Accessibility links

Бала кезінде фашист тұтқыны болған жан


17 жасында Германияның еңбек лагеріне айдалған Екатерина Головко. Семей, 7 мамыр 2012 жыл.

17 жасында Германияның еңбек лагеріне айдалған Екатерина Головко. Семей, 7 мамыр 2012 жыл.

Қазір Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде балалық шағын Германияның еңбек лагерьлерінде өткізген жүзге тарта адам тұрады. Кезінде оларды «Отанын сатқан опасыздар» деп, шеттетіп келді. Қазірге дейін олар жеңіс мерекесі күндері елеусіз қалады.

Соғыс салған лаңның әр күні 88 жастағы Екатерина Головконың жадында күні кешегідей жаңғырып тұр.

17 жасар Катя Головконың балалық арман-мұраттарын соғыс таптады. Ол немістің тұтқынында болып, фашистердің әскери заводында белі бүгіліп ауыр жұмыс істеді.

Семейдегі ардагерлер есебінде қаршадай кезінде Катя сияқты тұтқын болған он адам тіркелген. Әр түрлі дерекке қарағанда, қазір Қазақстан бойынша олардың саны жүзден де аспайды.

БАБИЙ ЯР ҚЫРҒЫНЫ

Фашистер Киев қорғанысын бұзып, Полтава облысы Третьяков ауданына қарасты Сосновка ауылын басып алып, өз тәртібін орнатты. Өздерінің старосталары мен полицайларын қойды. Жас жігіттер мен қыз-келіншектерді жинап, Германияға жөнелтіп жатты.

Еврейлерді қалай қырғаны Катяның әлі есінде. Пасха мерекесі қарсаңында еврейлер тұратын үйлерді аралап шыққан немістер еңбектеген баладан еңкейген Нацист солдат балалы әйелді атып жатыр. Бабий Яр.

Нацист солдат балалы әйелді атып жатыр. Бабий Яр.

​шалға дейін сельсовет кеңсесінің алдына жиналуға әмір етті. Жұрт «еврей қауымын вокзалға аттандыру үшін жинап жатқан болар» деп ойлады. Оларды Бабий Яр шатқалына қарай алып жүргенін көрген кезде ғана еврейлердің бірін қалдырмай көзін құртатынын ұқты.

Эмма есімді жас келіншек кішкентай қызын иығына көтерген күйі топпен бірге бара жатты. Тоғайға тығылған ауыл балалары шатқалда болған қырғынды алыстан бақылап тұрды. Қырғын алдында Эмма неміс офицерінен рұқсат сұрап, баласын емізіп алады. Сосын сәбиін құшақтаған келіншекті сапқа тұрғызып, басқалармен бірге атып тастады.

Мәйіттерді көмген топырақ таң атқанша көтеріліп-басылып, жер астынан ыңырсыған үндер шығып жатты.

ЖҰМЫС КҮШІН АУЛАУ

– Германияға жөнелту үшін жастарды ұстауға Сосновкаға полицайлар келген кез 1943 жылдың тамыз айы болатын, – дейді Екатерина Головко. – Жаңа жұмыс күшін жинау үшін ауылымызға таяуда немістер келетінін естіп алғанбыз. Осының алдында ғана ауылымызда «Германияға кел!» деген үнпарақ таратылды. Оның бірінші бетінде жас жігіттер мен әйелдерге арналған үндеу басылыпты. Фашистердің қолына түсуден қатты қорыққан жастар күндіз орманға барып тығылатын. Түн ортасына қарай ауылға оралып, үйлеріне жоламай, шөмеленің астына, сиыр қораға түнеп шығатын. Қора-қопсының артқы есіктерінен шығып, тіке орманға баратын жолмен қашып кету оңай болатын.

Егер сол күні бұрымдарын кесіп, жуынып-шайынып алу үшін құрбысы екеуі үйлеріне келмегенде, бәлкім ұсталып қалмас па еді. Айлап монша көрмей, шаштарына су тимегендіктен, қыздардың ұзын шаштары биттеп кеткен еді.

Алайда Қызыл армияны жек көретін, өз еркімен екі қызын Германияға жөнелтіп жіберген көрші сол күні бұлардың үйінен шам жарығын көріп қалып, полицайларға айтып барады. Олар сол мезетте ауылға сау етіп жетіп келеді.

Катяның анасы қызы мен оның құрбысын үйдің төбесіне жасырмақ болып, сатымен жоғарыға шығарып жібереді. Бірақ келген бетте шатырға көтерілген полицай екеуін де жерге лақтырыпты.

Сол жолы ауылдан 17 жасқа толған жеті бойжеткенді алып кетті. Оларды вокзалға әкеліп, вагонға тиеп, екі сағаттан кейін поезбен Штутгарт қаласына жөнелтеді. Киевтің түбіндегі Драница бекетінде поезға шабуыл жасаған партизан жасағы тұтқындарды босатып алуға сәл-ақ қалады. Бірақ немістің қарауылшы жасағы сан жағынан басым болғандықтан, олардың әрекеті сәтсіздікке ұшырады.

ЖАЗАЛАУ

Тұтқындардың жаңа партиясын Штутгарттағы әскери заводқа әкеліп, ағаштан салынған баракқа орналастырды. Оларға кеудесінде ОST («Шығыс» деген мағынаны білдіреді) деген айырма белгісі бар жұмыс киімін берді.

Келген күні ешкімге тамақ бермей, «Өздерің әкелген тамақты жеңдер» дейді. Келесі күні таңғы алтыда тұрғызып, жұмысқа шығарды. Түскі асқа жарты сағат беріледі. Ауысым кешкі сегізде аяқталады.

Тұтқындардың ас мәзірінде суға қайнатылған шпинат, кейде буға пісірілген, кейде шикі тарна өсімдігі болды. Жан басына күніне 200 грамм нан беріледі. Суға Бухенвальд концлагеріндегі жұмысшы еврейлер. Германия, 16 сәуір 1945 жыл. (Көрнекі сурет)

Бухенвальд концлагеріндегі жұмысшы еврейлер. Германия, 16 сәуір 1945 жыл. (Көрнекі сурет)

қайнатылған екі түйір картоп тоқ ас болып есептелді. Тұтқындар тоқ болсын деп оны қабығымен жейді. Күніне бір рет ащы сұйық кофе береді, ал қалған уақытта су ішетін. Жұмыс ауыр болғандықтан оларды өзек талдырар аштық қысатын.

Бірде тағы да әуе шабуылы болып, лагерьдегілерді жер асты қоймасын паналауға апарды. Сол жолы еркектер барагынан бір бала қоймадағы шикі картопты қойнына толтыра тығып алды.

Айыпты баланың дарға асылғанын көрсету үшін таң ата бүкіл жасақ сапқа тұрғызылды. Өлім жазасына кесілген баланың өңі шүберектей қуарып кеткен. Оның аянышты кейпін көруге дәттері шыдамай жерге қарағандарды таяқтың астына алады. Бақылап тұрған күзетшілер дүркін-дүркін: «Барлықтарың қараңдар! Бұл – русиш швайн!» деп айқайлап қояды.

Баланың ақтық демі үзілер сәттегі денесінің дірілі Катяның көз алдынан көпке дейін кетпей қойды. Жұмыстан соң нарда жатып аунақшып, таң атқанша көз ілмей шықты.

ӘУЕ ШАБУЫЛДАРЫ

Қалада әуе шабуылы жиілей түсті. Бірде Катя жұмыс істейтін цехтағылар бомбадан тығылатын жерге уақытында жетіп үлгермей қалды. Келсе, бос орын жоқ. «Біз тірі қалғымыз келеді!» деп еңіреген қыздарға есікті сол күйі ашпай қойды.

Жанұшыра жүгірген әйелдер канализация құдығына барып тығылды. Ұйлығысқан адамның көптігі сондай, тұншығып қала жаздады. Кейін көбін ес-түссіз жатқан жерлерінен шығарып алып, естерін жиғызды.

Жан-жағынан адам қысып, ауа жетпей тұншығуға айналған сол бір сұмдық сәтте жақын туғандарымен қалай ойша қоштасқанын есіне алған Екатерина Головко былай дейді:

– Отбасымдағы алты адамның ешкімін ұмытып кетпес үшін саусақтарымды бүгіп, әрқайсысымен «Қош бол, анашым, әкетайым, әжем, атам, бауырым» деп қош айтыстым. Ал алтыншы адам кім екенін қанша тырыссам да, есіме түсіре алмадым. Тек баракқа келген кезде ғана алтыншы адам өзім екенін аңғардым.

МЕЙІРІМДІ ПАУЛЬ

Кейінірек заводты Урих қаласына көшірді. Бірақ ол жаққа көшкенмен, тыныштық орнамады. Әуе шабуылы кезінде тұтқындар тұрған ағаш барак өртеніп кетті. Енді оларды шлактан құйылған, не пеші, не едені жоқ баракқа көшірді. Жауыннан су болған киім түні бойы кеуіп үлгермейді.

Әсіресе түнгі ауысымда жұмыс істеу азап. Түнде ешкімге тамақ бермейді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Равенсбрюк концлагеріндегі тұтқындар. Германия. (Көрнекі сурет)

Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Равенсбрюк концлагеріндегі тұтқындар. Германия. (Көрнекі сурет)

Екатерина Головко «немістердің бәрі бірдей Гитлердің «Зингер Юнкерс» деген арнайы жасағы сияқты қатыгез емес екен» дейді.

Лагерь күзетшілерінің арасында мейірімді солдаттар да болыпты. Мысалы, күзетші Пауль Вернер мен оның әйелі коммунист жандар екен. Олар түнгі жұмыс арасында қыздардың сәл тынығып алуына рұқсат береді. Пауль ондайда «Тамақ жоқ, демек жұмыс та жоқ» дейді екен. Ара-тұра жұмысшы қыздарға кезекпен қосымша нан да беріп тұрыпты.

Осындай түндердің бірінде цехқа штабтың тексеру комиссиясы келіп қалады. Олар Паульдің рұқсатымен көз шырымын алып жатқан қыздардың үстінен түседі. Іле-шала айқай-шу, балағаттаған дауыс естіледі. Қыздардың зәре-құты қалмайды. Олар өздері үшін ғана қорықпайды, «Паульді атып тастар ма екен» деп қатты уайымдайды. Алайда бұл жолы тексерушілердің арасында қатыгездігімен аты шыққан көзілдірікті жуан неміс болмай өалып, бұл істі басып тастайды.

Катяның ауылында староста болған неміс те жүрегі жұмсақ адам болған екен. Ол басшыларының жоспарын тұрғындарға алдын ала хабарлап тұратын. Тіпті бірде немістердің мал жинап әкетуге келетін нақты күнін де айтып береді. Сол жолы тұрғындар сиырларын орманға тығып үлгеріпті. Сол старостаның арқасында ауыл малын құтқарып, аштықтан аман қалыпты.

ЖЕҢІС

Урих қаласын америка әскері басып алған кезде тұтқындар цехтан шығып ән салып, би биледі. Катя құрбысының қолынан ұстап әрең тұр. Әбден әлсіреген қыздар сенделектеп құлай жаздайды. Сол сәтте Катяның басы аштықтан емес, тұңғыш рет шаттықтан айналыпты.

Солдаттар қыздарды азық-түлік дүкеніне ертіп апарып, тойғандарша Қызыл армия құтқарған Освенцим тұтқындары. Польша, қаңтар, 1945 жыл.

Қызыл армия құтқарған Освенцим тұтқындары. Польша, қаңтар, 1945 жыл.

тамақтандырды. Дүкенде нан болмаса да, шұжық мол екен. Тамақты көп жеп қойған беларуссиялық екі қыз кешке қарай ішектері түйіліп қайтыс болды. Екатерина Головко «Америкалықтар мен француздардай емес, ағылшын солдаттары тұтқындарға жомарттық таныта қоймайтын» дейді .

Әскерилер тұтқыннан босағандарға Урихте қалып жұмыс істеуді немесе Америкаға баруды ұсынды. Туған жерде өздерін не күтіп тұрғанын сезген көп қыз Германияда жұмыс істеуге қалады. Кейбіреулері Америка, Франция, Англия, Польшаға кетті.

Ал Катя мен құрбысы үйге қайтуға бел буады. Бұлардың кім екенін, қайдан келе жатқанын білген соң-ақ поездағы совет жауынгерлері екеуіне «опасыз сатқындар» деп түртпектей қарап, сөйлеспей қойды.

ҮЙГЕ ҚАЙТУ

Қыздар ақыры туған ауылдарына жеткен кезде күн кешқұрым еді. 10 шақырымдық бекеттен үйге жеткенше қараңғы түсіп кетті. Катяны алдымен Бобик деген иті танып, қыңсылап, аяғына оратылып, үстіне қарғыды. Көршілерінің үйінде шоқындыру тойын тойлап жатқан әкесі де жетті. Анасы «Доня моя вирталась!» деп құшағын жая жүгірді. Көз жасына ие бола алмаған анасы түсінде өздерінің тоғандарында дәл Катяның мойны сияқты жіңішке мойынды үйрек жүзіп жүргенін көргенін де айтты.

Соғыстың соңына қарай ауылда ер-азаматтар қатары сиреп қалған еді. Катя әйелдер бригадасына қосылып, егіндікке жұмысқа шықты. Қараша айы жақындағанда мектеп директоры «оқуын бітірсін» деп, Катяны тоғызыншы сыныпқа шақырды.

Бұған бәрінен бұрын анасы қатты қуанды. Ол тұтқыннан оралған қызы енді совет мектебінің босағасынан да сығалай алмайды ғой деп уайымдап жүр еді. Ал әлжуаз, арық қызы ауыр жұмысқа жарамайтын еді.

Орта мектепті тәмамдаған соң Катя пединституттың филология факультетіне түсті. Институтта оқып жүргенде оны КГБ тергеуге жиі шақырып тұратын. Барған сайын «немістерге жұмыс істеуге өз еркіңмен бардың ба немесе мәжбүр болдың ба?» деп сұрай беретін. Кейін оны мазаламайтын болды.

Катя әскери дәрігердің оқуын бітірген ауылдасына тұрмысқа шықты. Күйеуінің қызмет бабымен екеуі әуелі Алтай өлкесіне, кейін Қазақстанға көшті.

Екатерина Головконың күйеуі осыдан он жыл бұрын қайтыс болыпты. Екі қызынан туған екі жиені бар. Жақында жиеншарын көріпті.

«ӘДЕМІ КИІНГЕНДІ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН»

Екатерина Головканың қыздары Азаттық тілшілерімен телефон арқылы сөйлескенде қалалық ардагерлер кеңесінің анасын жеңіс күнімен құттықтағанын ешқашан естімегендерін айтты. Ол кісіге сыйлық беріп, салтанатты шараларға шақырып 17 жасында Штутгарт әскери заводындағы лагерьде тұтқын болған Екатерина Головко. Семей, 7 мамыр 2012 жыл.

17 жасында Штутгарт әскери заводындағы лагерьде тұтқын болған Екатерина Головко. Семей, 7 мамыр 2012 жыл.

жатқанын да көрмепті. «Анамыздың өзі де бұған ешқашан өкпелеп көрген емес» дейді соғыс тұтқынының балалары.

Жеңіс мерекесінде тек өзін қадір тұтатын ұжымы ғана Екатерина Головкоға гүл ұсынып, сыйлық беріп жатады.

88 жастағы Екатерина Головко әлі күнге дейін суық суға шомылады. Жаз шыға қала сыртындағы саяжайын күтіп-баптауға кетеді. Құлағының сәл мүкісі болмаса, денсаулығында кінәрат жоқ.

Жаңа киім сатып алған сайын айна алдына барып: «Кәрі болсам да, әдемі киімді жақсы көремін» деп әзілдейді өзіне жымия қарап тұрған қыздарынан кешірім сұраған адам сияқты.

Екатерина Головко лагерьде әбден запы болған шпинатты күні бүгінге дейін жемейді. Ұйықтағанда қабырғаға қарап жатпайды. Басын көрпемен тұмшалап жабудан да қатты қорқады. Сонау бір күнгі бомбадан қашып, құдыққа тығылған көп адамның астында тұншығып жатқандай болады.

Бізбен босағада тұрып қоштасқан Екатерина Головко «мен 100-ге дейін өмір сүрсін деп тілеші» деді. Оның нәзік иығынан құшақтап тұрып, шын көңіліммен ұзақ ғұмыр тіледім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG