Accessibility links

ҰБТ үміткері де, мектеп түлегі де азайып барады


Ұлттық бірыңғай тест тапсырып шыққан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл.

Ұлттық бірыңғай тест тапсырып шыққан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл.

Биыл ҰБТ тапсыруға өтініш бергендер саны бұрынғыдан аз. Бұған 9-сыныптан соң оқушыларды сұрыптау, «мектептің беделін ойлау», білім жүйесіне сенбеу сияқты факторлар әсер етіп отыр дейді сарапшылар.

Жоғары оқу орнына түскісі келетін мектеп түлектерінің білім деңгейін анықтайтын ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) биыл 3-9 маусым арасында өтіп жатыр. Алматы облысы Талғар ауданындағы мектептердің бірін биыл бітіретін Елдос Досмұхаммедов ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сынағын тапсырмаған. Оның айтуынша, мектеп басшылығы тестіге «тек өте алатын оқушыларды ғана жіберген».

– Сегіз оқушының үшеуі ғана тапсырады. Былтыр бәрі тапсырып, өте алмағандар болды. Биыл енді сондай болмасын деген әңгіме ғой. Мектепте «өту балынан өтетіндері ғана барады, өте алмайтындар қалады» деді. Мен өзім де тапсырмаймын. Басында маған «ҰБТ-ға барасың» деп жүрді де, артынан көндіріп, бармайтын болып қалдым. Мектеп директоры «бармай-ақ қой» деді. Ал үйдегілер «өзің біл» деді, – дейді ол.

«БӘРІ ТАПСЫРСЫН ДЕГЕН ЕРЕЖЕ ЖОҚ»

Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, 2013 жылы ҰБТ тапсыруға мектеп бітірушілердің 69 пайызы – яғни 99 мың 565 бала ғана өтініш берген. Бұл – тестілеу жүйесі енгізілген он жылдың ішіндегі ең төменгі көрсеткіш.

ҰБТ тапсыруға өтініш берушілер саны (2005-2013) «Ұрпақ тағдыры – білім» қозғалысының жетекшісі Ерсайын Ерғожаның пікірінше, ҰБТ тапсырушылардың азаюына аймақтарда жиі кездесетін «мектептегі тазалау» әдісі әсер етіп отыр. Оның айтуынша, көптеген мектептерде басшылық «рейтингті құртпас» үшін үлгерімі нашар балаларды тестілеуге жібермейді, «қазір мектептегі барлық жұмыс сол тест қорытындысы бойынша бағаланады».
Қазір тестілеуге жіберу-жібермеуді шешіп отырған – мектеп директорлары мен аудандық оқу білімінің меңгерушілері.

– Мұндай фактілер ылғи қайталанып отырады. Мысалы, Отырар ауданында былтыр мектеп директорын «оқушыларың тестілеуде төмен баға алды» деп арыз жаздыртып, қызметінен алған. Қазір тестілеуге жіберу-жібермеуді шешіп отырған – мектеп директорлары мен аудандық оқу білімінің меңгерушілері. Бірін жіберіп, бірін жібермей қою емес, бәрін тест тапсыруға міндеттеу керек, – дейді ол.

Мұндай оқиғаға байланысты сәуір айында Оңтүстік Қазақстан облысы Леңгір ауданы «Ақбастау» мектебіндегі оқушылардың ата-аналары да шағымданған. Олар мектеп басшылығының «балаларын тестілеуге бармауға мәжбүрлейтініне» наразы болған еді. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов та 2012 жылы осындай жайттың Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында болғанын айтқан.

«Ар-намыс» ұйымының жетекшісі Ғалия Әміртаева. Алматы, 4 ақпан 2009 жыл.

«Ар-намыс» ұйымының жетекшісі Ғалия Әміртаева. Алматы, 4 ақпан 2009 жыл.

«Ар-намыс» ұйымының жетекшісі Ғалия Әміртаеваның пікірінше, «соңғы уақытта білімін объективті түрде бағалай алмайтын тестілеуге сенімсіздік білдіріп, ҰБТ тапсырмайтын оқушылар да көбейген».

– Оқушылардың көбі тестілеуден қорқып, жақсы оқитындары шетелдің оқу орындарына кетеді. Мысалы, қазір көп оқушылар Ресей мен Қытайға да кетіп жатыр. Мен өзім мектепте істеймін. Мұның бәріне куә болып жүрмін. Олардың арасында елге оралатындары аз. Жақсы оқитындарды шетелге жіберіп жатырмыз, – дейді ол.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиевтың айтуынша, елде ҰБТ-ға қатысу барлық түлектерге бірдей міндетті емес. Оның сөзінше, ҰБТ-дан Назарбаев интеллектуалдық мектебі мен халықаралық мектептердің түлектері, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың жеңімпаздары босатылады.

– Заң бойынша, ҰБТ тапсыруға міндеттілер тобына біріншіден биыл жоғары оқу орындарына түсушілер жатады. «Алтын белгіге» үміткерлер қатысуға міндетті. Егер колледжге тапсырғысы келсе немесе мүлде оқу орнына тапсырғысы келмесе, онда міндетті емес. «Барлығы міндетті түрде қатыссын» деген ереже жоқ қой, - деді ол.

«МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕР АЗАЙЫП БАРАДЫ»

Тест тапсырушылар санының азаюы кейбір облыстарда да айқын білінеді. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында 2013 жылы мектеп бітірушілердің тек 56 пайызы ғана ҰБТ тапсыруға ниет білдірген.

Ал Қызылорда облысында 2012 жылы 8 мыңнан астам түлектің алты мыңнан астамы ҰБТ тапсырса, 2013 жылы тек 1713 оқушы ғана қатысқан. Дәл осы облыстың әкімі Қырымбек Көшербаев ақпан айында тестілеу бойынша облыстың республикада артта келе жатқанына шүйіліп: «Оқушылары төмен нәтиже көрсеткен мектеп директорларын талантты да сауатты басшылармен алмастыру керек» деген болатын.

Мұғалімдер ҰБТ-ға қатысушы түлектер ғана емес, осы сынақтың әсерінен 11-сыныпты бітірушілер де азайып бара жатқанын айтады.

Қайназар орта мектебіндегі «соңғы қоңырау». Жамбыл ауданы, Алматы облысы. 25 мамыр 2013 жыл.

Қайназар орта мектебіндегі «соңғы қоңырау». Жамбыл ауданы, Алматы облысы. 25 мамыр 2013 жыл.

Білім және ғылым министрінің блогында желтоқсан айында жазылған төмендегі шағымда (хат иелері – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ақжайық ауылы мектебінің мұғалімдері) ҰБТ-ға байланысты оқушылар саны екі есе азайып кеткені туралы жазылған.

«Мектебімізді аудан бойынша алдыңғы орынға шығарамын деген мақсатпен ҰБТ-ға дайындық жұмыстарына жан сала кіріскен ол (мектеп директоры – ред.) оқушылар арасында ашықтан-ашық «тазалау» жұмыстарын жүргізді. Яғни тоғызыншы сыныптан кейін оқу үлгерімі шамалы оқушылардан «құтылып», оныншы, он бірінші сыныптарға тек сайдың тасындай іріктелген шәкірттерді көшірді. «Мектеп абыройына нұқсан келтіреді, ұстаздарды жерге қаратады, сүйтіп білім ошағының аудандағы рейтингін түсіреді» деп, «жарамсыз» оқушыларды өз өтініш-арыздарымен кешкі мектепке немесе өзге мектептерге ауысуға мәжбүрледі» деп жазады арыз иелері.

Бірақ Теректі аудандық білім басқармасының бастығы Светлана Шүкірова «аудан бойынша мұндай жайттар кездеспейтінін айтты».

– Ешқандай қысым жоқ. Бұл жерде баланың құқығы ғой бару-бармау. Оқушылар арасында «Ресейдің оқу орнына барамын, маған ҰБТ керек емес» деушілер де, «медколледжге барамын, ҰБТ керек емес» дейтіндер де бар. Мұндай жағдайларда ата-анасы, баласымен бірігіп отырып сөйлесіп, «ешкім қысым жасап жатқан жоқ» деген тұрғыда қолхат аламыз, – деді Светлана Шүкірова Азаттық тілшісіне.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев.

Ал ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиевтың айтуынша, ҰБТ-ға қатысушылар үлесі үнемі азайып келе жатқан жоқ.

- Кейбір жылдары өседі, кейде төмендейді. Бірақ 69 пайыз деген шынында да ең төменгі көрсеткіш. Меніңше, мектептердің өзінде колледждер туралы насихат жұмыстары әсер еткен секілді, – дейді ол.

Қазақстанда биыл ҰБТ маусымның 3-і күні басталды. Осымен 10-рет өткізіліп жатқан орта мектепті бітіруші оқушылардың білім деңгейін анықтайтын сынақ маусымның 9-ына дейін жалғасады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG