Accessibility links

"Протон-М" апаты зардабынан келген шығын белгілі болды


"Протон-М" зымыран тасығышы. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.

"Протон-М" зымыран тасығышы. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.

Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі "Протон-М" зымыран тасығышы апатынан келген экологиялық зардап шығыны 13 миллиард теңгеден асқанын айтты.

Ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышының 2 шілдеде апатқа ұшырауынан экологияға 89 миллион АҚШ доллары (13 миллиард 690 миллион 747 мың 305 теңге) көлемінде зардап келтірілді деп хабарлады Қазақстан қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік 2 шілдеде Байқоңырда құлаған "Протон-М" зымыран тасығышының қоршаған ортаға зияны экономикалық есептеу ережелері бойынша жасалғанын айтты.

«Ведомстволық комиссия апаттан кейінгі экологиялық залалды есептегенін, Ресей жағы залал шығыны есептелген цифрлармен танысып, оны талқылап жатқанын» бұдан бір апта бұрын, 15 қарашада қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Бектас Мұхамеджанов мәлімдеген. Бірақ ол кезде шығын сомасы айтылмаған.

2013 жылы 2 шілде күні ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді.

Апаттан соң екі күн өткенде Ресейдің «Роскосмос» ғарыш агенттігінің басшысы Владимир Поповкин «зымыран тасығыш құлаған жер экологиялық тұрғыдан қауіпсіз» деп мәлімдеген.

«2 шілде күні Байқоңырдағы апатта шамамен 200 тонна гептил мен 400 тонна амил түгел жарылып кетті. Апат орнында ені 20 метр, ұзындығы 40 метр, тереңдігі 7 метр шұңқыр пайда болды. Ал қоршаған ортаға зиянды салдарын біз таба алмадық, өйткені барлығы жанып кеткен» деді ол.

Апаттан соң Қазақстан «Ресейдің Байқоңырдағы жұмысына разы емес» екенін білдірді. Байқоңырда өткен, зымыран апаты зардабын жою жөніндегі комиссия отырысында «Роскосмосқа» Қазақстан өкілдері бірнеше ескерту айтқан. Осы отырыста Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі бірігіп, осындай апаттардың зардабын өтеуге қатысты методика жасап жатқаны хабарланған.

Апат орнындағы зиянды заттардың шектік концентрациясы туралы екі елдің ақпараты екі түрлі болды. Қазақстандық мамандардың бағалауынша ол 660-тан 330-ға дейін, ал ресейлік мамандардың есептеуінше 130-дан 10-ға дейін төмендеген.

Апаттан кейінгі айларда қазақстандық белсенділер Ресейдің Байқоңырдан гептил қолданатын зымырандар ұшырмауын талап еткен бірнеше акция өткізді. «Роскосмос» зымыран ұшыруға қарсы шаралар өтіп жатқан кезде, 30 қыркүйекте Байқоңырдан тағы бір «Протон-М» зымыран тасығышын ұшырды. Ресей бұдан кейін де бірнеше «Протон-М» (26 қазанда және 12 қарашада) ұшырған.

Ресей Қазақстанға тиесілі Байқоңырды 1994 жылдан бастап жалдап, жылына 115 миллион доллар төлеп, 2050 жылға дейін толық пайдалануға рұқсат алған. Соңғы кездері екі ел Байқоңырға байланысты бірнеше рет келіспей қалып, қосымша келіссөздер өткізген. 2013 жылы қаңтар айында Қазақстан үкіметі «биыл Ресейдің пайда табу мақсатында ұшыратын «Протон-М» зымырандарын азайтамыз» деп мәлімдеген еді. Ресей ғарышқа 17 зымыран ұшыруды жоспарласа, Қазақстан солардың 12-сіне ғана рұқсат беретінін айтқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG