Accessibility links

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстан халқының алтыдан бір бөлігі немесе 1,3 миллион адам аттанды. Оның 410 мыңы, яғни үштен бірі оралмады.


Советтік кезеңдегі Қазақстан тарихының көмескі тұстары мол. Соның ішінде қазіргі Қазақстанда әлі күнге дейін «Ұлы Отан соғысы» деп аталып келе жатқан Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының да көлеңкелі жақтары жеткілікті.

Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғысқа Совет империясының құрамдас бөлігі, отаршыл патша өкіметінің құқықтық мұрагері ретінде қатысты. Сондықтан қазіргі тәуелсіз Қазақстан билігі бұл соғысты өз ұлттық тарихының бір бөлігі деп есептеп, зор мақтанышпен атап өтеді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МОБИЛИЗАЦИЯ

Соғыстан бұрын Қазақстанда алты миллионнан астам адам өмір сүрді. Соғыс жылдары Қазақстаннан халықтың алтыдан бір бөлігінен астамы, яғни түрлі деректерге қарағанда 1 миллион 196 мыңнан 1 миллион 366 мыңға дейінгі адам майданға алынды. Оның 410 мыңы соғыстан қайта оралмады. Ал tarih.spring.kz деп аталатын Қазақстан тарихы бойынша электронды оқулықта басқаша мәліметтер келтіріледі. Оған қарағанда, ұрыс үстінде опат болғандар, жарақаттан қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендер және тұтқынннан қайта оралмағандардың барлығын қосқанда – 630 мың адам. Атап өтерлік жайт, бұл тізімге Қазақстаннан тыс жерлерден әскерге шақырылғандар мен еңбек армиясынан қайтпағандар қосылмаған.

Қазақстаннан 12 атқыштар дивизиясы, төрт ұлттық атты әскер дивизиясы, жеті атқыштар бригадасы, сонымен қатар екі ұлттық атқыштар бригадасы жасақталып, соғысқа жөнелтілген. Сондай-ақ Қазақстанда құралған 50-ге жуық полк пен батальон да осы санатқа қосылады.

Оның үстіне сталиндік режим Орта Азия мен Қазақстанның байырғы халықтарынан тұратын «еңбек армиясы» деп аталатын армия құрды. Қазақстан тарихы туралы оқулыққа қарағанда, еңбек армиясына тек
ГУЛАГ лагерьлерінің біріндегі тұтқындар.
Қазақстанның өзінен ғана 700 мың ересек адам алынған. Өнеркәсіп орындарындағы қара жұмысқа 670 мың адам тағы да шақырылған. Демек, Қазақстанның әрбір төртінші тұрғыны майданға не болмаса қара жұмысқа алынған деген сөз. Тылдағы қара жұмыс та майданнан кем болған жоқ.

Кей деректер бойынша, Қазақстандағы мобилизация деңгейі қос майданда қатар соғысқан Германиядағыдан екі есе жоғары болыпты. Мәселен, немістер халқының 12 пайызын әскерге алса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 24 пайыздан асып түскен. Қазақстанның бірқатар облыстарында соғысқа алынғандардың ішінде қазақтардың үлес салмағы 50-60 пайызға жетіп, кейде онан да асып түскен.

Қару мен құрал ұстауға жарамды азаматтарды жаппай мобилизациялау салдарынан 1943 жылдың соңына қарай республикада адам ресурсының түбі көріне бастады. Соның салдарынан 1944 жылы майданға шақыратын адам табу қиындап кетті. Басшы органдардың құпия тапсырмасы бойынша майданға алынатын адамдарды іздестіру, іріктеу, жөнелту жұмыстарымен партия және совет органдары шұғылданды.

СТАЛИНДІК САЯСАТТЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ

1941-1943 жылдары Совет әскері ойсырай жеңіліп, шегінгені мәлім. Дәл осы жылдары Қазақстаннан миллионға жуық адам соғысқа алынды. Олардың барлығы да негізінен осы заманғы соғыс техникасы мен тәжірибенің орнына тірі адамды қалқан еткен сталиндік саясаттың құрбаны болды.

Мұның айқын мысалдарының бірі – №106 Ақмола қазақ атты әскер дивизиясының бастан кешкендері. Автоматты айтпағанда, қарапайым винтовканың өзі толық берілмеген бұл дивизияны Харьков түбінде жалаң қылышпен жау танкілеріне қарсы салды. Кейін совет өкіметі қынадай қырылған бұл дивизияның құжаттарын да жойып жіберді. Ақмола атты әскер дивизиясының қаралы тағдырынан арада 68 жыл өткен соң ғана жұртшылық құлағдар бола бастады. Оның өзі – Макка Қаражанова секілді қарапайым қазақ қыздарынан құралған журналистер мен әуесқойлардың арқасында ғана.

Харьковтегі қазақ жерлестер ұйымының жетекшісі Макка Қаражанова Германиямен соғыстың алғашқы жылында аты-шулы Харьков «қазаны»
№106 Ақмолалық қазақ атты әскер дивизиясы. Сурет Харьковтегі қазақ жерлестер қоғамының жетекшісі Макка Қаражанованың "Наследники славы" сайтындағы жеке парақшасынан алынды.
сияқты сегіз алапат шайқас болғанын айтады. Мәселен, «Киев қазанында» қаза тапқандар мен тұтқынға түскен совет солдаттары мен офицерлерінің саны 600 мыңға жеткен.

Соғыстың бастапқы жылдары ең ауыр шайқастар өтетін алғы шептерге Қазақстан мен Орта Азиядан жасақталған әскери бөлімдер мен құрамалар жиі тасталған. Жоғарыда аталған №106 атты әскер дивизиясы мен атақты №8 Панфилов атқыштар дивизиясы – соның бір мысалы.

ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕҢІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

Қазақстанда жасақталған құрамалар Ленинград қорғанысына, Сталинград пен Курск түбіндегі шайқастарға, Днепр өзеніне өтуге және Украинаны, Белоруссия мен Молдованы, Балтық елдері мен Шығыс Еуропаны неміс әскерінен азат етуге қатысты.

Рейхстагқа алғаш ту тіккендердің бірі – қазақ Рақымжан Қошқарбаев. Сұлтан Баймағамбетов шабуылда бас көтертпей атқылап жатқан неміс дзотын өз кеудесімен жапты. Оқ тиіп, өртенген ұшағын жаудың әскери эшелондарының үстіне құлатқандардың ішінде Бақтыораз Бейсекбаев пен Нұркен Әбдіров те бар еді. Қазақтың қос қызы – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова батыр атағын алды. Осы соғыс кезінде батыр атағына ұсынылған Хиуаз Доспановағы тәуелсіз Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді.

Қазақтар немістер басып алған СССР аумағындағы ғана емес, Болгария, Югославия, Италия, Франция сияқты Еуропа елдеріндегі партизандық қозғалыстардың да бел ортасында жүрді. Олардың арасына Совет Одағының Батыры Зиямат Құсанов, партизандар Бошай Қанапиянов, Юсупов және тағы басқалар бар. Алайда оларды отандарында батырдың даңқы емес НКВД-ның ГУЛАГ-ы күтіп тұрды.

Кейбір деректерге қарағанда, партизандық соғысқа қатысқан қазақтардың саны 3,5 мың адамға жеткен. Олардың кейбірі партизан отрядтары мен құрамаларына жетекшілік етті. Мысал ретінде, Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов, Тоқтағали Жанкелдин, Ғалым Омаров, Нұрым Сыдықов, Сәтімбек Төлешев, Ғалым Ахмедияровтарды айтуға болады. Олармен бірге Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ағаділова тәрізді қазақтың партизан әйелдері де жау тылында шайқасты.

Қазақстаннан аттанған 500 солдат пен офицер Совет Одағының Батыры атағына ие болды. Оның 97-сі – қазақ. Жүзден астамы «Даңқ» орденінің кавалері атанды, бұл атақ Батыр атағымен тең. Төрт адам екі мәрте батыр атағын алды, олардың арасында ұшқыш Талғат Бигелдинов те бар.

СОВЕТТІК ИДЕАЛДАР

Совет Одағының Батыры атағын иеленген жеті қазақ Қазақстаннан тыс жерлерде тұрды. Соның бірі – Өзбекстаннан майданға аттанған Сабыр Рахимовты өзбек билігі өздерінің тұңғыш генералы ретінде таныды.

Екінші Белорусь майданына қарасты №37 Режица атқыштар дивизиясының командирі, гвардия генерал-майоры, Совет Одағының Батыры Сабыр Рахимов жеңіс күніне екі ай қалғанда Данцигте (қазіргі Гданьск, Польша) қаза тапты.

2011 жылдың қаңтарына дейін Сабыр Рахимовқа мемлекеттік деңгейде жоғары құрмет көрсетіліп келді. Ташкенттегі ең тәуір аудандардың бірі мен метро станциясына есімі беріліп, метро станциясының жанына, биіктігі екі
Бауыржан Момышұлы.
метр тұғырға батырдың төрт метрлік алып ескерткішін қойды. Алайда 2011 жылы 7 қаңтарда бұл ескерткішті орнынан алып, Ташкенттің Ғафур Ғұлам атындағы атындағы саяжайына апарып, аласа тұғырға орнатты.

Соңғы жылдары Өзбекстанда Совет Одағының соғыс даңқын паш етіп тұрған өзге де белгілер өзгертілді. Өзбек тарихын жазған кезде советтік тарихи деректерді дәріптеу доғарылды. Ал Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстағы советтік қолтаңбаны еселей көрсету дәстүрі әлі жалғасып келеді.

Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында Алматыда полковник Бауыржан Момышұлына арналған алты метрлік гранит ескерткіш бой көтерді. Бауыржан Момышұлы – совет заманында генерал-майор Сабыр Қасымовтан кейінгі рұқсат етілген деңгейде сый-сияпат көрген екінші қазақ. Бауыржан Момышұлына Совет Одағының Батыры атағы өзі қайтыс болғаннан кейін, ондаған жылдар бойы жазылған хаттардан соң, СССР тарайтын кездің аз-ақ алдына берілді. «Батырға осынау мәртебелі атақтың дер кезінде берілмеуіне және оның генерал шенінен қағылуына Мәскеулік кейбір шовинистер ерекше ықпал етті» деген сөз ел ауызында әлі күнге дейін айтылады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG