Accessibility links

Араб елдеріндегі толқулар жұма намазынан соң тіпті үдеп жатыр. Ал Қазақстан мешіттерінде жұма намаз алдындағы уағызда «билікке мадақтаулар айтылады» дейді дінтанушылар.


Египет халқы алғаш жұма намазынан кейін билікке қарсы наразылықтарын ашық білдіріп, көшеге шықты. Мамандардың пікірінше, билікке қарсы саяси топтар жұма күні жамағаттың мешітке көп жиналатынын пайдаланып, сол жерде үгіт-насихат жүргізіп, халықты көшеге алып шығып отыр.

ЖҰМАНЫҢ ҚҰТПАСЫНДА «БИЛІККЕ МАДАҚ АЙТЫЛАДЫ»

Қазақстан мешіттерінде жұма намаздан жарты сағат бұрын уағыз айтылады. Дінтанушылардың пікірінше, жұма намазы алдында айтылатын уағыздар тек исламды насихаттау, Алланы мадақтау, пайғамбарларды әспеттеу тақырыбында болуы қажет. Алайда «кейбір мешіттерде билікке мадақ айту көрініс бере бастады» дейді дінтанушы Бейбіт Сапаралы.

– Жұма намазы алдындағы уағыз кезінде жағымпаз имамдар жамағаттың наразылығын тудыратын жағдайға барып жүр. Мәселен, Астанада өткен саммитті айтады. Бұған халық қарсы. Олар мешітке парызын өтеуге және дін туралы білгілері келіп келеді. Тіпті, кейбір имамдар мүфтиді ұлықтайды, – дейді дінтанушы Бейбіт Сапаралы Азаттық тілшісіне.

«Осындай әрекеттердің кесірінен жұртшылық наразылық танытып, бой көтеруі мүмкін» дейді дінтанушы.

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Рустам Қамбаровтың айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл бойғы уағыздардың тақырыбын бекітіп береді. Сондықтан бекітілген тақырыптан тыс
"Орбита" мешітіндегі уағыз айтып тұрған имам. Алматы, 21 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
мәселелердің уағыз кезінде айтылуы мүмкін емес.

Бірақ Рустам Қамбаров қоғамда болып жатқан жағдайлар мешітке келуші жамағатқа уағыздалуы орынды деген пікір ұстанады.

– Мұсылманға қажет болса, саясатты айту керек. Себебі біз қоғамнан ешқашан бөлініп шықпаймыз. Сайлау туралы да айтуға болады. Өйткені мұсылман өзінің басшысын сайлауы керек қой, – дейді «Нұр Астана» мешітінің наиб-имамы Рустам Қамбаров.

Рустам Қамбаров «Нұр Астана» мешітінде болашақта жұма намазы уағызында президент сайлау туралы айтылар-айтылмасынан хабарсыз екенін жасырмады. «Өйткені Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекітіп берген уағыздар жоспары тек қана бас имамның қолында» дейді наиб-имам. Азаттық тілшісі жұма күнгі намаздан соң бас имамды жолықтыра алмады. «Ол кісі оқу орындарына уағыз айтуға кетті» деді мешіттегілер.

«САЯСАТТЫ ТЕЛЕВИЗОРДАН-АҚ АЙТЫП ЖАТЫР ҒОЙ»

Жұма намазына жиналған астаналық жағаматтың пікірінше, мешітке адам тек Аллаға құлшылық ету үшін ғана келеді.

– Менің түсінігімде, мешітке адам көтеріліс жасау үшін емес, Аллаға тәубе қылуға, жалбарынуға, бір Алладан басқа ешкімге құл болмауға, басқа ешкімнен ештеңе сұратпау үшін келеді, – дейді мамандығы жүргізуші Дәуірхан деген азамат.

Сәкен есімді оқытушының ойынша:

– Бізде дін саясаттан бөлек қой. Саясат өзгергенімен дін өзгермейді. Сондықтан уағызға саясатты қосудың қажеті жоқ. Мен мешітке күнәларымды кешірту үшін, ата бабаларыма дұға оқыту үшін келемін.

Астаналық тағы бір мұсылман Қасым да «Мешітте саясат туралы уағыз айтқан теріс» деп біледі.

– Саясатты телевизордан-ақ айтып жатыр ғой. Біз мешітке тек құлшылық ету үшін ғана келеміз, – деді ол кісі.

ЖҰМА НАМАЗЫНАН КЕЙІНГІ ТӨҢКЕРІСТЕР

Шығыстанушы Әшірбек Мүмінов араб елдерінде болып жатқан халық наразылығы жұма күні болса да, жұма намазы алдында нақты ол туралы уағыз айтылады дегенге күдікпен қарайды. «Имамдардың ондай әрекетке баруы мүмкін емес» дейді.

– Бұл елдер ежелден ислам дінін ұстанған ел болғандықтан жұма намазына барлығы барады. Сол жерде билікке қарсы саяси ұйым жетекшілері намазға
Мухаммед әл-Барадей Каир мешітінде. Египет, 28 қаңтар 2011 жыл.
келген жамағатты үгіттеп көшеге алып шығып отыр. Оның үстіне халықтың да билікте көп жыл отырған басшысына өкпелері бар, – дейді шығыстанушы Әшірбек Мүмінов.

Ал дінтанушы Бейбіт Сапаралының пікірінше, былтыры Қырғызстан болған, биыл араб елдерінде болып жатқан төңкерістің басы-қасында діндарлар жүр. «Өйткені билікке қарсы шыққан наразы топтың бірінші талаптары – түрмеде отырған діни ұйым өкілдерін босату» дейді ол.

– Былтыр Қырғыз елінде билікке қарсы бас көтергендер ең алдымен мүфтиятты басып алды. Бұған көп ешкім назар аудармады. Олар сотталған діни ұйым өкілдерін босатуды талап етті. Биыл Мысырда да наразы топ түрмедегі діншілдерді босатуды сұрады, – деді дінтанушы Бейбіт Сапаралы Азаттық тілшісіне.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG