Accessibility links

Асық ойнауды ұнататын ақсақал


Лазо Төлеубекұлы, күзетші. Алматы, 1 қыркүйек 2011 жыл
Лазо Төлеубекұлы, күзетші. Алматы, 1 қыркүйек 2011 жыл

Советтік Қазақстан пен тәуелсіз Қазақстандағы адамдардың тағдырында еш айырмашылық жоқ дейді Лазо ақсақал. Асық ойнауды ұнататын ол өзінің күнкөріс үшін емес, уақыт өткізу үшін күзетші болып жүргенін айтады


Лазо Төлеубекұлы - Алматыда кезінде мемлекет қарауында болған, қазір жекешеленген мекемелердің бірінде күзетші. Жасы жетпіс екіге келіпті.

КҮЗЕТШІЛІК КҮНКӨРІС ЕМЕС

Үш күнде бір рет күзетшілік қызметін атқарып, қалған екі күнін саяжайда өткізетін ақсақал "Бұл жұмыстың қиыншылығы - түнде" дейді.

Ақсақалдың айтуынша кеш қараңғылығы түсісімен қаланың төменгі жағындағы осы мекеме маңына ішімдік ішкендер мен қаңғыбастар көбейіп кететін көренді.

– Мен - тәртіптің адамымын. Кеш болысымен ішіп алғандарды ауладан қууға шығамын. Күзетке шыққан әрбір түнім осылай өтеді,-дейді ақсақал. Бірақ Лазо қария кезінде өзінің де ішімдікке үйір болғанын жасырмады.

Алайда бір демде қойып кеткен ол 20 жылдан бері ішімдікті татып алмаған екен. Ол 20 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздігін алғанда үлкен өзгерістер күткенін, алайда соның ақталмағанын айтады.

Лазо қарт күзетшілікке күнкөріс үшін емес, уақыт өткізу үшін келетіндігін де жасырмады.

– Кемпірім дүниеден озған. Қызыммен тұрамын. Бір күн осында боламын. Қалған екі күнімді саяжайда өткіземін, - дейді ол.

Біздің бір байқағанымыз, бұл мекемені күзететіндердің барлығы - қарт адамдар. Лазо ақсақалдан мұның сырын сұрағанымызда күліп алып:

- Қарағым, бұлардың төлейтіні - 25 мың теңге. Есі дұрыс, дені сау жас адам ол ақшаға бола есік күзетіп отыра ма? Кәрілер, әйтеуір, пенсияма сеп болсын деп шығады ғой,-деп жауап берді.

"ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ" БАЛАСЫ

Лазо ақсақал жетпісті желкелесе де асық ойнауды ұнатады. Жиырма шақты асық пен бірер сақа және бір ақсүйек салынған қолдорбасын жанынан тастамайды.

– Жас күнімде ақсүйекті көп ойнадым. Қазіргілер ақсүйектің не екенін білмейді. Жастарға соны көрсету үшін алып жүрмін, - деген ақсақал «асық балалардың ойыны ғана емес, ол адамды мергендікке үйретеді» деп есептейді.

– Немереммен бірге ауладағы балаларды жинап асық ойнаймын. Мені көргенде "Мерген ата келе жатыр" деп шулап қарсы алады. Қазір көзім онша көрмей жүр. Сонда да асықты жанымнан тастамаймын, - дейді.

Ғұмырының көп бөлігін қалалық таксопаркте таксист болып өткізген Лазо ақсақал небәрі жеті жылдық білім ғана алған екен.

– Бала күнімде құлағыма сіңіп өскен сөз «халық жауының баласы» болды. Әкем Төлеубек 1932 жылы Семейде "Социалды Шығыс" газетінде аға тілші болып жүріп Меркеге жер аударылыпты. Өмірінің соңына дейін қуғында болды. Ақырғы рет 1946 жылы тұтқындалып, 1954 жылы түрмеден шықты, -деген ақсақал оқи алмауы осы оқиғаның кесірі екенін айтады.

Балалық шағы Мұрат Әуезов, Болат Жансүгіровтармен бірге өткен Лазо ақсақал "Мұрат пен Болат Фатима апаның арқасында кемдік көрмей өсті. Мен қиын жылдар қырсығынан оқи алмадым. Ешкі бағып, отын тасыдым. Тырма айдап, тракторист болдым",- дейді.

"ҚҰЛДЫРАП БАРАМЫЗ"

– Алпысыншы жылдары Меркеден алғаш Алматыға келген тұста өте қиын еді. Мен қалалық таксопаркте істедім. Жазушылар одағында да жүргізуші болдым. Сәбит, Ғабиттен бастап Қасым Қайсеновке дейінгі мықтылардың барлығын тасыдым. Әнуар Әлімжановпен жақсы араластым. Өте сыпайы, нағыз зиялы жан еді, зиялылықты сол кісіден ғана көрдім -деп сағынышпен еске алады.

Өз уағында қазақтың танымал ұлдарымен біршама дәмдес болғандығын айтқан ақсақал "Кейін Алматы - Жамбыл арасында автобус жүргіздім" дейді.

Сол тұста кемсітушілікті көп байқағанына тоқталған Лазо ақсақал:

- Тәуелсіздік алсақ та елдің бейшара күйі сол тұстан алысқа кеткен жоқ. Керісінше - құлдырап барамыз. Тіл мәселесі де бір қадам алға жылжымады, - дейді.

"ҚОҒАМҒА ЕМЕС - ҚОҒАМНЫҢ САЯСАТЫНА ҚАРСЫМЫН"

Лазо ақсақал күзетшілік кезегі аяқталғанда, қалған уақытын саяжайда өткізеді.

– Мен гүл өсірумен айналысамын. Оны жұлып біреуге сыйлау немесе сату үшін емес, әдемілік үшін. Саяжайымда таңқурайдың бес түрі, құлпынайдың бес түрі бар. Барлығын өз қолыммен отырғызып, өсірдім - дейді.

"Жасыңыз жетпістің екісіне келіпті. Жас күніңізде көрген бейнетіңіздің зейнетін көріп үйде жатпайсызба?"- деген Азаттық тілшісінің сұрағына ол:

- Мен кейінгілерге үлгі көрсетуім керек. Қазір ақыл айтатын, өнеге көрсететін ақсақалдар азайып кетті. Барлығының айтатыны - баланың сөзі, - деп жауап қатты.

– Мен асарымды асап, жасарымды жасадым. Маған ештеңенің керегі жоқ. Алатын 25 мың теңге зейнетақым мен мына жерден алатын азын-аулақ тиыным өзіме жетеді. Мені назаландыратыны – қалаға келіп жатқан қазақ жастарының болашақ тағдыры, -деген Лазо ақсақал әңгімесін "Мен қоғамға емес - қоғамның теріс саясатына қарсымын. Халық қайыршы болып кетті. Кешегі соғыстан кейінгі менің балалық шағым дәл қазір көз алдымда қайта өтіп жатыр",- деп аяқтады.
XS
SM
MD
LG