Accessibility links

Оқушылар қосымша дәріске зәру


Бірінші сыныпқа барған оқушылар. Алматы, 1 қыркүйек 2012 жыл.

Бірінші сыныпқа барған оқушылар. Алматы, 1 қыркүйек 2012 жыл.

Сарапшылар «қосымша оқу – мектептің сапасыз білім ошағына айналғанының көрсеткіші» дейді, ал білім басқармасы «радикалдық өзгерістер» жайлы айтады.

Алматы маңындағы ауылдардың бірінде тұратын Жомарт Османовтың қызы Бота бесінші сыныпта оқиды. Әкесі екі жылдан бері баласына орыс және ағылшын тілдерін қосымша үйретіп жүр екен. Ол баласының мектепте алатын біліміне көңілі толмайтынын айтады.

– Қалада балалар бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқитынын естиміз. Менің қызыма ағылшын тілі төртінші сыныпта бір-ақ «жетті». Оның өзінде аптасына екі сағат. Мұның себебін сұрағанымызда, «мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі жоқ» деп түсіндірді. Енді «жақсы болды ғой» десек, келген мұғаліміміз ағылшын емес, неміс тілін сырттай бітірген екен, – дейді Жомарт Османов.

Оның айтуынша, орыс тілінің мұғалімі мектеп директоры болғанымен, бұл сабақ та дұрыс оқытылмайды.

– Орыс тілі мұғаліміміз – мектеп директоры. Тиісінше оның негізгі директорлық жұмыстары бар. Сондықтан орыс тілі аптасына екі сағат екендігіне қарамастан, ол сабақ мұғалімсіз өтеді немесе басқа пәнмен ауыстырылады. Сондықтан қызым орысша дұрыс оқи алмай келеді, – дейді Жомарт Османов.

Ол амалсыздан айына 12 мың теңге төлеп, баласын қосымша оқытатынын айтты.

«МҰҒАЛІМНІҢ ТАБЫС КӨЗІ – РЕПЕТИТОР БОЛУ»

Алматыдағы 46-мектеп-гимназияда ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін, 40 жыл тәжірибесі бар ұстаз Елена Василенконың негізгі табыс көзі – репетитор болу. Қарт ұстаз үй-үйге барып 90 минут дәріс оқығаны үшін үш-төрт мың теңге алады. Оның сөзінше, «қазір білікті маман мектепке емес, беделді қызметке кетеді; ал мектепте қалғандардың негізгі табыс көзі – қосымша сабақтар».
Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын білуден жарықса түсіп жатқан оқушылар. Aстана, 20 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын білуден жарықса түсіп жатқан оқушылар. Aстана, 20 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)


– Біздің гимназия ағылшын тілін тереңдетіп оқытады. Арнайы кафедрамыз бар, мен сол кафедраны басқарамын. Қол астымда алты қыз жұмыс істейді. Оның екеуі ғана білімді, балалармен жақсы жұмыс істей алатындары. Ал қалғандары өте нашар, – дейді ұстаз.

Елена Василенко бірнеше жыл бұрын мектепті тастап, тек репетиторлықпен ғана айналысуды да ойлағанын айтты.

– Күніне 12 -14 сағаттан сабақ бердім, ақшасы да жақсы болған. Бірақ екі жаққа үлгеріп жүргендіктен таңдау жасамадым. Қазір маған көп хабарласпайды. Себебі қазір мектеп мұғалімдерінің негізгі табыс көзі – жалақы емес, қосымша білім беруден түсетін табыс. Сондықтан көп мұғалім репетиторлыққа кетті. Оған ренжудің де қажеті жоқ. Қарапайым мысал, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі айына 28-30 мың теңге алады. Мұндай жалақыны қайда жеткізуге болады! – дейді Елена Василенко.

Ол жетінші сыныпта оқитын немересін ағылшын тілі мен математика пәндерінен қосымша дәріске апаратынын, ақысына барлық зейнетақасын – 50 мың теңге беретінін айтты.

– Зейнетақым немереме, жалақым мен репетиторлықтан түскен табыс өзіме кетеді, – деп күлді Елена Василенко.

«БІЛІМСІЗ ҰРПАҚ БИЛІККЕ ҚАЖЕТ»

«Ұрпақ тағдыры – білім» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Ерсайын Ерғожаның ойынша, «баланы қосымша оқыту – орта мектептерінің сапасыз білім беру орталықтарына айналып бара жатқанының көрсеткіші».
Бізде жылына 2 мың мұғалім дайындалып отырды. Ал мектептер саны 8 мың 400-дің айналасында. Сонда төрт мектепке бір мұғалімнен келеді, ал ол қай пәннен екенін бір құдай біледі.

– Қазіргі орта мектеп ұстаздарының білімі төмен емес, білімі жоқ екендігі айдан анық. Бұрын барлық 16 облыста педагогтар дайындалса, 1997 жылы олардың барлығы қысқарып, екі-ақ қалада қалды. Кейін 2000 жылдан кейін 10 облыста қайта қалпына келді. Осы аралықта бізде жылына 2 мың мұғалім дайындалып отырды. Ал мектептер саны 8 мың 400-дің айналасында. Сонда төрт мектепке бір мұғалімнен келеді, ал ол қай пәннен екенін бір құдай біледі, – деді Ерсайын Ерғожа.

Ол «қазір жобамен алғанда елдегі мұғалімдердің 80 пайызы дұрыс дайындалып шықпайтынын, олардың әлеуметтік жағдайы мүлдем нашар екенін» сөз ете келе, үш миллионға жуық оқушының тағдырына алаңдайтынын айтты.

– Бүгінгі жастарды білімсіз қалдыру – биліктің әдейілеп істеп отырғаны. Себебі білімсіз бала айдағанға жүріп, кез-келген ағымға еріп кетеді. Сонда ғана халықты бір жұдырықта ұстап, мал сияқты айдауға болады. Кешегі ана террористер содан шығады, – дейді қоғамдық қозғалыс жетекшісі Ерсайын Ерғожа.

«РАДИКАЛДЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР»

Алматы қаласының білім басқармасынан келген жауапқа қарағанда, қалада 12 мыңнан астам педагог бар. Олардың 30 пайызға жуығы – жоғары біліктілік санатындағы, 23 пайызы – бірінші біліктілік санатындағы мамандар.
Ақтөбедегі орта мектеп. 23 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақтөбедегі орта мектеп. 23 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)


Басқарманың айтуынша, «біліктілікті жоғарылату жүйесінде радикалдық өзгерістер, атап айтқанда жаңа құрылымдар, үздік педагогтар жинақталған жаңа технологиялармен оқыту, Назарбаев зияткерлік мектептері жанындағы педогогикалық шеберлік орталығы жұмыс істейді. Ол орталыққа барған педагогтар Кембридж бағдарламасы аясында қайта даярланып, үш айлық курстардан өтеді. Осы күнге дейін бұл курсты бітірген 142 мұғалімнің негізгі айлығына 30 пайыз қосымша ақы төленеді».

Қалалық білім басқармасының дерегінше, мұғалімдер бес жылда бір рет аттестациядан өтуі тиіс.

Басқарма Алматыдағы мұғалімдердің орташа жалақысы, оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі және өзге де жеңілдіктер жайлы сауалымызға жауап бермеді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG