі оқиғаларға қатысты пікірін ашық білдірген емес. Ол премьер-министр қызметінде парламентке есеп беруге келгенде тура сұраққа жалтара жауап беретін. Мықты дипломат болуы мүмкін, бірақ экономиканы терең білмейтіні байқалатын, – дейді Серікбай Әлібаев.

Бұрынғы депутат 2001 жылы күзде Қасым-Жомарт Тоқаев басқарған үкімет құрамынан бір топ жас министрлер бөлініп шыққан кездегі оның мәлімдемесі де сәтсіз болды деп есептейді.

- Рахат Әлиевтің сол кездегі бизнестегі рейдерлігін сынға алған мемлекетшіл жас министрлердің әрекеттеріне ойластырып баға беру орнына оларды киндерсюрприздерге теңегені, сөйтіп «үкіметте не мен қаламын, не олар қалады» деп мәлімдегені қателік болған, – дейді Серікбай Әлібаев.

Қазақстан парламенті конституцияға Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеу жөнінде өзгеріс енгізген сәт. Солдан оңға қарай Рахмет Мұқашев, Орал Мұхамеджанов, Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 14 қаңтар 2011 жыл.
Қазақстан парламенті конституцияға Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеу жөнінде өзгеріс енгізген сәт. Солдан оңға қарай Рахмет Мұқашев, Орал Мұхамеджанов, Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 14 қаңтар 2011 жыл.

Серікбай Әлібаевтың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет жетекшісі ретінде де, сенат төрағасы ретінде де есте қаларлықтай іс жасаған емес.

- Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанына шыға алмайтын көлеңкедегі саясаткер, оған бөгет жасай алмайтын тұлға ретінде билікте отыр. Егер мемлекеттегі жоғары лауазымды екінші адам ретінде өз пікірін ашық айтса, бұрынғы сайлаулар кезінде де, биылғы сайлау науқаны кезінде заңсыздықтарға да тоқтау салуға үндейтін еді. Заң қабылдайтын сенат оның орындалуын да қадағалауына құқығы бар, – дейді Әлібаев.

«АЛДЫН-АЛА СЕЗУ»

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан сыртқы саясатының қалай жүзеге асырылғанын баяндайтын бірнеше кітаптың авторы. Оның еңбектерінде Қазақстанның сыртқы саясатымен қатар президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне, көбірек мән беріледі. Ол кітаптарында бұрынғы депутат Серікбай Әлібаев айтқандай ашық мәлімдеме жасамаса да, Қазақстандағы сайлауларға қатысты пікірлерін жазған.

«Күнгей мен көлеңке» аталатын кітабында ол 2005 жылы Қазақстан президенті сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың 91 пайызбен жеңіске жетуін халықтың әділ таңдауы, әділ сайлау нәтижесі деп көрсетеді. «Президент сайлауын бақылауға бұрын-соңды болмаған көлемде – 1500 бақылаушы келді. Олардың арасында Қазақстандағы сайлауға негативпен қарайтындары да болғандықтан, қорытынды қандай болатыны еш құпия емес еді» деп жазады ол.

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың (сол жақта) БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуі. Нью-Йорк, 4 наурыз 2015 жыл. Сурет сенаттың ресми сайтынан алынды.
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың (сол жақта) БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуі. Нью-Йорк, 4 наурыз 2015 жыл. Сурет сенаттың ресми сайтынан алынды.

Тоқаев аталған кітабында «ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы сайлауға байланысты қорытынды пікірлері үнемі алдын-ала белгілі болатын» деп еске алады. «Сайлаудан бірер ай бұрын үкіметтегі әріптестеріме ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқығы бойынша бюросының сайлаудан кейінгі қорытындысы қандай болатынын қалжыңдап айттым. Олар әуелі «бұрынғы сайлауларға қарағанда алға жылжу бар, бірақ кемшіліктер кездеседі, сондықтан сайлау халықаралық стандарттарға сай келмейді деген баға береді» дедім. Кейін бәрі менің айтқанымдай болды» деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол жуықта Венада ЕҚЫҰ парламент ассамблеясы отырысына барған сапарында ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқығы бюросы жетекшісі Михаэл Линкпен кездескен. Баспасөзге тараған ақпаратқа қарағанда, кездесу кезінде биыл наурыздың 21-інде өтетін ерте мәжіліс сайлауы мәселесі талқыланған. Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «сайлау процесіне объективті мониторинг жасауға бар жағдай жасалғанын, сайлаудың халықаралық стандарттарға сай өтетінін» айтып қайтқан.

XS
SM
MD
LG